Торғайда медресе ашылды
Биыл ҚР Еңбек сіңірген мұғалімі, ағартушы-ұстаз, дін қайраткері Ғазиз Әмірханұлының туғанына 95 жыл толды. Осыған орай Торғай кентінде қайраткер атындағы медресе ашылды.

1992 жылы іргетасы қаланған діни оқыту орталығы заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, «Ғазиз қажы атындағы медресе» атауымен қайта жаңарған ғимараттың лентасы қиылды. Аудан әкімі Шота Оспанов, Қазақстан мұсылмандар діни басқарамасы бас мүфтиінің кеңесшісі Кенжетай қажы, ауданымыздың Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Тыныштық Әбжамалов тілектерін білдірді. Ғазиз қажы Әмірхановтың рухына құран бағышталды. Қайта түлеген медреседе шәкірттерге барлық жағдай қарастырылған. Жиырма адамдық жатын бөлмесі төсек орындарымен және арнайы оқу бөлмесі құралдармен қамтылған. Ал, бір бөлмесі ағартушы ұстаздың тұтынған заттарымен толықтырып, мұражайға айналдырған. Саналы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі бола білген ұстаздың шығармашылық-педагогикалық қызметінің құндылық негіздерін ашу мақсатындағы конференция Астана, Арқалық қаласынан және облыстық білім басқармасының қызметкерлері, Амангелді ауданынан арнайы шақырылған меймандар, дін өкілдері мен шәкірттері қатысты.


Өнегелі өмірінің 45 жылын барлық күш-қуатын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаздың есімі ел есінде мәңгілік сақталары сөзсіз. Өлшеусіз еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Қазақ ССР оқу министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Тарихи Торғай еліндегі жас ұрпақтың болашағы жарқын болу үшін көз майын тауысып, білім нәрін сепкен ұстаз руханият саласында да тер төкті. Елі ардақтап құрмет тұтты. Ұрпағы ізін жалғап, дін жолында еңбек етіп жүр..
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы