Көздегені – ауылдарды көркейту
«Ауыл – ел бесігі» – ауылдар жағдайын жақсартып, тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтеру үшін қолға алынған ауқымды жоба. Жүзеге аса бастағалы екі жылдың жүзі болса да қыруар жұмыстың атқарылғаны байқалады. Тобыл-Торғай өңірінде де бұл бағдарламаның лебі жетпеген елді мекендер кемде-кем. Биылдың өзінде біраз шаруа тындырылған. Алдағы жылға артылып отырған мақсат-міндеттер де орасан зор.
Қазақтың қайнар-бастауы, құт-қазығы, бесігі мен несібі – ауыл. Ондағы халықтың тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік ахуалы билік назарынан тыс қалмауы тиіс. Осы миссия жолында, 2020-2025 жылдары аймақтарды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске қосылған еді. Жаңа жобаның шарапатын облыстағы ауылдық елді мекендер көре бастады.
Жалпы, қазіргі таңда Қостанай облысында 517 ауыл бар. Оларда ұзын-ырғасы 320 мыңнан астам адам тұрады. Пайызға шақсақ, бұл – облыс халқының 38%-ы. Біз санын атаған ауылдардың бәрінің бірдей даму әлеуеті жоғары емес. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 258 ауыл әлеуетті елді мекендер тізіміне енген.
«Оның ішінде 86 тірек ауыл, 149 спутниктік және 23 стратегиялық, яғни шекара маңындағы ауыл бар. Осы елді мекендерді 2025 жылға дейін «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен қамту көзделген. Жоба шеңберінде, бірінші кезекте, әлеуметтік сала нысандарына – мектептер, балабақшалар, ауруханалар, мәдениет үйлеріне күрделі жөндеулер жүргізіледі. Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жақсартылып жатыр», – дейді басқарма басшысы Гүлбарам Мұсағазина.
Ол ұсынған деректерге сәйкес, аталған бағдарлама аясында 2019-2022 жылдары 180 мыңға жуық халық тұратын 67 ауылда 296 жобаны іске асыру көзделіпті. Оған 21,9 млрд теңге бөлінген. Мұны да басқарма басшысы талдап-тармақтап берді.
«2019 жылы 72 жобаны іске асыруға 2,2, млрд теңге жұмсалды. Бұған бес аудан орталығындағы әлеуметтік нысандар, кентішілік жолдар жөндеуден өтті. Ал 2020 жылы 13 ауылда 73 жобаны атқаруға 5,7 млрд теңге шығындалды. Стадиондар жаңа кейіпке еніп, жаңа қазандықтар салынып, жолдар, мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері жөнделді. Былтыр бөлінген сома – 6,5 млрд теңге. Ол 17 ауылдағы 71 жобаны қамтыды. Оған жаңа спорт кешендері, жылу қазандықтары, су құбырлары салынды. Әлеуметтік нысандар жаңа кейіпке еніп, жолдар қалыпқа келтірілді», – деп жіпке тізді Г.Мұсағазина.
Ал биыл жоба аясында жалпы тұрғындар саны 40 мыңға жуықтайтын 32 ауыл қамтылған. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 7,5 млрд теңгеге 80 жобаны жүзеге асыру көзделіпті. Бүгіндері 76 жоба толығымен аяқталған. Тағы үш нысандағы жұмыстар тәмамдалуға жақын. 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, бөлінген қаржының 6,352 млрд теңгесі игеріліпті. Жалпы есебін шығарар болсақ, 2019-2022 жылдар аралығында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жоғарыда аталған 258 ауылдың 67-сі қамтылған. Алдағы үш жылдың межесі белгілі – қыруар жұмыс күтіп тұр.
«2023 жылы 44,2 мың адам тұратын 50 ауылда 10,6 млрд теңгеге 135 жоба іске аспақ. Ең елеулілеріне тоқталар болсақ, Денисов ауылында автономды жылу кешені, Амангелді, Б.Майлин, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым және Сарыкөл аудандарында 6 спорт кешені, Қарамеңдіде 200 орындық мәдени ойын-сауық орталығының ғимаратын (салу жоспарда бар», – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Б.Майлин, Меңдіқара және Федоров аудандарында 3 мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Биыл басталған 4 мектептегі жөндеу жұмыстары жалғасады. 50 ауылда жолдар қалыпқа келтірілмек.