Қабырға бойы қалың ел еді

Ұлан-ғайыр қазақ даласының әр түкпірі мен төбесінің өзіндік тарихы мен жұмбақ сырлары жеткілікті. Қазақ топырағындағы киелі аймақтың бірі біздің Торғай аймағы. Өкінішке қарай, осы киелі жер жайлы кезінде нақты деректер жиналып, зерттеулер жасалмады.  Зерт-телсе де жұтаң, әр кезеңде қағазға түскен деректен әріге бармады.
Иә, осы ен даланы – Торғай ойпаты мен үстіртін сан ғасырлар бір анадан туған Арғын-Қыпшақтың баласы жайлап, малына пана, жанына сая тапты.
Кешегі қарияларымыздың көздерінің тірісінде ағайын арасы ала болады деп руға, жүзге бөлдірмейтін. Сол ел бірлігінің арқасында осы ұлан-ғайыр жерді жаудан да, даудан да қорғап, бүгінгі ұрпаққа аман жеткізді.
Қазіргі жастар өзі туып өскен жердің тарихын біле ме деген сұрақ мазалайды кейде мені.
Қасиетті жеріміздің тарихына тереңірек үңілсек, сол жерді мекендеген ата-бабалар жайлы бір мезгіл ойға оралтсақ, әруақты бабалар, ел қорғаған батырлар көз алдыңа келеді.
Қабырға бойын жайлаған Қыпшақтың "Сары", "Жолдыбек" руынан талай жақсылар мен жайсаңдар шыққан.
Қазақ-Қалмақ соғысында ерекше ерлік көрсеткен жауынгерге риза болған Абылай хан: "Анау ұзын сары батырды бермен шақыр", – деген екен көмекшісіне. Ол батырыңыз Өтетілеу болатын. Ұлы ханның бір ауыз сөзінен кейін "сары" атанып кеткен ағайын қазір 350-400 отбасына таяп қалды. Осы сары руынан Дау атты батыр шыққан.
Даудың мәңгілік тұрақтаған жері Құмкешуден 15 шақырым Торғай-Тоқанай өзені арасындағы биік төбе. Қошқар батыр ағайын-туысын, елін жинап әкесінің дене топырағының үстіне үлкен оба үйгізген. Топырақты үйе-үйе көпшілік шаршаған кезде Қошқар батырдың құрдасы, Бегімбет Иман батыр: "Әй, Қошқар, Наурызым көрінді енді обаны көтеруді тоқтатайық", – деген екен…
Қазір Даудың басында ұрпақтары қойған ескерткіш бар.
Сары Қошқар батыр Даудың бел баласы. Кенесары хан заманында өмір сүрген. 1795 жылы туып, 1874 жылы өзінің "Қоңыр" түбегінде дүниеден озған. Қошқар батырдың басына да биік оба үйгізген. Кейінде батырға ас беріліп, басына ескерткіш тақта, мүсіні қойылды. Обасы қоршалды.
Сары Қошқар батырдан туған Тоққожа, Аяпберген, Бижан, Біржан аталарымыз да тарихта ерекше орны бар, елге беделді азаматтар бол-ған.
Кеңес үкіметі Біржан қажыны 1928 жылдар тұтқындап, Сібірге айдаған.
Ол көзінің тірісінде өзіне кесене салдырыпты. Кейін елге келіп көз жұмып, өзі   салған кесенеге жерленген.
Осы өңірде Қошқар батырмен тұстас Жолдыбек, Сарыдан (ру аттары) шыққан батырлар көп болған. Көбі қазір ұмытыла бастады.
Көршілес "Құстөбе" ауылының Торғай өзеніне жақын жеріндегі Өтеген (руы Сазан) қажы зиратында Жаңабай, Жанат батырлар мәңгі тыныстап жатыр. Қабырға мен Кемердің арасындағы "Жолшора" қопасының жағасында Естекбай, Байсал, Нарымбай батырлардың зираты бар.
Жолдыбек Жанатай батыр "Байтоқ та", Қаш-қын батыр өз атымен аталатын "Қашқын" деген жерде жатыр. Кезінде ел қорғаған ерен баһадүрлерден Сары Қошқар батырмен қатар Бегімбет Иман батыр, Ыстыбай Шәкір батыр, Төлек Жәуке батырлардың аттары аталады да басқасы ұмыт қалып келеді. Әйтпесе, осы аймақта қаншама ел қорғаған батырлар болған.
Бүгінгі күні қолдан батыр жасау үрдіс алды. Кім бай, бар болса сол әулеттен әулие де, бай да, батыр да қаптап шығып жатыр. Неше алуан байлар мен бектерге пана болған киелі топырақтан атақты Мадиярдың Смайылы, Қошқар батырдың Аяпбергені, Бижаны, Біржаны, Қаралдының Байқарамы, Қали молда, Қара молда, Жалмағанбет молда, ұлт-азаттық көтерілісінің мыңбасы Қосжан, атақты әулие, емші оташылар Тілеп бақсы, Омар кәлпе, оташы әрі ақын, Ленин орденді еңбек озаты болған Жандәулеттің Өмірбегі, күміс көмей, жез таңдай әнші ақындар Мәтібай, Қияқбай, Өмірбек, Мақтаған, Құттыбай, Қаби, Қалдый, Байдақ, Молдаш, Сәкен, Көшімбек, Тоқтарлар шыққан.
Барша ғұмырын әділдік жолына арнап, қазақтың қамы үшін басын талай бәйгеге тіккен жазушы-ғалым Әсіптің Сапабегі мен от ауызды орақ тілді сатирик Сабыржанның Жұматайының іздері сайрап жатыр бұл өңірде.
Елден шыққан атақты    палуан Тауасар Сәйтерекұлының, Қуанышбайұлы Ордабайдың, Ордабайұлы Сайлаудың, Досбергенұлы Қабжалелдің, Қабжалелұлы Шөптібайдың, Сейтқас палуанның, Сабыржанов Жо-марттың республика намысын қорғағанын екінің бірі білмейді.
Осы Қабырғада туып өскен атақты палуан Рысмағанбеттің Егінбайы кезінде күрестен Қазақстан мен Қырғызстанның туын көтерген азамат.
Қабырға бойын сан ғасырлар мекендеген ағайын суы тұщы, шабындығы мол жайылымы шүйгін жерлерге ата қонысын салып өсті, өркендеді.
Әрбір елдімекеннің өзіндік тарихы мен атаулары бар. Сол киелі жер аттары ойға орала береді. "Кемер", "Шақпақ", "Қараша-төбе", "Бестам", "Бабақай", "Қойшыбай", "Қолтық", "Алакөл", "Қоға", "Талдығара", "Қарасу", "Бижан", "Қабырға", "Оспан", "Жолшора", "Қарағанды", "Жалмауыз", "Қандығара", "Қисық бидайық", "Құмтөбе", "Сарыбас", "Бесапан", "Мықы", "Кіші мықы", "Тәкібай", "Жыланды сай", "Шыңсай", "Тоқмырза", "Қашқын", "Жарғұй", "Өлеңді өзек", "Алтын шыққан Жарғұй", "Қызылкөл", "Талас", "Сиыр қырылған", "Астаукөл", "Ұзынкөл", "Қоссор", "Жылкелді", "Қоңырөзек", "Ақпанши", "Жылқықырылған", "Орта құдық", "Тайлақ", "Байтоқ", "Омар", "Қарасу", "Шақат-Мұрат", "Құстөбе", "Дау" т.б. жер-су аттарын бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін.  
Елсіз жер тез ұмытылады. Бір ғана "Жолшора" атты жер қалмақ батыры атымен аталған екен. Осы жерде қазақ батырымен жекпе-жекте қазақ батырын аттан құлатады. Аттан құлаған адамның басындағы дулығасы ұшып кетіп, қалың қолаң шашы жайылып кетеді. Қарсыласының әйел адам екенін біліп әйелмен соғыстым деп намыстанған қалмақ батыры өзін-өзі қанжармен жарып өлтіріпті деген аңыз бізге жетті. Осындай әр жердің өз тарихы бар.
Ұзын Қыпшақтың Қаз, Кедел руларынан тараған Жолдыбек, Сары, Берді ағайындар ұңғыдағы (ойдағы) қыстауларында кешегі 80-ші жылдары 40-45 отар қой, 6-7 табын ірі қара, мыңдаған  жылқы бақты. Бүгінде содан ешнәрсе қалмады. Киелі жер-иесіз болмас деген. Уақыт өте шұрайлы жер қайта елге қоныс, малға пана болар. Ел өсер, жетілер. Мың өліп мың тірілген, өткен ғасырдың өзінде бірнеше қасіретке ұшыраған киелі жердің текті халқы, бүгінгі ұрпағы атамекенді иесіз қалдырмасына сенімдімін.
Тек қана сол бүгінгі ұрпақ, келешек ел, жер иесі, ата-баба әруағын қастерлеп, туған жердің қадіріне жетіп, өткенін, бүгінін естен шығармаса екен деген тілек бар.
 Әділ ТӨРЕ.
Арқалық қаласы.
 

You may also like...

2 Responses

  1. Нұрғиса Байтұрсынов айтты:

    Қабырға ол біздің жер ғой. Менің руым Сары. Қошқар батырдың жетінші ұрпағымын

  2. Қолқоюсыз айтты:

    Жақсы жазылған. Бізде Жолдыбек батырдын ұрпағымыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓