Мерейлі, Өнегелі, Парасатты
Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Биылғы конкурста бақ сынаған 126 отбасы ішінен үш әулеттің есімі ерекше аталды.

Облыс орталығында өткен салтанатты жиынға 20 отбасы шақырылды. Оларды облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов құттықтап, ел бірлігінің берік, тірлігінің берекелі болуы отбасындағы мықты тәрбиеге байланысты екенін атап өтті.
Биыл байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары 3 номинация бойынша анықталды. Қостанай ауданы атынан қатысқан Батырбаевтар спорттағы жетістіктерімен дараланып, «Өнегелі отбасы» атанса, Денисов ауданынан келген көпұлтты жанұя Бабамурадовтар «Парасатты отбасы» номинациясын иеленді. Ал «Мерейлі отбасы» атағы Жітіқара ауданындағы Тұрсыновтар шаңырағына бұйырды. Жеңімпаз болған отбасының басты ерекшелігі – көп балалы әрі шығармашыл.
«Бірінші бақыт – татулық. Үлкенге құрмет көрсету де біздің үйдегі бұлжымас ереже. Махаббат салтанат құрмаған шаңырақта береке тұрақтамайды. Әкеміз бен анамыз балаларына ешқашан қатты ұрысып көрген емес. Біздің де ұл-қызымыз солай өсіп келеді», – дейді отбасындағы ортаншы бала Асылбек Тоқтарбайұлы.


Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.