Шәкірт жүрегіне жол тапқан Ұлағатты ұстаз Рәзия Бектас туралы сөз
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. "Ұстазды алтын діңгекке теңер едім", – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеу-меттік-гуманитарлық колледжінің мұғалімі Бектас Рәзия Мұқсынбекқызы.
Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Рәзия Мұқсынбекқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Рәзиядай ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге.
Ол – Торғай елінің тумасы. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болды. Аяулы анасы мен асқар таудай әкесі өздері өмір кешкен дәуірдің әсерінен болар, сауат ашпаған екен. Сондықтан да болар өз бауыр еті балаларының тиісті білім алып, үлкен азамат болуын армандады. Сол үшін де барлығын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп тәрбиеледі. Әсіресе, қыр гүліндей құлпырған қызғалдақтарының ішінен ең үлкені Рәзияның болашағына ерекше үлкен үмітпен қарады. Жас- тайынан білімге құштар Рәзия ата-анасының сеніміне еш шүбә келтірген емес.
Мұғалім болу арманы, тұлымы жел-кілдеген жас қызды мектеп бітірісімен Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына әкеледі. 1976 жылы институттың физика-математика факультетін бітіріп жоғары білімді жас маман ұстаздық еңбек жолын бастайды. Сол кездердегі үрдіс бойынша оқу бітірген жас мамандарды облыстың кадрлар жетіспейтін шалғай аудандарына жіберу дағдысы бар еді. Жолдамамен алғашқы еңбек жолын Жанкелдин ауданының "Еңбек" кеңшарынан бастайды."Жас келсе – іске" дегендей, аз ғана уақытта жас маман аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді.
Кейін Арқалық қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметті абыроймен жалғастырады.
Уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. 2001 жылы отбасылық жағдайға байланысты Рудный қаласына көшіп келіп, мұндағы мұғалімдер даярлайтын бірден-бір жалғыз оқу орны – Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне қазақ тілі пәнінің оқытушысы ретінде қызметке орналасады.
Содан бері біраз уақыт өтті. Жүйткіген уақыт ешкімге жеткізер емес… Жақында Рәзия апайымыз зейнеткерлік демалысқа шықпақшы. Әйтсе де бойынан сол бір жастық жігердің ұшқыны жылдар өтсе де әлі де сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде.
Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшеленді-реді. Оның қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық. Оның мұғалімдік қабілетімен қатар спортқа да бейімі бар екенін колледж қабырғасында оқытушылар арасында дойбыдан өткізілген спартакиададан 1-орын ал-ғанда ғана білген болатынмын.
Қазақтың әйгілі жазушысы Ғ.Мүсірепов "Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім" демекші, Рәзия Мұқсынбекқызы "Бастауыш білім беру" мамандығының 4-курс тобының жетекшісі. Ата-анадан жырақта жүрген студент жас- тарға оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстаз.
Ол сонымен қатар колледждің талапты да талантты студенттерінен құралған "Шамшырақ" драмалық театр үйірмесінің көркемдік жетекшісі. Мұның өзі тәжірибелі ұстаздың тағы бір қырын айқындай түскендей. "Бұлақ көрсең, көзін аш" демекші, қаншама дарынды жастардың өнер айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін беруде. Аталмыш үйірме арқылы студенттердің тылсым сырға толы театр әлемімен таныстырып, сахна мәдениетін жетік меңгеру мақсатында жемісті жұмыс жасауда. Ол әр кезде өнерлі де өрелі М.Бекқали, Н.Анапияев, Д.Сәбитбек, Қ.Асхат, А.Қалелова, Б.Өмірбек, т. б шәкірттерін үнемі мақтан тұтады.
Ол тек қана нағыз ұстаз ғана емес , өз отбасының мәуелі бәйтерегі. Жолдасы Асқарбек екеуі ата-ана орнын басып, бауырларына қашанда көмек қолын ұсынатын таза жүректі, мейірімді жандар.
Индира Жайлаубаева,
Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің психология пәнінің оқытушысы.
СУРЕТТЕ: Рәзия Бектас.