Көшбасшы қыздар форумы
Аймаққа белгілі де беделді нәзік жандылар Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсының форумында бас қосты. Іс-шарада көшбасшы қыздар клубының жұмысы қорытындыланып, белсенді қыз-келіншектер сертификатпен марапатталды.
Ең алғашқы көшбасшы қыздар клубы былтыр Қостанай қызмет көрсету саласының колледжі базасында құрылған. Бүгінде облыс аумағында жеті клуб жұмыс істейді. Оның құрамында түрлі салада еңбек етіп жүрген үздік, үлгілі қыз-келіншектер бар. Мемлекеттік қызмет, басқарма құрылымдарында ұзақ жылдар табысты еңбек еткен нәзік жандылар жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, жас толқынға бағыт-бағдар береді. Клуб жұмысының негізгі мақсаты осындай.
Форумда «Әйелдер саяси көшбасшылығы мектебі» жобасының бағдарламасы бойынша оқу курсын сәтті аяқтаған жиырма қатысушыға сертификат табысталды.
-Біздің өңірде әр түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының 34 %-ін әйелдер құрайды. Бұл – республикада ең жоғары көрсеткіш. «Әйелдер және саясат» бағытында Қостанай облысы еліміз бойынша көшбасшы екенін еске салғым келеді. Саяси көшбасшылар мектебінің жұмысы жылдан жылға жанданып, мықты кадрларды даярлауда, – деді клуб басшысы Гүлвира Құдайқұлова.
Іс-шараның барысы туралы газетіміздің алдағы санында толығырақ баяндаймыз.
Қымбат Досжанова