ЖУРНАЛИСТЕР БАС ҚОСТЫ

Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «БАҚ қоғаммен тиімді диалог құралы ретінде» атты журналистер семинары өтті. Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған шараға 40 шақты журналист қатысты. Олардың ішінде облыстық, қалалық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Іс-шара аясында екі секция жұмыс істеді. Орыс тілді БАҚ өкілдерімен «Хабар» арнасындағы «Qoǵamdyq talqylaý» бағдарламасының авторы Саят Жөкенұлы ой бөлісті. Онда қазіргі журналистикаға қойылатын талаптар, сапалы контент-мейкинг туралы сөз болды. Ал қазақ тілді журналистерге астанадан арнай келген белгілі журналист Арнұр Асқаров семинар өткізді. Ол қазақ баспасөзіндегі іскерлік журналистика, оның бағыт-бағдары, экономика, мұнай, қаржы тақырыптарына сараптамалық мақала жазу мәселесі және дата-журналистика төңірегінде ой өрбітіп, деректерді сөйлету, оны оқырманға ұғынықты жеткізу жолдары, қазақ баспасөзінде жиі көтерілетін тақырыптар жөнінде әңгімеледі.IMG_4961
– Келген мақсатымыз – жергілікті журналистермен әңгімелесіп, пікірлесіп, шамамыз жеткенше өз білген-түйгенімізді үйретсек деген ой. Бұл жерден де алатын, үйренетін тәжірибелер бар деп ойлаймын. Экономика тақырыбы қазақ баспасөзіндегі аз жазылатын, көбіне ат үсті жазылатын тақырыптардың бірі. Бұл енді іскерлік журналистика ғой. Жергілікті БАҚ өкілдерінің осы тақырыпты барынша тереңдетіп, талдап, сараптап жазуына шама жеткенше үлесімізді қоссақ дейміз.IMG_5014
Бүгінде қазақ баспасөзінде экономика саласына қатысты сараптамалық мақала жаза алатын журналистер аса көп емес. Оның бірінші себебі, журфактағы студенттерге салалық журналистиканың оқытылмауы. Салалық журналистикадағы экономика, қаржы тақырыбын жетік меңгермеген адамның күнделікті жұмыс барысында бірден  терең сараптама жазыпи кетуі өте қиын. Бірақ қазір түрлі курстар, семинар-тренингтер бар. Іскерлік журналистика өкілдеріне арналған түрлі гранттар бар. Оған елдегі ірі банктер мен үлкен қорлардың өздері грант бөліп жатады. Түрлі байқаулар да ұйымдастырылады. Бұл бірте-бірте іскерлік журналистикаға деген қызығушылықты арттырады, – дейді А.Асқаров.IMG_5008
Семинар аяқталған соң Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Динара Қарымсақова астаналық журналистерге алғыс айтып, мұндай сұқбат алаңдарының өңірлік журналистерге тигізер пайдасы орасан екенін атап өтті.  Оның айтуынша, алдағы уақытта журналист біліктілігін арттыруға бағытталған семинар-тренингтер жиі ұйымдастыры-латын болады.
 
Нұрқанат Құлабаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓