Қала вокзалдан басталады
Көкірек көзі ояу кез-келген қазақ өзі тұрып жатқан Қостанайдағы мемлекеттік тілдің ахуалына бей-жай қарай алмайтын шығар. Анау жылдары қала көшелеріне ілінген жарқырақ жарнамалардағы шолақ сөйлемдердің мемлекеттік тілдегі нұсқасы адам жыларлықтай халде еді. Қазір біршама түзелді. Дегенмен, қоғамдық орындарда қате жазылып, ешкім ерен санамай жүрген жазбалар әлі де баршылық. Мәселен, вокзал кассасындағы "Жұмыс ұақыты" деген жазуды көріп, өзіммен бірге кезекте тұрған келіншекке көрсетіп ем, әлгі келіншек ыржың етіп күлді де қойды. Оған күлкілі болғанымен, менің намысыма тиді. Билет сатып отырған бадырақ көз қара қызға "Неге мына қатені түземейсіңдер?" деп ем, тіксіне бір қарады да, "Вам куда?" – деп қарсы сұрақ қойды. Қатені түзетуге уақыты жоқ екенін түсіндім.
Вокзал ішін әдейі аралап көріп ем, адам көп жиналатын көрнекі жерлерге жазылған жазбалдардың біразы қате екен. Сонда мұны кім түзейді? Әлгі келіншек сияқты ыржың ете қалып жүре береміз бе? Азаматтық жауапкершілік, ұлттық намыс қайда? Тіпті, қала көшелеріне қазақ тілінде әдемілеп тұрып неше түрлі тұр-мыстық қолданысқа қажетті сөздерді жазып, іліп тастауға болады ғой. Сонда халықтың да көзі үйреніп, тілі жаттығар еді. Ел боламыз десек, ең алдымен осындай көрнекі жазуымызды, шұбарланған тілімізді түзеуіміз керек.
Хадиша Шотаяқова.
Қостанай қаласы.