Тұтынушыларды кім алдап отыр?
Өндіріс, сауда нарығында саннан сапаға маңыз беру азайып бара жатыр. Әсіресе, өндірістік салада заңдылықтар сақтала бермейтін көрінеді. Шаруашылықта әртүрлі өлшем құралдарының белгілі бір нормаға қойылмауынан сапасыз өнім өндіруге алып келу жиілеген. Нарықтағы осы және сырттан тасымалданатын тұтыну заттары мен зергерлік бұйымдарды сауда айналымына шығару процесі көп жағдайда тексерістен өтпей маркасыз жүзеге асырылып келген. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі алаңында облыстық техникалық реттеу және метрология бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Шодырова мәлімдеді.
"Сауда маркетингінде тауарды қабылдау жұмыстарында біраз сәйкессіздіктер болып жатыр. Осы жылдың соңғы алты айында техникалық қадағалау, аккредиттеу бойынша алдын ала бекіткен комиссия шешімінің сәйкестігін салыстыру, өлшем бірлік заңнамасының сақталуын пысықтау бағытында тәуелді-тәуекелдік профилактикалық тексеріс нәтижесінде 24 нысанда заң бұзушылық анықталды. Жалпы салынған әкімшілік айыппұл мөлшері 10 млн 950 мың теңге көлемінде болса, оның 9 млн жуығы төленді. Аккредиттеу бойынша өрескел бір сәйкессіздік анықталып, бір нысанның рұқсатнамасы алты ай мерзімге алынып тасталды және қомақты көлемде 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды", – деп атап өтті департамент басшысы.
Метрология мамандары белсенді жеке тұлғалардың өтініштері мен құқық қорғау органдарының хаттамалары арқылы жоспардан тыс тексеру жұмыстарын да жүргізіп келеді. Нәтижесінде екі бірдей құжат техникалық қадағалау сәйкессіздігінен кері қайтарылды, екі медициналық заң бұзушылық анықталып, оларды түп-тамырымен жою туралы ұйғарым шығарылды. Нан өнімдерін дайындайтын кәсіпорындардың олқылықтары әшкереленді. Бірқатар нысандарда астықты кептіруге қажетті температураның сақталмауы шикізат сапасының бұзылуына әкелген. Одан шығатын өнімдердің жағдайы түсінікті. Осы кәсіпорындарға 6, 6 млн теңге айыппұл салынған.
Құқық қорғау органдарының хаттамалары бойынша облыстық прокуратурамен бірлескен 16 тексеріс жүргізіліп, 11 заң бұзушылық анықталғанын да айта кету керек. Аталған кемшіліктерді тексеретін облыста 32 зертхана жұмыс істейді. Бұл зерттеу орындары таза өнімнің өлшем бірлігінің қалыпты нормадан ауытқығанын бақылап, бірқатар сәйкессіздіктерді растап отырады.
А. ЖҮЗБАЙ.