Қаламызға көрік берген спорт алаңы
"Жүйріктен жүйрік озар жа- рысқанда" демекші Лисаков қаласындағы №3 қазақ орта мектебі облыс көлемінде өткен мектептер сайысында үздік ұйым атанып, 15972800 теңге көлемінде грант ұтып алған еді. Қомақты қаражат мектеп алдындағы спорт алаңына заманауи фут-бол, баскетбол, волейбол және жүгіру алаңдарын жабдықтауға жұмсалды. Жақында қайта жөндеуден өткен спорт алаңының салтанатты ашылу рәсіміне қала тұрғындары мен жергілікті билік өкілдері қатысты.
Алдымен сөз алған Лисаков қаласы әкімінің орынбасары Марат Жұрқабаев: "Бос уақыттарыңызда спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстаңыздар", – деді. Бұл кеншілер қаласында пайдалануға берілген төртінші спорт алаңы. Құрылыс жұмыстарын "Гренада" ЖШС жүргізді. Аталған фирма жұмысшылары ауа райының қолайлығын пайдалана отырып, жөндеу жұмыстарын екі аптаның ішінде аяқтады. Футбол алаңына жасанды төсеніш төселді. Ал волейбол, баскетбол және жүгіретін жол тартан материалынан жасалған.
Футбол алаңын сынап көру үшін 8-9-шы сынып оқушылары арасында достық кездесу ұйымдастырылды. Балалар жасанды төсеніштің сапасын жоғары бағалап отыр. Өйткені бұған дейін олар тас аралас топырақта ойнаған еді. Футбол алаңындағы қақпалар, баскетбол ойнауға арналған шеңберлер, барлығы да судай жаңа. Сонымен қатар спорт алаңының айналасына 8 шам орнатылған. Яғни, кешкі уақытта да барлық қала тұрғындары алаңға келіп, спортпен айналысуына болады.
Мұхамед-Әли МҰЗАРАВШИН,
"Қостанай таңының" жас тілшісі.
Лисаков қаласы.