Автонесие неге тоқтап тұр?
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жеңілдетілген автонесиенің неге қайта жанданбай жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Роман Склярдың айтуынша, бағдарламаның ендігі қарқыны бұған дейін несие алғандардың қарызын уақтылы төлеп тұруына байланысты.
«Бәйтерек» холдингінің маған баяндаған мәліметі бойынша, револьверлік негізде белгілі бір мөлшерде қаржы жинақталу керек. Ол ақша келесі траншпен жеңілдетілген автонесие ретінде басқа азаматтарға берілуге тиіс. Қазір 188 млрд теңге револьверлік негізде осы жүйе бойынша игеріліп жатыр. Бұл жұмыс жалғасады», – деді вице-Премьер.
Айта кетейік, Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелендіруге 2022-2025 жылдарға 150 миллиард теңге бөлінетіні бұған дейін хабарланған еді. Бағдарлама аясында биыл 30 млрд теңгені игеру жоспарланған болатын.