Тың шежіресі

Тың совхоздарында ауа райын байқау қызметі
Қостанай. Қостанайдың гидрометеорологиялық бюросына пошташылар күн сайын пошта открыткаларын жеткізіп тұрады. Онда ауа райы жағдайын байқаудың деректері жазылған. Бұл мәліметтерді облыстың тың жерінде ұйымдастырылған 22 совхоздағы агрометеорологиялық күзет орындары жинастырады.
Көктемгі егіс мерзімін әрбір шаруашылық өз алдына белгілейтін қазіргі уақытта агрометеорологиялық күзеттің ролі ерекше арта түседі. Агрометеорологиялық күзет биыл облыстың тағы да 17 совхозы мен МТС-нде құрылады.
ҚазТАГ.
 "Социалистік ауыл" газеті, 27 наурыз 1958 ж.
ҚКП Торғай аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің газеті.
 
Торғайдың боксит рудниктері
Қостанай. Үлкен Торғайдың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Аманкелді ауданында, жердің қойнауын барлаушылар соңғы жылдарда мол боксит кенін тапты. Жетіжылдық жоспар бойынша мұнда рудниктер салынады. Бұл рудниктер Павлодар алюминий заводының шикізат базасы болады. Қарағанды заводы мұнан отқа төзімді балшық алып тұрады. Биыл темір жол жеткізілген Арқалықта құрылысшылар поселкесі салынды. Келесі жылы құрылысшылар кенді ашық әдіспен шығаратын рудниктердің өндіріс орындарын салуға кіріседі.
ҚазТАГ.
"Социалистік ауыл" газеті, 13 қаңтар 1959 ж.
ҚКП Торғай аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің газеті.
 
Тың совхозындағы қарасұр түлкі фермасы
Қостанай. Семиозер ауданының Ленин атындағы колхозында қарасұр түлкінің осымен алтыншы фермасы ұйымдастырылды. Артель фермаға өсіру үшін Новосибирь облысының Белояров совхозынан 32 қарасұр түлкі сатып алды.
ҚазТАГ.
"Социалистік ауыл" газеті, 13 қаңтар 1959 ж.
ҚКП Торғай аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің газеті.
 
Қамыс дайындауда
Тұрғын үйлер мен өндірістік объектілерді салуда жергілікті құрылыс материалы – қамыс ерекше роль атқарады. Ауданымыздың колхоздары мен совхоздары құны арзан бұл материалды жылма-жыл мол дайындап, оны іске асыруда.
Үстіміздегі жылы «Өрнек» астық совхозының коллективі қамыс дайындауға ерте кірісті. Осы мақсат үшін барлығы 4 бригада құрылды. Бұл бригадалардың коллективі ұйымшылдықпен жұмыс жүргізіп, бір бескүндікте 1700 текшеметр қамыс шапты. Қамыс дайындауда К. Фомичева, Б. Глущин, М. Поздеев, В. Бердников жолдастар және басқалар адал еңбек етті. Қамыс шабу әлі де қызу жүргізілуде.
"Қызыл ту" газеті, 27 желтоқсан 1956 ж.
ҚКП Қарабалық аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің газеті.
 
Асханадағы қожалар
Бөрлі МТС-інде көпшілік асханасы бар. Бірақ ол талапқа сай жұмыс істемейді. Мұнда тамақтың түр-түрі аз пісіріледі.. егер сен асхана ашылатын мезгілден сәл бұрын бармасаң, құрғақ паекке қаласың.
Асхана қызметкерлері өздерінің кеулі жетерлеріне дәмді тамақты басқалардан жасырып та бере алады. Олар бұл кемшіліктерін айтқандарға:
– Жұмысыңыз болмасын, өздерің ас пісіргенде қожалық етерсіңдер, – дейді.
Бұл жағдайларға Михайлов сельпосының басшылары назар аударар.
С. Маралов.
"Қызыл ту" газеті, 9 желтоқсан 1956 ж.
ҚКП Қарабалық аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің газеті.
 
Жаңа техника
Жуырда «Бозкөл» астық совхозына көп жаңа техника келіп түсті. Олардың ішінде 3 "Сталинец-6" комбайны, 2 "Беларусь" тракторы, 4 "КУТС" маркалы культиватор, 11 жатка, 101 лафет, 2 сүрлемдік комбайн, колхоз ғалымы Т. С. Мальцевтің әдісімен жер өңдеуге арналған 5 плуг бар. Таяудағы күндердің ішінде совхозға тағы да 10 бестілді плуг әкелінеді.
"Қызыл ту" газеті, 2 желтоқсан 1956 ж.
ҚКП Қарабалық аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің газеті.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓