Қайырымдылық керек-ақ
"Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын" деген данышпан Абай атамыз. Осы айналамызға қарасақ кейде жұмыс істемей қараптан-қарап жүріп азып, тозып жүргендер бар. Қалай десек те, олар да әке-шешеден туған, біздің отанымыздың адамдары. Олар азып тозып, қаза болғандарына жәйбарақат қарап жүруге хақымыз жоқ. "Өзімізге жақсы, қалғандары не болса ол болсын" деп ойлау адамшылыққа жатпайды. "Жақыны тар қапаста тарыққанда, адал ер құс төсекте шалықтар ма" деген данышпан Сағди. Әсіресе, жастар жұмыссыздықтан, аурудан, арақтан қайтыс болуы кездеседі. Оларға медицинада ақысыз емделуге жағдай жасалса екен.
Германияда арақтан ауру болғандарға – алкоголиктерге жазылмайтын ауру деп зейнет-ақы төленеді екен дейді. Бізде олай істеуге бюджеттің қаржысы жоспарланбаған, жетпеуі де мүмкін. Келешекте халық талап қойса зейнетақы төлеуге де болатын шығар. Қазақстанда арақ, шарап, сыра, есірткі сатылмаса, халқымыз азбас еді. Олардың орнына қымыз, шұбат өңдірістері ашылса екен. Арақ бір жағынан көңіл көтеретін сусын болса, екінші жағынан қазақты қыруға, пайдаланатын елеусіз қару ретінде көрінеді. Халық болып бірігіп Парламенттен, үкімет басшыларынан алкогольді сусындарды Қазақстанда сатпауына ұсыныс жасасақ, ол да орындалуы мүмкін мәселе.
Заң бойынша Конституция-мызда заңның негізін қалаушы халық деген бар ғой 3-ші бапта. Әзірше азып, тозып жүрген қандастарымызға ең болмаса бір мезгіл түсте хәләл, адал ыстық тамақ беретін жағдай жасауға болатын шығар. Мамандығы жоқтарға қазақ тіліндегі оқулықтармен ақысыз мамандық алуға, жұмысқа орналастыруға болар еді. Осындай орынды мешітте, т.б. жерде ашуға болатын шығар. Мысалы, әр құдайжолы беруші газетке жарнама береді. Оны қала тұрғындары көбі оқиды. Құдай жолынан қалған асты мешіт адамдары үйлеріне алып кетеді, қалғанын жерге төгеді. Оны жұмыссыз жүрген қазақтарға, отбасы жағдайы нашарларға түскі хәләл ас ретінде мешітте, не басқа баспанада берсе. Халық, мешіт, үкімет орындары бірігіп, қоғам құрып материалдық жағдайы төмен қазақтарды қамқорлыққа алса болар еді. Сол ас берген жерде тәрбие ретінде Мұхамбет Пайғамбардың хадистерін насихаттап, жақсы өнегелер айтылып, және: олар да біреудің әлпештеп өсірген ұл, қыздары, олар ата-аналарына, елге керек, өздерін өздері бағаласын, жақсылыққа ұмтылсын, арақ, шараптан аулақ болсын деген мағынада уағыздар айтса..
Осы пікірлерді қостайтын адамдар болса, ұйымдастыра алатын, алып қосары болса газет арқылы ойларын білдірсе екен.
Қ.Алдаоңғаров.