«Тәуелсіздік тәу етер кием»
Тәуелсіздік – ата-бабамыздың маңдай тері, қасық қанымен келген ұлы арман. Бабамыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жауларын ойсырата жеңіп, осы жерді аман сақтап, біздерге тапсырған аманаты. Қаншама ағартушы ағаларымыз ату жазасына кесіліп, соңғы демі қалғанша, «елім, жерім» деп кеткендегі соңғы үміті. Желтоқсан желіне тоңып, өз наразылықтарын білдіріп «қазақ жерінде қазақ билікте отыру керек», деп ұрандатқан желтоқсаншылардың үкілі үміті.
Тарихтың сан қырлы өтпелдерінен өткен Қазақстан – мықты ел. Өткен өмірден сабақ алып, алға ұмтылып, қазір жаңа Қазақстанға бет бұрдық. Президентімізді жаңадан сайлап, алға озық мақсаттар қойып, еліміздің түтіні түзу шығу үшін, көршілес елдермен татуығымызды нығайтып келеміз. Қиындықтарға мойымай, өз Отанымыздың болашағы үшін, еңбек етудеміз. Осы арайлы азаттығымызды өскелең ұрпаққа тапсыру, бізге – парыз. Салт-дәстүрлеріміз бен дінімізді дәріптеп, балаларымыз бен немерелірімізге «тәрбие – тал бесіктен» демекші, әлди әні мен бесік жырын әуелетіп, жақсы тәрбие беруге міндеттіміз.
Мен елімнің тәуелсіздік алғаннан кейін, дүниеге келген, киелі Торғай қызымын. Мен, дәл осы жерде туылып, жүрегім «Мен қазақпын, мың өліп – мың тірілген» деп алаулап соғатынын мақтан етемін. Елімнің самал желінен Абайдың әндерін естісем, биік таулары маған, «Оян қазақ, көтер басты…»,- деп, ал сәулелі күншуағы «Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған…» деп тұрғандай. Мен үшін тәуелсіздік – ол азат елде өсіп-өнген сәбилердің күлкісі. Мен үшін тәуелсіздік – білім нәрімен сусындап, бәсекеге қабілетті жастардың шығуы.
Мен ауыл мектебінде, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. «Мектептің жүрегі – мұғалім» демекші мен өз оқушыларыма, тәуелсіздіктің топ ете түсе қалмағанын, оны көздің қарашығындай сақтау керектігін, әрдайым айтып отырамын. Оқушыларымның жүрегіне өз Отанын сүюге деген махаббат пен патриоттық сезім ұялатудамын. «Сен де, бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан», демекші, Абай атамыздың сөзін алға тартып, ел болашағының тұтқасын ұстайтын, жастарымыздың қатары көбейіп, көк туымыз тек биікте желбіресе екен деп армандаймын.
Ванга ҚАРЫМСАҚОВА,
Қостанай облысы,
Меңдіқара ауданы,
Теңіз ауылы.