Ұлы өнердің қайнарынан сусындаған
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры халыққа толды. Себебі әріптесіміз, дәстүрлі әнді сүйетін қалың қауым әнші, жыршы, термеші, қобызшы, республикалық байқаулардың лауреаты Қыдырбек Қиысханның "Байрақты елім – байтақ елім" атты шығармашылық кешіне жиналды. Шығармашылық концерт көрерменін ерекше әсерге бөлеп, ұлт өнерінің қайнарынан сусындатып, көңілді шалқытып, рухты асқақтатты. Өнерпаздың ән-жыр думаны облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен, облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығының қолдауымен, "Ерулік" облыстық форумы аясында дарынды қандастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айта кетейік.
Қыдырбек Қиысхан кәсіби өнерпаз болмаса да, нағыз тума талант. Олай дейтініміз бұл салада арнайы алған білімі жоқ. Бала жастан айтыс, өнер сайыстарынан қалмай, өзінің таудай талабын шабыттандырып, өнерде жүрген аға толқын ағаларын ұстаз тұтып, көп дүниені үйренген. Бір естігеннен қағып алатын нағыз құйма құлақтың өзі. Қыдырбек облысымызда жыл сайын өтетін «Жас тұлпар» оқушылар айтысы байқауының тұңғыш жеңімпазы екенін ескереміз.
Бүгінгі кешінде өмірдегі, өнердегі ұстаздарының есімін атап, алғысын білдірді. Осы жолға жетелеген алдымен әкесі Қиысхан Мұғражұлы болса, одан кейінгі ұстазы белгілі меценат Жазит Құдайқұл, академик Зұлқарнай Алдамжарұлы, журналист Сәлім Меңдібайлар еді. Осы кісілерден көпті үйреніп, өзіне пір тұтты. Одан қалды осы термешілік, жыршылық өнерге баулыған белгілі дәстүрлі әнші Манапбек Кәдіров, ал қобызды ойнауға үйреткен белгілі қобызшы Батырбек Байназаров.
Кеш барысы театрландырылған қойылымнан басталып, Ақтамберді, Тәтіқара жыраудың, Ақан сері, Нұржан Наушабайұлының шығармалары, халық әндері нақышына келтіре орындалды. Делебесі қозған көрермен «беу» десіп, өздері ұнататын әндерді қалап, орындатып та жатты. Осы кеште қобызда «Тәтіқара жыраудың толғауы» шығармасының тұсауы да кесілді. Ән әлеміндегі ұстазы, дүлдүл әнші Манапбек Кәдіровпен бірге ұстаз- шәкірт болып, әуелете ән салғаны тіптен жарасымды болды. Қыдырбекке қасиетті қара қобызды үйреткен дәулескер күйші, қобызшы Батырбек Байназаров Қорқыттың “Қоңырын” күңірентті. Үзеңгілес досы Талғат Молдағалиев, өнердегі қос қарындасы Айжан Санай мен Фариза Жоламанованың ән-шеруі тыңдарманды шабыттандырды. Атақты “Ақжелең” фольклорлық-этнографиялық ансамблі күмбірлі кешті күймен көмкерді. 30 жылдық тарихы бар "Жас тұлпар" оқушылар айтысының алғашқы бас жүлдегері Қыдырбек Қиысхан мен биылғы жеңімпазы Дінасыл Бақытбектің айтысы көптің көңілін көкке көтеріп тастады.
Қыдырбектің асыл жары да құралақан емес. Облыстық газеттің тілшісі Шұғамен екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп отырған отбасы. Ұлдары Нұртөре Астана қаласындағы Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінің ұланы. Қыздары Айзия мен Айзере «Алтынай» халықтық-үлгілі би ансамблінің құрамында республикалық байқауларда, халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүр. Айзере қызымыз әкесінің жолын қуған өнерпаз. Бүгінг кештің сәнін келтіріп, би де билеп, аспапта күй де орындап берді.
Кеш иесін құттықтап өнерсүйер қауым келді. Ел ағасы Кенжебек Үкіұлы батасын берді. Облыстық «Қостанай тыңы» редакциясының ұжымы әріптесін қолдап, Алғыс хат пен гүл шоқтарын тарту етті.