Спортшыларға құрмет көрсетілді
Арқалық қаласының әкімі жыл бойы спорт саласында жетістікке жеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын, осы саланың қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттады.
Биыл Арқалық қаласынан гір спортынан 1 әлем чемпионы, 6 Азия чемпионы, дзюдодан 1 Азия кубогының қола жүлдегері, ҚР 7 чемпионы шықты. Бұдан бөлек, 1 спортшы "Халықаралық дәрежедегі спорт шебері", тағы 4-і "ҚР спорт шебері" атанды.
«Салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты спортпен белсенді шұғылдануға тарту – бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спорт пен балалар спортына баса мән беріп, дамыту керектігін атап өтті. Біз баршамыз осы бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Спорт үздіктерін анықтау және марапаттау, спортшыларға, спорт саласында қызмет істеп келе жатқан азаматтарға үлкен серпін беріп, алдыға ұмтылуға септігін тигізеді деп сенемін»,-деді қала әкімі Әмірхан Біркенұлы жыл үздіктерімен жүздескенде.
Марапаттау рәсімінде қырыққа жуық спортшыға құрмет көрсетіліп, «Үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік спорттық тапсырыс жетекшісі», «Үздік дене шынықтыру мұғалімі», «Үздік спорт нұсқаушысы», «Дене шынықтыру және спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша диплом және ақшалай сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.
Мұрат Жүнісұлы,
Суреттерді түсірген автор