«Бодаға» немесе Түсіпхан Бодамбаев туралы сөз
Осынау жаны жайсаң жан досым, өмір бойы қадір тұтып, құрметтеп өтер жақсы аға жайында бүкіл жүрек жылуыммен жазсам деген ой көптен мазалайтын. Бірақ тынымсыз жұмыс мойын бұрғызбай-ақ қойды. Бодағаң туралы аңызға тең әңгімелерді көп естіген Тұрсын (Төреғожин). Сұңғат (Нығметжанов), Мұқан (Медеубаев), Әскен (Ахметов), Күлкен (Шаяхметов). Шәпет (Оспанов), Төлеубек (Қашқынбаев), Қауымбек (Кенжебеков) сияқты басқа да жолдас-жораларым:
– Жәке, Бодағаның осы істерін әңгіме етіп жазсаңызшы, ең болмаса қолжазбаңды көшіріп алайық, – деп естіген сайын қолқа салатын-ды. "Жарайды" деп оларға уәде бергеніме не заман. Жағдай жетегінде жүргенімде асыл азамат дүниеден өтіп үлгерді. Өзімен сырласа отырып жазбақшы болған небір қызық оқиғалар марқұммен бірге қара жерге енді. Жоғарыда есімдері аталған жолдастарым атақ-абыройдан кенде емес, жауапты пар-тия-совет қызметтерінде болған, республикаға, одан қалды Қарағанды, Жез-қазған өңірлеріне танымал азаматтар болса да, Бодағаңның партиялық жоғары ар-ожданы мен кіршіксіз бейнесіне таң-тамаша қалып, азаматтықтың асыл үлгісіне балайтын.
1930-1932 жылдардағы жағдай белгілі ғой. Коллективтендіруді жүргізуде жіберілген асыра сілтеушіліктен туған ашаршылық Қазақстан ғана емес, еліміздің басқа да көп жерлерін шарпып өтті. Халық аштан өлмей, тірі қалудың қамын ойлады ғой. Қазынадан күнделікті берілетін 300 грамм қара нан мен бір мезгілдік ыстық борщқа шыдап оқу да бізге оңай бола қоймады. Бодағаңның тапқырлығы, табандылығы арқасында "ептеп-септеуге" тура келді. Онсыз оқу былай тұрсын, жан сақтап қалудың өзі екі талай еді. Аштан өлмеу үшін, екіншіден шөлдеп кеп түскен оқуымызды тастап кетпеу үшін Бодағаңа еріп "кәсіп" жасауға кірістік. Біз сияқты қырдан келген балалардың көпшілігі тұрмысқа шыдай алмай оқуды тастап, ауылдарына кетті. Бодағаңа ерген жеті-сегіз қарашұнақ нар тәуекел деп қалып қойдық.
Жоғарыда тәулігіне бір рет ыстық ас ішеміз дедік қой. Сол бір тарелке сұйық борщты алып ішудің өзі қиямет. Бір асханаға 3-4 оқу орны тіркелген. Сондықтан кезек дегеніңіз масқара.
Бір тарелке борщ алып ішу үшін кезектесіп сабақтан қалып, кезек аңдимыз. Бодағаң көбінесе:
– Сен басқалардан пысықсың, бірер балаға әлің де келеді, әрі сабаққа ұғымсыз емессің, – деп кезекке тұруға мені жібереді. Басқа техникумның балалары бұрын келсе сені алдыңғы кезектен әй-шайға қаратпай, суырып тастайды. Ал өз техникумымыздың балалары өте-мөте Бодағаңнан именеді де кезектің алдында тұрсам маған тимейді.
Бір күні, алдымда 5-6-ақ бала бар, борщ тарататын тесікте тұр едім, ауыл шаруашылығы техникумының оқушылары сау ете қалды. 3-4 курстың зіңгіт-тей-зіңгіттей студенттері мен сияқты тәштектерді қайтсін, кезектен суырып-суырып тастап, борщтың ыстығы мен қоюын ала бастады. Өңшең сайдауылдай-сайдауылдай кооператив техникумы жігіттерінің істейтіндері де әмсе осындай қиянат. Ал кезектің алдынан шығып қалсаң оның соңынан да ілігу қиын. Талай рет осындайдан аш қалғанымыз бар. Міне, шыдамның да шегіне жетер кез келді. "Борщтың лайын ішіп өлгенше, ыстық борщ ішіп өлейік", деп асхана ішінде айқасқа кірістік. 300-400-дей студент тамақтанатын үлкен залда күнде өлгенше бірақ өлейік деп емін еркін жентектестік. Қай жағымыз жеңіп, қайсымыз жеңілгеніміз белгісіз, әйтеуір таяққа жығылып бара жатқан жерімнен Бодағаң мен Темірбектің сүйрей жөнелгені еміс-еміс есімде. Ертеңіне ес жиып айнаға қарасам, адам көрер нұсқа жоқ. Ерін көнтиген, көз көгерген, бас бірнеше жерден жарылған, бет-ауыз қасқыр тартқан қозының құйрығындай жырым-жырым. Кейін естідік, сол күнгі шайқаста асхана мүлде істен шығыпты. Екі жұма бойы жабық тұрды. Бодағаңның ақылы бойынша қалған бесеуіміз Алматыға кетпек болдық. Бұл 1932 жылдың май-июнь айлары болатын. Бір жұмадай астыртын дайындалып жүрдік те, бір түнде поезбен Алматыға тартып отырдық. Мұндай батыл шешімге астанада жаңадан ашылған мал дәрігерлік институтқа бала жинауға келген Сәтбек Омаров деген ағайдың жасырын жүргізген үгіті себепкер болған еді.
Сәтбек ағай: – институтта қазақ балалары аз, олар-ға жағдай жасалды, жатақхана бөлініп, күніне 500 граммнан нан, екі мезгіл ыстық тамақ беріледі. Қысқасы, астанада аш-жалаңаш болмайсыңдар, тез жетіңдер, сорлы жетімдер, – деп желіктірген. Бізге бұдан артық не керек. Семейде 300 грамм нан мен бір тарелке қатықсыз борщ үшін күнде төбелесіп, басты жарғызып, көзді шығарып қорлықта жүргеннен мынау деген тамаша!
Міне, біз Алматыдамыз. Күтіп алмақ болған Сәтбек ағайымыз бала жинауға басқа бір жаққа кетіп қалыпты. Қолымызда ешқандай жолдама қағазымыз жоқ, тек Сәтбек ағайдың ауызша айтқан уәдесі. Бүгін-ертең келіп қалар деген үмітпен астананы қызықтап жүре бердік. Жататын орнымыз – орталық парк, ал қоректенетін жеріміз – көк базар. Кәсіп бұрынғыша. Осындай күймен Алматыда жиырма шақты күн жүрдік-ау деймін. Бар бітіретініміз бір мезгіл инс-титутқа жолығамыз. Мақсатымыз қабылдау емтихандары қашан басталатынын, Сәтбек ағайдың келген-келмегенін білу. Біздер әрине, Семейдегі техникумнан қашып келгендігімізді сездірмеу үшін институттың басқа адамдарына жақ ашудан қорқамыз. Ақыры Бодағаңның ақылы бойынша Қарқаралыдан келген адамдармыз деп қабылдау комиссиясына өтініш бердік.
Бір топ балалардан орыс тілінен ауызша емтихан алынып жатыр екен. Осы топқа араластық та кеттік. Қолымызда бір жапырақ қағазымыз да жоқ. Кезегімізбен кіріп жатырмыз. Алдымен Бодағаң, одан соң мен, менен кейін Төребаев, тағы басқаларымыз кірдік. Қазақ балаларымен орысша әңгімелесіп отырған орта жастағы Ермолаева деген жылы жүзді сабырлы орыс әйелі екен. Біздің фамилияларымызды тізіммен жазды да, орысша біледі деген белгі қойды. Біз үшін үлкен жеңіс болды. Тілеуіңді бергір, бізден қағаз да, қайдан келдіңдер деп сұрамай-ақ, тізіміне іліндіргеніне әкеміз тіріліп келгендей қуандық. Ермолаеваның қасында қою қара шашты, бойшаң, әдемі ақсұр жігіт отырған-ды. Ол күні оның кім екенін біз біле алмай кеткен болатынбыз. Ермолаевадан шыққан соң бізді әлгі жас жігіт қоймаға өзі ертіп апарып, төсек орын алып берді. Жатақханаға қабылдасын деп комендантқа қағаз жазып берді. "Ертең caғат 12-де келіңдер, математикадан емтихан тапсырасыңдар, мен де боламын, ертеңге дейін сау болыңдар, бауырларым" деп жымиып күлді де жүріп кетті. Мұндай жақсылықты әкемізден көрмеген біздер көп-көп рахмет айтып, риза болып қалдық.
Ертеңіне келсек, ол есік алдында бізді тосып тұр екен. Хал-жағдайымызды сұрап, математикадан емтихан болып жатқан аудиторияға өзі бастап келді. Математикадан бесеуміз де қаймықпаймыз. Өйткені техникумның екінші курсында Трасевич деген тамаша математиктен жап-жақсы білім алғанбыз. Аздан соң біздердің фамилияларымыз аталынып ішке шақырылдық. Емтихан қабылдап отырған профессор көзінде алтын пенснесі бар, жасы 40-45-тер шамасында, ат жақты, аққұба сұр қазақ екен. Сөз сөйлесі, қимыл-қозғалысы, сыртқы нұсқасы үлкен оқымысты адам-ға ұқсап-ақ тұр. Қасында кешеден бері біз байғұста қамқоршы болып жүрген (аты-жөнін әлі білмейміз) жас жігіт отыр. Екеуі де тап бір әкелі-балалы адам секілді, жарасып-ақ отыр.
– Қарғаларым, қолдарына қағаз-қарындаш алыңдар. Мен сендерге үш есеп берем, соны асықпай-саспай отырып шығарыңдар. Біріңе-бірің қарамаңдар. Бір сағаттай уақыт беріледі. Шығарсаңдар бір сағатты тоспай-ақ бере беріңдер. Ұқтыңдар ма? – деді.
Бәріміз де профессордың берген үш есебін айналасы 20-30 минут ішінде шығарып қолдарына бердік. Профессор шығарған есебімізді бір-бір шолып өтті де:
– Қалқаларым, бәрің де дұрыс шығарыпсыңдар. Өздерің қай жерден келдіңдер? – деді.
– Біз бесеуіміз де Қарқаралы балалар үйінен келдік. Сегізжылдық мектепті бітірдік, – деп жауап бердік.
– Ой, қарғаларым-ай, өзімнің жер-лестерім болып шықтыңдар ғой. Математикадан сабақты кім деген мұғалім берді?
– Баймаханов Әбеу, – деп біз жауап бердік.
– Е, Әбеуді жақсы білемін. Ол өте жақсы математик. Бәсе, есеп шығарыс-тарыңа қарағанда сондай бір жақсы ұстаздан сабақ алғандарың бірден-ақ сезіліп тұр. Жарайды, қарғаларым, бәрің де емтиханды жақсы тапсырдыңдар. Енді бара беріңдер. Алдағы уақытта оқуды осылай оқитын болыңдар, – деді де екеуі өзара әңгімелесіп кетті.
Артынан сұрастыра келсек, бізді емтиханға кіргізіп, жатақханадан орын алып беріп, нан карточкасын бергізіп, өңшең қара шұнақ жетімдерге қамқор болып жүрген сүйкімді жас жігіт институт комсомол комитетінің бірінші хатшысы, әмбе қабылдау комиссиясының мүшесі Фазыл Мұхамедқалиев дейтін ағай екен. Осы институттың ақырғы курсында оқиды, әмбе төменгі курстарға сабақ береді екен. Бүгінде сол Мұхамедқалиев есімі әлемге әйгілі ғалым академик. Ол академик Нәйлә Базанованың жұбайы.
Ал математикадан емтихан алған парасатты профессор белгілі ғалым Әлімхан Ермеков болып шықты.
Сонымен біз Бодағаңның арқасында, Фазыл, Ермолаева, Ермеков сияқты ізгі адамдардың көмегімен Алматы мал дәрігерлік институтының табаны күректей студенті болып кете бардық.
Сөйткен Бодағаң – Түсіпхан Бодамбаев институттан кейін Қостанай облысына кетті де, онда жауапты қызметтер атқарды, 1958 жылы Қостанай облыстық партия комитетінің екінші секретары қызметі үстінде автомобиль апатынан қайтыс болды. Осы аяулы жанқияр досымның қайғылы қазасына қатыса алмай, қолымнан топырақ сала алмай арманда жүретін едім. Дер кезін-де барып, қайғы-қасыретін бөліспеген соң, жанқияр досыңның орнына кейіннен көріну дүниенің ең қиыны болады екен. Содан бері бірталай жылдар өтіп кетсе де марқұмның зиратына барып басымды иіп, кешу сұрайын, кеш болса да, қабіріне аза гүлімді қояйын деп Қостанайға келіп, поездан түсе сала тірі жанға тіл қатпастан зыр жүгіріп қабір басына келдім. Қостанай қалалық Жеңіс паркінің ішіндегі азамат соғысы мен Отан соғысында қаза тапқан қаланың ең таңдаулы ардагер азаматтарымен бірге жерленіп, басына қара мрамордан құлпытас қойылыпты.
Ж.Балғабаев.
Мақаланы баспаға дайындаған
Серікбай Алпысұлы.
СУРЕТТЕ: Қостанайдағы Жеңіс саябағындағы Түсіпхан Бодамбаев қабірі басындағы ескерткіш.
Суретті түсірген Б.Ахметбеков.