Жыл айрығындағы жәрмеңке
Қостанайлық жұртшылық жылдың соңғы жәрмеңкесіне асықты. Сауда сөрелері Әл-Фараби даңғылы мен Алтынсарин көшесі қиылысынан орталық әмбебап дүкеніне қарай созылта қойылған. Таңғы сағат тоғызға жоспарланған жәрмеңке уақытынан бұрын басталып кетті. Тұрғындар алдымен жұмыртқа, сұйық май, бройлерге кезекке тұрды. Айтуларынша, мұндағы тауар дүкендердегі бағадан әлдеқайда арзан. Айталық, жәрмеңкеде «КоКо» және «Жас қанаттың» ондық жұмыртқасы 400, бес литрлік жергілікті сұйық май 3800, бітеу тауық етінің әр келісі 1000-1040, үндіктің келісі 2400 теңгеден саудаланды.«Бір аяқ жылқы етін алдым. Келісі 2600 теңгеден. Амангелді ауданынан әкелінген жас мал екен, еті жұмсақ деп берді. Бұған дейін де жәрмеңкелерде ет сатып алып жүрміз. Әйтеуір әр кезде қызылдың жақсысына жолығып келеміз», – деді Асхат есімді қала тұрғыны.
Жәрмеңкеде жылқы еті қазысының қалыңдығы мен жасына, жеріне қарай 2500-2700 аралығында. Ал сиыр 2100-2300 шамасына. Қой етінің келісі 2300 теңгеден. Тұтас қойды таразыға салып алсаңыз, салмағына қарай 60-70 мың теңгеге шығады.
Жәрмеңке болған соң аудан-қалалардан келген ауыл шаруашылық тауар өндірушілері бұл жерге ел ең көп тұтынатын ұн, балық, араның балы, ірімшік, май, маргарин, құрт ала келген. Әрине, жылдың соңғы әрі жаңа жылдың алдындағы жәрмеңкесі болғандықтан, кейбір сөрелер екі-үш сағат ішінде босап қалды. «Бүгінгі облыс көлеміндегі жәрмеңке жыл басынан бергі тоғызыншы. Бұған дейінгі сегіз шарада 660 миллион теңгенің 1062 тонна өнімі саудаланды. Ертең, 25 желтоқсанда сағат онда Н.Назарбаев даңғылы 193 мекенжайындағы «KostanayPlaza» ойын-сауда орталығының «Фермерлік базарында» оныншы жәрмеңке ұйымдастырылады», – деді Қостанай қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әсет Әлмұхан.