Мектепте мұражай ашылды

Қостанай ауданына қарасты Алтынсарин ауылында ұлы ұстаз есімін иеленген мектептің ішінен Ыбырай Алтынсаринге арналған музей ашылды.Мұражайдың салтанатты ашылу рәсіміне ыбырайтанушы ғалым, профессор Серікбай Оспанұлы, Ы.Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов, Мичурин ауылдық округінің әкімі Балтабек Жұмағалиев, Қостанай аудандық білім бөлімінің басшысының орынбасары Айгүл Хасанова және жергілікті ақсақалдар қатысты.Ең алғаш болып сөз алған ғалым Серікбай Оспанұлы ағартушының білім саласына сіңірген еңбегіне тоқталып, мағлұмат бере кетті.

– Ыбырай Алтынсариннің елімізге сіңірген еңбегі орасан. Оны ешқашан ұмытуға болмайды. Бәріміздің оқып, білім алып жатқанымыз Ыбырай Алтынсариннің арқасы. Ұстаз алғашқы мектебін Торғай даласынан ашқанын білесіздер. Онда қаншама бала оқыды, білім алды. Кейін солар көптеген бала оқытты. Есептесеңіздер, күллі қазақ жеріне Ыбырайдың шәкірттері білім таратты. Алдымда тұрған оқушыларға ақылым, елге қызмет етемін десеңіздер оқыңыздар. Мектеп қабырғасында білім алып жатқандарыңыздың өзі елге қызмет істегенмен бірдей. Өйткені, Ыбырай да, оның ізбазары Ахаң да білім алуды, кәсіп үйренуді айтып кетті. Ыбырай атын иеленген мектеп ұжымының жұмысы алға баса берсін, озат оқушылар шығуына тілектеспін, – деді Серікбай Оспанұлы. Қостанай аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Хасанованың сөзіне сүйенсек, бұл аудан бойынша мектеп ішінен ашылып жатқан 13-ші музей. 

– Ең алғаш мектеп ашқан ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі ұлықтала береді. Егемендік күні қарсаңында Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Ыбырай мұрасы» музейінің ашылғанына куә болдық. Ашылған мұражай оқушыларға Ыбырай Алтынсариннің тағылымды өмір жолы мен оқу-білімге сіңірген еңбегін танып-білуге жол ашады. Мектеп ұжымының жыл бойына жеткен жетістігін жақсы білеміз, алдағы уақытта да білім додасынан алар асуларыңыз көп болсын, – деді Айгүл Хасанова.Мектеп басшысы Алтынбек Нұртаевтың айтуынша, мектеп ішінен мұражай ашу бастамасын бір жыл бұрын ұстаздар қауымы көтерген көрінеді. Алғашқы қадам Ыбырай Алтынсарин турасында деректер жинаудан басталған.

– Ауылымызға Алтынсари аты берілген, мектебіміз де ағартушы, педагог, жаңашыл ұстаз Ы.Алтынсарин есімін иеленген. Ең әуелі мұражай ашу бастамасын тарих пәнінің мұғалімі Әйгерім Сақыпова көтерген болатын. Ұстаз бастамасын ұжым болып қолдап, ағартушы атындағы мектеп ішінен мұражайдың болуы заңдылық деп есептедік. Мектеп оқушылары педагогтың қызметі және өмір жолымен, шығармашылығымен таныс болуы үшін қолға алған бастамамыз демеушілердің арқасында жүзеге асырылды. Ең бастысы ұрпақ игілігі үшін деп есептеймін, – дейді Алтынсарин жалпы білім беретін мектебінің директоры Алтынбек Нұртаев.

Мұражай ағартушының өмір жолынан, шығарған кітаптары мен ашқан мектептерінен ақпарат береді. Ыбырай Алтынсаринге қатысты құнды құжаттардың көшірмелері қойылған және Ыбырай мәңгі тыныстап жатқан мекенде бой көтерген кесенесінің макеті бар.Сондай-ақ, еліміздің картасы үлкен көлемде жасалып, музейдің бір қабырғасына ілінген. Мұражайды қарауға келген кез келген адам ұялы телефонның көмегімен картада көрсетілген QR-код арқылы әр облыстағы Ыбырай Алтынсарин атындағы нысандардың, жоғарғы оқу орындарының, ескерткіштердің электронды ақпаратын ала алады.

Мұражайдың бір бөлігінде ауыл мен мектеп тарихына арналған бұрыш бар. Одан бөлек, туған өлкенің дамуына үлес қосқан тұрғындардың фотосуреттері мен еңбектерін баян ететін арнайы тақта ілінген.

Сералы МЫРЗАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓