Қоғамға пайдалы болу әр азаматтың парызы
Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орайластырып конференция өтті. Конференция барысында қоғамдық бақылау институтының жұмысы, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығы, азаматтық жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың алдын алу шараларының сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Түрлі мақсатты топтардың өкілдері өз ойларын ортаға салды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып жарияланды. Бұл күн 2004 жылдан бастап атап өтіліп келеді. 2003 жылы осы күні Мексиканың Мерида қаласында саяси конференцияда БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылданды. Конвенцияның мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның дамуына жол бермеу. Бүгінгі күні Конвенцияға 140-қа жуық мемлекет қол қойып, 80-ге жуық мемлекет ратификациялады. Қазақстан осы Конвенцияны 2008 жылғы мамырда ратификациялады.
Облыстық Антикор басшысы Бауыржан Ұзынжас: «тек бір мемлекеттік органның күшімен сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл бола алмаймыз» деді. Сондықтан баршамыз бірігіп, саналы түрде күрескенде ғана жолын кесе аламыз. Жиын барысында 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру кезеңдері, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар жарияланды.
Конференция барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қолда бар тәжірибелерімен бөлісіп, сондай-ақ тетіктерді жетілдіру бойынша бірқатар өзекті ұсыныстар енгізді. Мәселен, облыстық Қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің басшысы Нұрбек Әбдібековтың айтуынша, ағымдағы жылдың жаз айларында бірлескен жұмыс шеңберінде Комитет мүшелері облыс әкімдігінің барлық басқармаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында атқарылған жұмыстар туралы есептерін саралаған. Ол осы тәжірибені кеңінен жалғастыруды және Комитет мүшелерінің Антикор жүргізіп отырған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындыларын тыңдауға қатысуын ұйымдастыруды ұсынды.
Ал облыстық "ГрИн" азаматтық альянсының төрайымы Динара Өтебаева өңірдің шалғай аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Олар жақында "Әділдік жолы" қоғам қайраткерлері мен Антикор басшылығы Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына барып, сумен жабдықтау нысандарының жұмысымен танысып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін жекелеген сумен жабдықтау нысандарында жұмыс қайта жанданып, кемшіліктер жойылып, шара қабылданған. Негізсіз төленген 26 млн теңге қайтарылып, су құбырларын салу жоспарлары қайта қаралды. Осындай жұмыстардың арқасында ауыл тұрғындары ауыз суға қол жеткізіп, үйлеріне су құбырын орнатпақ.
Конференцияға қатысушылар «мемлекеттік органдардың қызметін ашық көрсетіп, жұмысын халық алдында жария етіп отырса еш заңсыздық болмайды. Мұндай бастамалар олардың имиджін арттыруға мүмкіндік береді» деген ортақ пікірге тоқталды. Жемісті еңбек етіп, жетістік көрсеткен қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдардың өкілдері, ТБН-4 жобасының менеджерлері бүгінгі бас қосуда марапатталды. Жұмыла бірлескен істі әлі де жалғастырып, қоғамға пайдалы әрекет ету әр азаматтың парызы. Мұндай біріккен бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.