Электрон електен өтем дегенше…
Қостанайлықтар қалалық автобустарда жол жүрудің электрондық төлеміне биылша қол жеткізе алмайды. Егер бұған дейін жүйені іске қосу мерзімі осы жылдың 25 желтоқсанына белгіленген болса, енді бұл 2020 жылдың 25 наурызына шегеріліп отыр.Осы жыл қостанайлықтар үшін қалалық маршруттар бойынша жол жүру құнын электрондық тәсілмен төлеу жаңалығымен аяқталуы тиіс еді. Алайда желтоқсан айы танау астына таяды, ал ұсыныс әлі де іске аспаған күйінде қалып отыр.
"Көп айлық кідіріс қазіргі уақытта қайта жандана бастады. Қостанай тасымалдаушылары арасында валидаторлар және электрондық билеттеу жүйесін енгізу бойынша салынатын инвестор-компанияны табу үшін жұмыс жүргізілуде. Біз қала басшылығынан осы мәселені қаржы жағы шешілгенге дейін кейінге қалдыра тұруды сұраймыз", – деді "Компания STA" ЖШС директорының орынбасары Юрий Панасенко.Бұған жұмсалатын қаржы 50 миллион теңгеден кем емес. Тасымалдаушыда мұндай қаражат жоқ. Олардың мерзімі ғана бар – 25 желтоқсан, енді қалыптасқан жағдайға байланысты бұл аралық уақыт аса тығыз. Сондықтан валидаторларды орнатудың соңғы уақыты алдағы жылдың 25 наурызы болып белгіленіп отыр. Осы кезге дейін тиісті инвесторды табу қажет, бірақ олардың да өз талаптары болары сөзсіз.
"Осы қызметтер нарығында бар компаниялар, әдетте, электронды төлем жүйесін орнатқаны үшін қолданыстағы тарифтен белгілі бір пайыз алады. Бірақ біздің тарифіміз жоқ. Тарифті арттыру мәселесі жұртшылық тарапынан қолдау көрмейді, сәйкесінше басқа нұсқаларды қарастырамыз", – деді Қостанай әкімдігінің ТКШ бөлімінің басшысы Алексей Тарасов.
Тарифтің өсуі туралы мәселе әзірге сөз болып отырған жоқ. Инвесторлармен келісімге келудің басқа тәсілдері қарастырылуда. Тасымалдаушылардың өздері валидаторлар жүйесін емес, QR-кодтарды енгізуді ұсынады — бұл да электрондық төлем тәсілі. Әзірге бұдан да қайран жоқ, ештеңенің жедел шешімі табылар емес, ал сынама ретінде жасалған жобалар да іске аспаған күйінде тұр. Әңгіме кейбір бағыттар бойынша орнатылған алты валидатор туралы болып отыр."Қостанайдың барлық автобустарына орнатылмайынша, жүйе іске қосылмайды. Бұл тек бір нақты маршрутта ғана емес, барлық маршруттарда орнатылуы тиіс. Сонда ғана нәтиже көрінеді. Ал жеке маршруттармен мәселе шешілмейді,"- деді Юрий Панасенко.
Тасымалдаушылардың "жұбанышына" орай, Қостанай валидаторлар жүйесін іске асыра алмай отырған елдегі жалғыз қала емес. Мәселен, олар Қарағандыны мысалға келтіреді. Ол жақта қызмет көрсететін автобус компаниялары көп болса да, жолаушылар саны жөнінен де қостанайлықтардан артық болса да, тіпті инвесторлары бола тұра, электронды төлем жүйесін енгізе алмай отыр…