ҚАРЛЫҒАШТЫҢ ҰЯСЫ

(әңгіме)
479861_originalҚұлын-тайдай тебісіп, құмда бірге өскен достарым мен кластастарыма арнадым.
 
Егер менен өміріңіздегі ең есте қалған сәттерді айтып берсеңіз деп өтінсе, мен ойланбастан балдәурен балалық шағымдағы қайталанбас, қызыққа толы оқиғаларды айта берер едім,  айтқым келе берер еді.
*******
Әр көктемді ес білгелі асыға күтетінмін. Әкем мен әжем аман-есен қырға шықсақ екен деп армандаса, мен қар еріп, тезірек жер құрғаса екен, достарыммен қой бағуға шығар едім, қыр қыз-ғалдағын теріп, суға түсер едік, көбелек қуар едік деп армандайтынмын. Арасында әкемнен (әкемнің әкесін осылай атайтынмын. Өйткені, туғаннан сол кісілердің тәрбиесінде болдым) "қыр" деген не деп сұрадым. Әкем әдетінше бір жымиып қойып, асықпай ғана:
– "Қырға шығу" деген, қызым, қыстан аман-есен шығу, көгарай шалғынға аяқ басу, өмірдің жал-ғасы, көктем мен жаз, мына күннің шуағы, – дейтін.
Міне, қырға да шығуға таяп қалдық. Көктем мен, әкем, әжем үшеуміз үшін еңбек етуден басталады. Әкем қар күресе, мен де қар күреймін. Бұлақ көзін ашса, мен де көмектесемін. Қойларды суарып, оларға шөп салса, мен де соны істеуге кірісемін. Әжем ешкінің түбітін тараса, мен де қосарласа тарасамын. Не керек, ол кісілерден бір елі қалыспаймын. Жағаласып жүріп қалай шаршағанымды да білмей қаламын. Арасында достарыммен тығылмақ ойынын ойнап келемін. Екі бетіміздің ұшы алмадай қызарып, үсті-басымыз малмандай су болғанда, әкем: – "Тайлағым, үйге қайта-ғой," – деп шақырып алады. Үйге ентігіп, жүгіріп кіретінмін. Су-су болғанша неге жүрдің дегендей әжем қарап қояды.
Көктемнің көңілді сәттері осылай өтіп жатты. Қар еріп, жылғалардан сылдыр су ақты. Көзді ашып-жұмғанша ақ күміс қар көзден ғайып болып, Жер-Анаға көк шықты. Бастары қылқиып, алғашқы жауқазын көтерілді. Көктемнің алғашқы хабаршылары шағала-шаңқан ұшып келе бастады. Бір жіпке тізілгендей үй төбесінен қалықтап ұшқан қаз бен үйректі де байқадым. Тіпті, қызықтап, көзім қарауытқанша қарап тұрамын. Ал ақтамақ қарлығаштар ше? Үстері тап-таза, көздері мөп-мөлдір, дауыстары да қызық! Төбедегі электр сымына тізіліп отыра кеткенде, көзім қызығып, кәдімгідей тілдескім келеді. Алғашқыда қызық көріп үркіттім. Ұшып барып, қалықтап кеп қайта орнына қонады. Оны байқаған әкем:
– Қызым, үркітпе. Олар жақын арада ұя салуға тиіс. Қарлығаш-қайырымды құс, – деп түсіндірді. Сол күннен бастап өзімнен де маза кетті, әкеме де маза бермедім. Ұяны қашан, қалай салады екен деген ой-ғой мені мазалаған.
Міне, қызық! Бүйірі аққанатты қарлығаш қораға бір ұшып кіріп, бір ұшып шығып жүр. Қарасам, аузында бір уыс шөп!
Қораға жүгіріп кірдім. Міне, қара! Ұя салып жатырмын дегендей, қарлығаш самғай ұшып барып бөренеге шөбін тастай сала, маған қарап шықылықтап қояды. Сөйтіп қора ішінде ұя пайда болды. Қарлығаш тапжылмастан ұясында отырады. Күніне бірнеше рет қарап кетемін. Ішімнен су ішпей ме, қарны ашпай ма деп, ойлап қоямын.
Алғаш  көрген-білгендерімнің бәрін әкеме  баяндап бердім. Әкем маған өзгеше бір жылылықпен қарап:
– Дұрыс, қызым, қызықтағаның. Қарағаннан көз талса да, көріп үйренгенге ештеңе жетпейді. Табиғаттағы барлық тіршілік иесі өз бетінше өмір сүреді, еңбектенеді.Құмырсқаның илеуін де күнде қызықтап көріп жүрсің ғой. Ала жаздай дән тасиды. Ол – қысқа дайындық. Өрмекші қорегін ау құрып табады. Ертең-ақ қарлығашың балапан басып шығарады. Ол да ал-ғашында балапандарын өзі тамақтандырып, ауыздандырады. Ал біраз күннен соң олар да өз тамағын өзі тауып жейтін болады, – деп баяндап берді.
Күндер өтіп жатты. Таңның атысынан батысына дейін әкем, әжем үшеуміз бір дамыл таппаймыз. Әжем үй шаруашылығымен айналысады. Жалығуды білмей-ді. Әкем қолы босай қалғанда, дастархан басында болсын қисса, дастандарын алып шығып, дауыстап оқи бастайды. Әсіресе, Алпамыс, Қобыланды батыр, Манас жырларын жақсы көретін. Кейбір жерлерін жатқа айтатын. Әжем екеуміз ұйып тыңдаймыз.
Көктем шыққалы үй сыпыруды да қойдым. Қойларды таңертең қырға шығарып, кешке күтіп аламын. Бұзау бағамын. Қаздың балапандарын көгалға шығарып, оларды күзетемін. Шөпке аяғы шалынып, аударылып қалған балапандарды тұрғызғанды ұнататынмын.  Өйткені, ұзын мойын ала қаз қызғаныштан мені қуа жөнеледі, ал мен болсам, жеткізбей қаша жөнелем. Жеткізбей кеткеніме мәз боламын. Одан қалды тауықтың жұмыртқасын теремін. Осындай еңбек қызуының жете-гінде жүріп, жаздың қалай келгенін де байқамай қалатынбыз. Бұның бәрі әр көктемде қайталанатын. Ал, мына көктем мен үшін өз алдына ерекше көктем болды…
Әкемнің айтқаны келді, манағы айтқан қарлығашымның ұясынан бастары қылтиып, ауыздарын ашқан кіп-кішкентай балапандарды көріп, керемет қуандым! Алды-артыма қарамастан әкеме жүгіріп барып, сүйінші сұрадым. Көрсең көзің тоймайды! Шиқ-шиқ еткен әп-әдемі де сүйкімді балапандар бар болғаны ауыздарын аша береді. Анасы ауыздарына дәнді апарса-ақ болғаны, әп-сәтте қағып салады. Өздері тумай жатып қандай пысық, деп таң қаласың. Анасы күніне қанша рет тамақ тасыса, олар соншасын жеп, қылып қарап отырады.
– Олар қашан шығады деп сұрасам әкем: " қанаттары қатайсын, әлі-ақ көресің", – деп жұбатты.
Бір күні үйдің төбесіне өрістен оралатын қойларды қарайын деп шықсам, электр сымында тізіліп сүп-сүйкімді мен күткен балапандарым отыр. Өз көзіме өзім сенбей, бұрынғыдай үркітіп аламын ба деп ақырын жақындай бергенімде, ұшып кетті де, қайта келіп қонды. Расында да сол балапандар ма деп ұяны тексерсем, орындарында жоқ.
Солар болмағанда ше? Көздері мөлдіреп әсем қарлығаштарым үйдің төбесінің сәнін бір, ауылдың сәнін екі келтіріп ұшып-қонып жүретін.Мен осы уақытқа дейін олардың сұлулықтарын ұмытқан емеспін.
Уақыт зымырап өтіп жатты. Біздің үйдің қорасындағы сол ұядан бірнеше қарлығаш балапандарын қанаттандырып, тіршілік сәнін құрды. Ол ұя мен үшін де, әкем үшін де қасиетті ұя болатын.
Осы сәттен бастап қойдың қоздағанын да, ешкінің лақтағанын да, сиырдың бұзаулағанын да аңдитын болдым. Төлдері бірден талпынып жүріп кеткенде, адам баласы да тез жүріп кетсе ғой, туа сала деп армандайтынмын. Кейін есейіп, ер жеткен соң ғана тіршіліктің бәрі бір-біріне ұқсамайтынын, бірақ бір-бірімен тұтасып, байланысып жатқанын ұқтым. Осының бәрі естен кетпес менің өсіп-өнген Науырзым ауданындағы  Қайғы ауылында өткен балалық шағымның ұмытылмас кезеңі. Менің қарлығаштарым маған қанат бітіріп, өмірді, табиғатты сүюді үйреткендей. Иә, дәл солай! Ұшқан құсты да, хош иісті гүлді де, жусан иісін де жақсы көремін. Егер біреу табиғатты ластаса, өсіп тұрған гүлдерді жұлса, іштей налимын. Жұлғанның орнына ексе, оны баптап күтсе Жер-Ана мейірлене түспей ме? Жер бетінде сұлулық сол қалпында сақталмай ма? Өйткені, бәрі адам үшін жаралған. Менің кішкентай қарлығаштарым да шықылықтап соны айтып кеткендей…
Жиырма жыл өткен соң
Осы әңгіменің жазылғанына жиырма жыл өтіпті. Әлі оқырман-ға жеткен жоқ. Уақыт сыншы да ақылшы. Мүмкін, уақыты енді келген болар. Естелік алғашында бірге өскен достарыма арналса, бүгінде балаларым мен немерелеріме, алғаш ұстаздық жетекшілік еткен тұңғыш оқушыларыма (бұрынғы Торғай облысы, Арқалық ауданы, Матросов атындағы совхозы) да арнаймын.  Егер осы естелік оларға, жастарға пайда әкелсе, әсер берсе, мен қуаныштымын.
Осыдан бір жыл бұрын (2013 жылғы наурызда) өзімнің қазіргі кәсібімнің сыйға берген туристік жолдамасымен Сингапур,Малайзия, Тайланд елдерінде болып қайттым. Әр елдің заңы бас-қа, мәдениеті мен ғұрпы басқа болғанымен, олар да біз сияқты адамдар. Еңбек етеді, ақша табады. Бірақ мені таңқалдырған бір нәрсе – табиғатқа деген сүйіспеншілігі, оны қорғай білуі, тазалығы мен тәртібі қатты ұнады. Сингапур әлем бойынша тазалықтан бірінші орын алады екен. Малайзия да одан қалыс қалмаған. Тайланд  та ерекше сұлу. Ұрлық жоқ.
Дегенмен ол жақта бәрі керемет екен деп менің қалып өмір сүргім келген жоқ. "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол"– деген мақал бар. Мен өз Отанымды сүйемін. Оның өзге елдерден артта қалмағанын қалаймын. Қалалар мен ауылдарымыздың әдемі, таза болғанын,  халқымның еңбекшіл, жастардың ынташыл болғаны жақсы емес пе? Кейде әттеген-ай деген сәттер де болады! Көшедегі қоқысты, тұтқасы жұлынған таксофондарды, жарнамаларды, лифтідегі дөрекі шимайланған жазуларды көріп, жүрегім сыздайды. Өзімізге-өзіміз қастандық жасап, өз ауамызды өзіміз ластап жатқанымызды сезбейтін тәріздіміз. Кім кімге ақыл  айтпақшы? Заңды қатайтса, ұнатпаймыз, босаңсытса, бетімен кетеміз. Мен болған елдер заңға қатты сүйенеді. Қоғамды көркейтетін де адам, аздыратын да адам. Мен де осы қоғамның бір мүшесі ре-тінде жастарға ой тастадым.
Менің балалық шағымда ал-ған тәрбием ешқашан сыртта қалған емес. Сүйкімді қарлығаштарым да соны сыйлап кеткендей. Олар менің жүрегімде мөрленіп басылғандай.
 Анар Алпысова.
Қарағанды қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓