Елден береке кетпесін

Қаңтар оқиғасында құрбан болғандарды еске алу мақсатында оңтүстік астанамыздағы орталық алаңда «Тағзым» мемориалы ашылды. Ол жайлы әлеуметтік желілер мен желі басылымдары жазған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы нысанның ашылуына барып, арнайы қатысқан еді.
       2022 жылдың басы дүрбелеңге толы оқиғамен басталғаны бәріне аян. Ірілі-ұсақты сауда орталықтары, ел мүддесі үшін маңызды болып саналатын ғимараттарға зиян келді. Бұзақылардың шабуылы жазықсыз жандарға да оңай соқпады. Мемлекеттің саяси жүйесі мен бірлікте ғұмыр кешіп жатқан халықтың тірлігін бұзғысы келген белгісіз топтардың басбұзарлықтарын айтып түгесу мүмкін емес. Алайда, өткен күн тарих болғандықтан ел жадында "Қаңтар оқиғасы" мәңгіге сақталары анық. 
      Ендігі кезекте Құдайдан тілеріміз елдің бірлігінің тұрақты, Жаңа Қазақстан ауызбіршілігінің берік болуы. Мемлекет басшысы мемориалдағы сөзінде "Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік" деп атап өткен еді. Ашылған мемориалдың еліміз үшін маңыздылығы жоғары. Себебі тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ екенін еске салып тұратын секілді. Халқымыз амандықта, мамыражай тірлікте күн кешсін. Ақсақалдарымыз жастарға үлгілі сөз айтып, жастарымыз құйма-құлақ болуын Хақ тағала нәсіп қылсын!

Есім ДАУЫЛБАЙ,
Аманкелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓