Тойхана, асхана беташар орны емес

Мен өзім қарт та болсам  "Қостанай таңының" әр нөмірін асыға күтіп, түгел оқитын адаммын. Кей мақалаларды оқып, ойға қаламын. Газет бетінде жаныңа жағатын да, жаныңды түршіктіретін де материалдар болады. Әсіресе, қазақтың кешегі салт-дәстүрін ескірді деп, күресінге тастап, жаңасы деп барды бәтқорлауға баратын қылықтар өршіп бара жатқаны туралы жазылды. Сондайдың бірі – беташар. Беташар – ең бір өміршең, ұлағаты көп дәстүріміз. Ал енді сол дәстүрді жаңа заман деп мазақтағандай қалай болса солай жасайтынымыз қалай? Келіннің бетін айлап, жылдап ашпай, баласын туғызып алып ашқан не сұмдық?
Атамыз қазақ келіннің бетін келін түскен күні ашқан. Аш-қанда да ауыл-үйдегі ағайын-туыстардың ортасында құтты болсын айтылып, шашу шашылып, шағын жұртпен ашқан. Оған сырттан, алыстан құда-жекжаттарды шақырмаған. Құда-жекжат  үлкен тойға шақырылады. Ағайындардың арасындағы қадірменді үлкені беташарда бата береді.
Бүгінде заманның тынысына орай мейрамханада немесе асханада  келіннің бетін ашу дағдыға айналды.  Меніңше, бұл ата дәстүрдің қасиетін аяқ асты ету.  Себебі, келін ең алдымен әулет, атаның ақ  босағасына түседі.  Қара шаңыраққа, яки өз шаңырағына, оң аяғымен кірген соң,  келінмен бірге отбасына ырыс-береке, несібе кіреді деген. Келіннің бетін ашқан шаңырақ ол  оның келешек отаны, отбасы, жан ұясы.  Ал шаңырақ қазақта киелі. Мәні жағынан беташар тойдан да зор. Бірақ, оны тыңдап, елеп жат-қан кісі болсайшы. Ойдағы-қырдағы үрім бұтағына дейін сәлем бергізіп, асаба ақша сұрап беташардың шырқын бұзады.
Мейлі, түрлі себеппен, жағдайына байланысты  үйлену тойын кешіктіріп, жыл салса да өткізуге болар. Бірақ бет-ашарды олай істеу  күнә. Оның үстіне қазір беташардың қадірін білетін келін  болса, ол да дәстүрге адалдығын білдірер еді.
Жалпы, үйлену тойында  беталды, мәнсіз  шығын көп.  Бұл енді менің ойым. Келісу,  келіспеу, оқырманның патша көңіліне байланысты.
Жолдыбай Шәкірұлы,
зейнеткер.
Қостанай қаласы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓