“G-Global – Ұлы әлем”
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде алғаш рет G-Global бастамасын қолдауға арналған келелі басқосу болды. Форумның жұмысына облыс әкімі Нұралы Садуақасов пен ҚР Парламент Сенатының депутаттары Анатолий Башмаков, Құсайын Уәлиев, Жеңіс Нұрғалиевтер қатысты.
Ғаламдық мәселені ғалымдармен бірлесе отырып кеңескен халық қалаулылары алдында түрлі ұйым өкілдері өз ойларын ортаға салды. Жиынды ашқан аймақ басшысы Н.Садуақасов: "G-Global- көп жақты қарым-қатынасты айқындауға бағытталған халықаралық ұйымдар мен көптеген елдердің қызығушылығын тудырды. Бұл ауқымды жоба әлемдік қоғамдастықты елең еткізді", – деп атап өтті.
Осыдан екі жыл бұрын Астанада өткен бесінші экономикалық форум үстінде Елбасының G-Global алаңын құру туралы ұсынысын төрткүл дүние түгел қолдағаны мәлім. Бұл жоба – жаһандық экономикалық дағдарыстан шығуға мүмкіндік беретін бірден-бір дискуссия алаңы. Н.Назарбаевтың тосын идеясына сол кезде шетелдік сарапшылар да жоғары баға берді. Мәселен, британдық және халықаралық ірі құрылымдарда қызмет ететін беделді сарапшы Питер Щиди дүниежүзінің алпауыт елдері бас қосқан талай пікірталасқа қатысқан. Ол Қазақ елі басшысының G-Global туралы бастамасын теңдесі жоқ тұжырымдама деп бағалапты.
Жаһандық жарқын идея
ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаковтың мәлімдегеніндей, әлемде қордаланған проблемаларды тек G-7 немесе алдыңғы қатарлы 20 елдің қатысуымен шешу мүмкін емес. Еуропадағы дағдарыстың қайта өршуі осының айқын дәлелі, – дейді халық қалаулысы. Оның айтуынша, әлемдік ауқымдағы қиындықтарды жеңу үшін барлық ел күш жұмылдыруы керек. "Мұндай ашық пікірталас алаңы дағдарысқа қарсы күрес жолдарын жан-жақты талқылап, одан шығу жолдарын табуға көмектеседі деп ойлаймын. Мақсат – бүкіл жер бетіндегі өмірді жақсартудың тың әдістерін ұсынатын дарынды адамдарды тарту. Сондықтан көптеген саясаткерлер, сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қолдайды", – деді ол.
Ұлт көшбасшысы ұсынған G-Global жобасы адамзатты құрдымның шыңырау тереңіне құлатпауға сеп болмақ. Сол үшін Қазақ елі Президентінің бастамасына әлемнің 190-нан астам елі үн қосты. Анатолий Башмаков әріптесі Құсайын Уәлиев екеуі бірқатар шет мемлекеттерде болып, халықаралық маңызды басқосулардың биік мінберінен сөз сөйлеген. Сенат депутаттары Н.Назарбаевтың ауқымды жобасы туралы әлемдік сарапшылардың пікірін сан мәрте естіді.
– G-Global" бастамасы – бұл тек аға және орта буын ұрпақтарының ісі емес. Бұл бастаманы қолдауға және оны іске асыруға жас ұрпақ та араласуы тиіс. Жарқын болашаққа жету үшін қалың көпшілік осы идеямен өмір сүруі керек, – деді сенатор Қ.Уәлиев.
Жобаның мәмілегерлік міндеті зор
Сенаторлар ақпараттық-коммуника-циялық алаңдар мемлекеттер мен үкі-меттік емес ұйымдар арасындағы үнқатысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айта келіп, шараға қатысушыларды "G-Global" – дискуссия алаңдарының жұмысына қатысуға шақырды.
G-Global-дың XXI ғасырдағы жалпы әлемдік тепе-теңдікті ұстап тұратын маңызды элементке айналу мүмкіндігі мол. Оның жаһандық толеранттылықты қалыптастыруда басқа халықаралық диалогтық құрылымдармен өзара іс-қимылды жолға қоюға, беделі мен әлеуеті халықаралық бітімгерлік тетіктерінің бірі ретінде белсенді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте Елбасы дәл әрі дер кезінде ретті мәселе көтере білді. Президент айтқан "отбасы, балаларды тәрбиелеу дәстүрі, ұрпақтар сабақтастығы жә-не басқа кез келген қоғамның моральдық және адамгершілік дәнекерлерінің қаққа жарылуы, өкінішке қарай, қазіргі заманның ащы шындығы,".
G-Global алаңы – мемлекеттер, халықаралық түрлі ұйымдар арасында тығыз байланыс орнатып, сол арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Жалпы адамзатқа қатысты маңызды мәселелерді осы ашық алаңда бірлесіп шешу мүмкіндігі туады. G-Global жобасын жүзеге асыруда жастарға да жүктелетін міндет зор.
Талпынған ғана тұйықтан шығады
Қазақ Президенті, сөз жоқ, өзінің тәжіри-бесінен түйген саяси көзқарасын білдір-ді. Жаһандану жағдайында әлемдік экономиканы тұйықтан тек ұлттардың бүкіл қоғамдастықтарының біріккен күш-жігері ғана шығара алады. Мұны барлығы да мойындайды. Сондықтан, Н.Назарбаевтың ХХІ ғасырда әлемдік өзара қарым-қатынастардың тиімді үлгі-моделін түзіп, іске асыруды ұсынуы, оны "G-GLOBAL – ҰЛЫ ӘЛЕМ" деп атауы тегін емес.
Ұлт Көшбасшысы жаңа пікірталас алаңын құру бастамасын көтергенде, оның дағдарыстардан сенімді қорғалған, тиімді әлемдік валютасы, сауда мен ынтымақтас-тықтың әділетті жүйесі бар, гүлденуші жаһандық экономика екендігін айтқаны мәлім. Мұндай жоғары технологиялар барлық адамдардың бақыты мен әл-ауқатына қызмет етеді. Жалпы, G-Global алаңының аясы кең. Сіз саусақ бүгіңіз, біз санап берейік: өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің алдын алу, ұлттар мен мемлекеттер арасындағы сенім,ұлттардың толерантты қоғамдастығы, ядролық жою қатерінен мәңгілікке құтылу. Соңғысына тәуелсіз Қазақ елінің ұстанған саясаты өнеге боларлық. Елбасының жер-жаһан жұртшылығына ұсынып отырған "Қайырымды әлем" идеясының мәні – осы.
Бүгінде жаһандық диалог – халықаралық форумдар мен кездесулер шеңберімен шектелмеуі тиіс. Интерактивті тілдесу арқылы оған бүкіл әлемнен қатысып жүрген өкілдердің саны барған сайын ұлғая түсті. Қазақстан ұсынған G-Global -дың идеясы мен форматы осы тұрғыда жаһандық өзара түсіністік пен толеранттылықты қалыптастырары даусыз.
– Тәуелсіз Қазақстан – жүзден астам этнос бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан ел, – деді Анатолий Башмаков, – Біз этносаралық келісімнің төл моделін құрдық. Кез келген этникалық тектегі және діни ұстанымдағы қазақстандық – тең құқылы азамат, біртұтас азаматтық бірліктің бөлінбес бөлшегі.
Форум соңында оған қатысушылар "жаһандық сәулеттің жаңа қағидаларын ілгерілету идеясына" қолдау білдіріп, G-Global-ді қолдау коалициясын құрды.
Біздің түйін
Әлқисса, жұмыр жердегі ірілі-ұсақты елдердің бір-бірімен жаға жыртысып, қырықпышақ боп жатқандағы көксегендері не? Әрине, экономикалық мүдде. Бұл дегеніңіз асты-үсті қазба байлыққа тұнып тұрған шөкімдей жер болса да қармап қалу. Қазақы қисынға салсақ, "Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын" – деген қиқым саясат, әсіре пиғыл жатыр мұның астарында. Бұдан түрлі қорытынды жасауға болады. Алып мұхитта тірлік кешкен балықтар жайынға жұтылып кетпесі үшін одан іргелерін аулақ салып, жырақта жан сақтайды. Жануарлар әлеміндегі әлсіздердің де күштіге жем болуын табиғи заңдылыққа балаймыз әдетте.
Алайда, адамзат баласы күн сайын көз алдымызда көшіп жатқан өркениет атаулыға әбден бой үйретіп, енді бұрын-соңды ешкімнің түсіне кірмеген нанотехнология дегенді ойлап тапқандағы түйсіктің тарылып, жүздеген жылдар бойы іргесінде түтін түтетіп келген тату көршісіне көз алартуын салиқалы саясаткерлердің өздері сан-саққа жүгіртіп әлек. Не істемек керек? Жарайды, алпауыт елдердің әлжуаз мемлекеттерге қоқан-лоқы жасап, қыр көрсетуін атам жылғы амал деп қарастырайық. Бірақ, төрткүл дүниені дүрбелең буған бүгінгідей алмағайып заманда жаһандану үдерісін мұнымен ешкімнің тоқтата алмасы хақ. "Саусақ бірікпей, ине ілікпейді" деген қарапайым бір тәмсіл бар қазақта. Жер шарын мекендеген жұмыр басты пенденің бетін бір қаратса, осы Джи-Глобалыңыз сеп болар деген Қазақ Президентінің жаһанға айтқан жанайқайын біздің сана осылай қабылдайды. "Ырыс алды-ынтымақ" дегенді ілгері де айтып кеткен бабалар өсиетінің түп-тамыры міне, осында жатыр.
Әлібек
ЫБЫРАЙ
Суретте: ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан халқы Ассамблея-сы төрағасының орынбасары А.Башмаков.