«Халық қатысатын бюджет» туралы не білеміз?

«Халық қатысатын бюджет: ашықтық пен тиімділікті арттыру әдісі». Алматыда осы тақырыпта БАҚ өкілдеріне семинар-тренинг өткізілді. Оған Қостанай облысынан 8 журналист қатысып келді. Олардың қатарында біз де болған едік.
Іс-шараға Қазақстанның бірқатар өңірлерінде, оның ішінде Рудныйда әлеуметтік жобаларды іске асырумен белсенді айналысып келе жатқан ERG компаниясы қолдау білдірді. Ал ұйымдастырушы – «Qalam» инновациялық білім қоры.
Бірінші күні журналистерге арналған дәрісті Қазақстан Республикасындағы Тель-Авив университетінің достар қауымдастығы вице-президенті Сәния Арапова жүргізді. Ол «Халық қатысатын бюджет» жобасының қай қалаларды жүзеге асып жатқанынан ақпарат беріп өтті.
Халықтың қатысатын бюджет – қалалардың, кенттердің инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тұрғындардың ұсыныстарын іске асыру мүмкіндігі. Мұны жергілікті бюджет қаражаты есебінен де, ірі кәсіпорындардың ақшасы есебінен де жүзеге асыруға болады.
Мысалы, Қостанайда өткен жылы бес жоба жұртшылық тарабынан қолдау тапқан еді. Атап айтқанда, төрт аулада (Абай, Ворошилов, Садовый, Дзержинский көшелерінде) балалар алаңын және 8-ші шағын ауданда бір спорт алаңқайын салу ұсынысы көп дауыс жинаған. «Дауыс жинау» демекші, тұрғындар ұсынысы әуелі жергілікті әкімдік жанынан құрылған сарапшылар комиссиясында қаралып, содан кейін барып қала (кент) әкімдігінің рсеми сайтында жарияланады. Сол жерде жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталады.
«Бұл жобаның негізгі мақсаты – азаматтарды бюджет қаражатының бір бөлігін бөлу процесіне қатыстыру, олардың айналасына, тұрған жеріне деген сүйіспеншілігін, жауапкершілігін арттыру», – деп түсіндірді Сәния Арапова.
Мұны алғашында ERG компаниясы әлеуметтік жоба ретінде жүзеге асырып келген. Кейін кең таралып, мемлекеттік басқару жүйесі тәжірибеге енгізіп көрді. Біріншіде ТҮКШ-ге бөлінетін бюджеттің 2 пайызы осы жобаға тиесілі болса, қазір «10 пайызды халық өзі бөлсін» деген қағиданы ұстанып отыр.
Аталмыш компанияда «Туған қала» жобасы бар. Ол да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде жұртшылықтың туған өңірін дамытуға, абаттандыруға қатысуын белсендіріп отыр.
«Халық қатысатын бюджет» жобалары негізінен аумақты көгалдандыру, тротуарларды дұрыстау, пандустар салу және жөндеу, қоғамдық орындарды (саябақтар, тынығу аймағы және өзге де нысандар) қалыпқа келтіру, жолжиектерді, тастөсемдерді, тіреу қабырғаларын жөндеу жұмыстарына арналуға тиіс. Сонымен бірге, аулалардағы балалар алаңқайы мен ересек тұрғындардың тынығуы үшін орындарды ойластыруға болады. Спорттық (корттарды, баскетбол, волейбол, тренажер алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және тарату жобалары да кіреді.
Алатау бөктеріндегі мегаполисте бұл жұмыс қалай жүргізіліп жатыр? Бұл турасында Алматы қаласы әкімдігінің «OpenAlmaty» қоғамдық қабылдау бөлімінің директоры Дәурен Мажренов айтып өтті.
– «Халық қатысатын бюджет» жобасын Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы Алматы әкімдігі іске асырды. Арнайы budget.open-almaty.kz порталы әзірленді. Өтінім беруден бастап дауыс беру қорытындысын шығаруға дейінгі барлық кезеңдердің тетіктері сынақтан өтті. Сөйтіп тамыз айында қала тұрғындарының идеялары мен ұсыныстарын жинау басталды. Алматының 8 ауданының әрқайсысына қала бюджетінен 800 млн теңге бөлінді. Қазан айында үздік деген 333 бастамаға дауыс беру басталып кетті. 2020 жылы 49 жеңімпаз жоба іске асырылды, – деді Дәурен Мажренов.
Семинар тәлімгерлері журналистерге «Халық қатысатын бюджет» тақырыбын жазуда нені ескеру керек екенін, жиі жіберілетін қателер және заңнамалар туралы мағлұмат беріп өтті. «Qalam» инновациялық білім қоры мұндай зерделі жиындар әлі ұйымдастырылады деп отыр.
Ал өңірлерден барған журналистер мұндай семинар-тренингтердің берері мол екенін айтады. Тренинг соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
«Қостанай таңы» газеті алдағы уақытты бұл тұрғыда жүзеге асатын жобалар туралы кеңінен жазатын болады.
Аслан ҚАНҒОЖИН
суреттер «Qalam» инновациялық білім қорынан​.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓