Қасымхан сардар
Ол – Шақшақ Жәнібек тарханның ұрпағы. Баһадүр батыр бабамыздың үлкен ұлы Дәуітбай тарханнан Мұса тархан, одан Шеген би, одан Шолақ, Қазыбек, Бірімжан, Бектеміс, Өтетілеу, Ділдәбек, Алтынсары туады. Қасымхан – Шеген бидің қасиетті қара шаңырағының иесі Алтынсарының ұлы Арыстанның перзенті.
Қасымхан Алтынсары – 1916 -1917 жылдардағы Торғай өңірінде Әбдіғапар Жанбосынұлы басқарған ұлт-азаттық көтерілісінде Аманкелді батырдай сардар болған, қаһармандық ерлік көрсеткен тарихи тұлға. Оның бәйбішесі Айжан анамыз да Бопай ханым тәрізді қарулы қақтығыстарға,ел басқару ісіне араласқан қазақтың батыр қызы. Қасымхан Торғай қаласына шабуыл жасағанында бабасы Жәнібек батырдың туын төбесіне көтеріп шығады. Мұрағат деректерінде оны туысы Баязит көтерген. Мұны еліміздің Орталық мемлекеттік мұрағатындағы Қамбар Төкеұлының, Самат Құсайыновтың, Сәбитбек Ысқақовтың естеліктері де растайды. Сардар Қасымханның жасағында болған Жүсіп Нұрғалиұлының, Қамал Сүлейменұлының және Хасен Ахметұлы, Ғайып-Назар Шәлпенеевтің естеліктерінде стансадағы соғыста Қасымханның сарбаздарының патша әскерінің оншақты солдатын жайратып, екі офицері мен ондаған жазалаушыларды, 40 мың сом ақшаны қолға түсіргені жазулы тұр. Олар мемлекеттік мұрағатта сақтаулы.
Кеңес дәуірінде "Қасымханды Әбді-ғапармен бірге бай-шонжарды жақтаушы" деп қасақана жамандап жазылғанымен, ол жөніндегі тарихи деректер айтылмай да қалған жоқ. Здей Мұхамеджановтың "Торғай комиссарлары" дейтін кітабында тіпті былай деп баяндалды: "…Әуелі Аманкелді бастаған мергендер қаланың күншығыс жағынан шабуыл бастайды. Оспан Шолақов пен Қасымхан Алтынсарин бастаған топ күнбатыс жақтан кіреді. Қалған сарбаздар қажет болған жағдайда шабуыл жасаушыларға көмек беруге дайын тұрды" (З. Мұхамеджанов, "Торғай комиссарлары", Алматы, "Қазақстан" баспасы,32 бет.).
1916-1917 жылдардағы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде елді билеудің, көтерілісті басқарудың, хандық жүйесі қайта құрылған-ды. Сонда Қасымхан алғашқыда тіпті арғын тайпасының ханы болып та жарияланды, "ұстасаң етегі, жексең жетегі бар, тегіне тартып туған Қасымхан хан болсын" деген ұйғарым жасалыпты. Алайда, кейін ол өз жолын ағасы Оспан Шолақұлына беріп, өзі сардар болды. Бұл жөнінде Аманкелді батырдың туысы руы бегімбет Қияс Торыбаевтың естелігінде былай деп жазылған: " Қыпшақтан бір хан, арғыннан бір хан сайланды. Бұл Дуанды шаппай тұрып жасалынған шара. Қыпшақтан – Әбдіғапар, арғыннан – Шеген би тұқымы – Қасымхан. Үрпектің бергі беті – Құмкешуде хан сайланды".
Ал, енді жанкелдиндік қарт журналист Жәлел Қарабалин кезінде былай деген-ді: "1948 жылдың жазында Әліби Жангелдин елге келді. Аманкелді ауданында екі айдай болып, дем алды. Сонда Қарғалы-Қайдауылдан қарсы алған адамдардың бірі ретінде Әлекеңді Алматыға шығарып салған едім. Сол жолы ол Әлмағамбет Оспанұлы мен Файзолла Сатыбалдыұлын сұрап, әңгіме үстін-де Оспан Шолақұлы мен Қасымхан Ал-тынсарыұлын еске алды. Және Қасымхан Алтынсары 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде қол бастаған қолбасшылардың бірі. Арғын тайпасының Аманкелді сияқты көсемі, мыңбасы болған адам", – деді. Бұл Әлекеңнің өз аузынан естіген сөзім. Мұны еліміздегі Орталық мемлекеттік мұрағатының 427-қорындағы Ханзада Қайралапов пен Кәкімжан Сегізбаевтың естелігінде-гі: "…Сарбаз басы сардарлыққа Қасымхан Алтынсарин белгіленді, арғын ішінде Дәуітбай, жуан Шегеннің тұқымы" деген сөздері де қуаттайды. Ж.Қарабалиннің жоғарыда-ғы естелігі облыстық "Қостанай таңы", республикалық "Халық кеңесі", астаналық "Инфо-Цес" газеттерінде талай рет жарияланды да.
Қасымхан Алтынсарин 1916-1917 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінде қол бастап, ақ патшаның жазалаушы отрядына қарсы ерлікпен шайқасқаны жөніндегі тарихи деректер ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының мынандай қорларында сақтаулы тұр: ҚР ОММ, 427-қ. 1т. 167 іс. 37-50 п; ҚР ПМ,811 қ, 6-т. 233-іс. 10-18 п. ҚР ОММ. 427-қ. 1т. 167 іс, 96-112 п. Және де 1998 жылы "Қазақстан" баспасынан шыққан 2 томдық "Қаһарлы 1916 жыл. Грозный 1916 год" деген жинақта (бас редакторы – академик М. Қозыбаев) Қасымхан Алтынсариннің ұлт-азаттық көтерілісінде сардар болып сайланғаны жөнінде тарихи құжаттар-естеліктер бар.
1996 жылдан бастап Қасымхан Алтынсары туралы тарихи очерктер мен зерттеу мақалалар мынадай газеттерде жарияланды: 1.Облыстық "Торғай Таңы" газеті, № 74, 14 қыркүйек 1996 жыл. Мақсұтбек Сүлейменов "Бес батыр. 3-ші бөлім Қасымхан Алтынсары". 2. Астаналық "Инфо Цес" газеті, № 109, 19 қараша 1999 жыл.Мақсұтбек Сүлеймен, "Қасымхан Алтынсары". 3.Жанкелдин аудандық "Торғай тынысы" газеті, № 3, ақпан 2000 жыл. Орекен Алмат, "Тағы да Қасымхан Алтынсары туралы". 4. "Егемен Қазақстан", 28 желтоқсан 2002 жыл, Мылтықбай Ысмағұл "Қа-сымхан Алтынсары. Ол туралы не білеміз?". 5. Астаналық "Инфо Цес" газеті, № 2, 16 қаңтар 2004 жыл, Мақсұтбек Сүлеймен "Қасымхан Алтынсары". 6. "Астана айнасы" ( "Инфо Цес" ) № 42-43. 22-29 қазан, 2004 жыл, Мақсұтбек Сүлеймен, "Қасымханның халықпен қайта қауышуы". 7. "Ана тілі" газеті 2010 жыл, Мылтықбай Ысмағұл "Қасымхан сардар".
Саяси қуғын-сүргін жылдары Қасымхан Алтынсарыға байдың, бидің тұқымы деп көзаларту басталғандықтан ол отбасымен Семейге көшіп кетті. Ол жақта да түртпектеу көбейіп, оны халық жауы ретінде Сібірге жер аударды. Оның сегіз ұлынан тірі қалған Нұрхан, Жұмақан, Ғайыпхан есімді балаларына да саяси қысым жасалынды. Содан олар Қырғызстанның Қызылқия деген жеріне амалсыз көшуге мәжбір болды. Қасымхан саяси қуғын-сүргін басылғаннан кейін Торғай өңіріне келіп, Жанкелдин ауданының жерінде қайтыс болады. Осы ауданның Тосын деген жерінде "Қасымханның жайлауы", "Қасымханның күзегі", "Қасымханның өткелі" дейтін тарихи орындар бар. Қасымханның үлкен ұлы Жұмақаннан тегіне тартып туған бір ұрпақ – Кеңес Арыстанов милиция полковнигі, кезінде ұйымдас-қан қылмысқа қарсы күрестегі ерлігі үшін КСРО-ның тұңғыш және соңғы президенті М.Горбачевтің өз қолынан жауынгерлік "Қызыл жұлдыз" орденін алған қазақтың батыр азаматы.
2004 жылғы 8 қазанда Қостанай облысы Жанкелдин ауданының орталығындағы Қасымхан Алтынсары көше-сінде ардагерлер үйінің қабырғасына 1916-1917 жылдардағы ұлт-азаттық кө-терілісінің қаһарманы, сардар Қасымхан Алтынсарының құрметіне мемо-риалдық ескерткіш тақта орнатылды. Сол кездегі аудан әкімі Батырбек Ахметов, Торғай жерінде "Ғалымдар әулеті" аталған Қайырбек Ысқақовтың інісі қарт ұстаз Қонақбай Әлин, қоғам қайраткері Әуезхан Жүсіпұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орекен Алмат, Қасымхан өмірін зерттеуші журналист-жазушы Мақсұтбек Сүлеймен және Қасымхан атамыздың немересі Кеңес Жұмақанұлы салтанатты митингіде сөз сөйлеп, Қасымхан Алтынсарыға көрсетіліп отырған бұл құрметтің 1916-1917 жылдардағы Торғай жеріндегі ұлт-азаттық көтерілісінің барлық батырларын ел болып ардақ тұту деп бағалайтындықтарын ортаға салды.
Ең өкініштісі, Жанкелдин ауданының әкімі ауысқан сайын "Қасымхан Алтынсары атындағы көшеге басқа адамның есімін берсек қайтеді" дейтін әңгіме қозғалатын көрінеді. Осындайда Халық-аралық Алаш сыйлығының иегері, ақын Серік Тұрғынбекұлының осыдан жиырма шақты жыл бұрын орталық басылымдардың бірінде жарияланған "Көше керек болса Торғайға бар" атты мақаласы еске түседі. Торғай елінің тарихын білмеушілік пе, әлде 1916-1917 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің тарихи маңызын түсінбеушілік пе, немесе Қасымхан Алтынсарының шын мәнінде Аманкелдідей сардар болғанына күмәнданушылық па, әлде кейбір қалталы пысықайлардың өз туысына, ата-бабасына сол көшенің атын қалап, әкімді айналдыруы ма, ол жағы бізге әзірге түсініксіз.
Біздің оларға айтарымыз: еліміз саяси тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аудандық ардагерлер кеңесі және халықтың қалауымен,аудан әкімі жанындағы ономастикалық комиссиясы мен Торғай селолық әкімінің шешімімен тарихи тұлғалардың есімі берілген көшелерді аудан әкімі өзгерген сайын өзгерте беру – әділетсіздік, заңға қайшы, аруақтарға обал, еш басшыға бедел әкелмейтін іс.
Тәуелсіздік туын көтерген дәуіріміз-дің бір игі жұмысы тарихымыздың қараланған беттерін тазартып, бұрмаланған шындықтарды түзетіп, жабулы қалғандарын ашып, жалған жалаға ұшырағандарын ақтап, олардың орны мен бағасын беру. Бұл бағытта елеулі істер атқарылуда. Үстіміздегі жылдың маусым айының басында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің басшылығымен ұлттық тарихты қайыра зерделеу, оның ішінде аймақ тарихына көңіл бөлу жөніндегі жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісі өтті. Онда Отан тарихына жаңаша көзқарас қалыптастыру керек екендігі баса айтылып, осы уақытқа дейін қалыптасқан стереотиптен арылу жөнінде мәселе қозғалды.
Абайша айтсақ "Сөз түзелді, тыңдау-шым сен де түзел" дегендей, Отан тарихына қатысты сөз түзелді. Өйткені аталған кеңесте қазақ тарихын жаңаша нұсқамен жазу туралы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе көтерілді. Осындай тарихи зерттеуді қажет ететін бірегей тарихи тұлғалардың бірі – Тор-ғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарман-батыры, сардар Қасымхан Алтынсары. 2016 жылы 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толады. Осы тарихи оқиға қарсаңында еліміздің баспасынан Қасымхан Алтынсары туралы тарихи монография жарық көрмекші. Ардақты ағайын, біз ең алдымен өз асылымызды өзіміз ардақтай білейік. Сонда біздің мәртебе – мерейіміз әрқашан үстем болады.
P.S. 1916-1917 жылдардағы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы, сардар Қасымхан Алтынсары еліміз егемендік алған алғашқы жылдары, яғни 1992 жылдың қазан айында ресми түрде ақталып, есімі орталық және жергілікті баспасөз беттерінде жарияланды.
Мақсұтбек Сүлеймен,
Қазақстан Журналистер одағының Міржақып Дулатов атындағы сыйлығының лауреаты.
Астана қаласы.
16 жылғы көтерілістің басшысы Аманкелді Иманов