Адалдықтың сақшысы, адамдықтың жаршысы
І.Омаров атындағы қазақ драма театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер, ұстаз Әбутәліп Әмірдің «Бақыт кілті» атты шығармашылық кеші өтті. Іс-шара жазушының 65 жасына орай ұйымдастырылды. Сахнада қаламгердің азаматтық болмысы, шығармаларындағы ерекшеліктер, ұстаздық қыры турасында көп айтылды. Жас ғалым, ақын Батырлан Сағынтаев кеш иесінің шығармашылығына талдау жасады. Біз оқырман назарына сыншының жазушы туралы толғамын ұсынып отырмыз.
…«Қызбел» және «Әділетті іздеу» атты кітаптарын қайтадан қарап шықтым. Байқағаным ағамыздың жазғандарында адам көңіліне алаң салатын жағдаяттардан туған ащы айғай да, көңіл сүйсіндіретін асыл құндылықтарды бейнелейтін асқақ мұрат та бар.
Сергек сезімді қаламгердің әңгімелерінен қоғамның әр түрлі құбылыстары мен сол қоғамды жасаушы адамның сан қилы ой, сезімдерінің нәзік иірімдерінің тамырын тап басып тани қоятын түйсік көзі және сол танығанын түйіп, түйсінгенін оқырман алдына әкеліп кейде астарлап бейнелеп, кейде ашып жайып салатын түйінді сөзі де көрінеді. Әдебиет пен өнердің түпкі асыл мұраты адамзат баласын ізгілікке бағыттайтын өнеге болса, Әбутәліп ағамыз жазған туындылардың біз үшін ұлағат болатындай ой тастайтын қасиеті аз емес. Жазушының шығармашылығында өзіне тән қолтаңбаны көрсететін хикіметі де жетерлік.
Біздің аңғарғанымыз Әбутәліп Әмірдің кейіпкерлері бір қарағанда тым қарапайым ғана көрінеді. Бірақ бала күніндегі бәйгені, өзі мінген Қызгерді еске алғанда ұзақ үнсіз қалатын Айтбай, аңқылдаған, ақ көңіл Сарман, өмірден өтсе де тұлпарлар дүбірін естіп жатайын деген Арыстанбай, алысқан қарсыласының өзіне әділ қарауға тырысатын Әнуар секілді кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне үңілсеңіз, кішкентай ғана әңгіменің шеңберінен шығып, қилы-қилы қиырға бастайтын ойдың шет пұшпағына ілігесіз. Өзі өскен шағын ғана ауылдағы, күн сайын көріп жүрген жандардың өмірінен, тірлік-тұрмысынан жазған әңгімелерден үлкен философиялық терең ойлар іздеу жасандылық сияқты көрінер. Бірақ кейіпкерлер неғұрлым қарапайым болған сайын, олардың бейнесінде жасырынып жатқан қасиеттер соғұрлым күрделене түскен. Бұлар адамдардың жан дүниесіндегі рухани тазалықты биік қойып, нәзік те нәрлі жан күйін көрсететін кейіпкерлер.
Жазушының тағы бір ерекшелігі – осы кейіпкерлерінің ешбіріне мінездеме беріп суреттемей-ақ, олардың сөйлеген сөздері арқылы мінез-құлқын ашып беруі.
«Әне, айтам ғой, сендер анау жыл сайынғы ауыса беретін үкіметіміз құсап түрлендіре береді екенсіңдер… қит етсе Алматыдан қағаз келді деп шыға келесіңдер, не, Алматыға көктен аруаққа сыйынбаңдар деп Құранға түзетулер мен толықтырулар келіп түсіп пе».
Бұл қисық та қыңыр сөйлесе де, арғы жағында сыр жасырмайтын алғаусыз ақ көңілі тұратын Болдығой образы. Сырлап, сұлулап қойған сөздер емес, күнделікті естіп жүрген қарапайым ғана сөздер. Жарқыл қаққан көркемдігі жоқ, жалғандығы да жоқ. Дегенмен, Болдығой образын ашып, оның тумыс, бітімін анықтайтын сөздер. Осындай шыншылдығымен бағасы артып тұрған мұндай кейіпкер сөздері Әбутәліп ағамыздың әңгімелерінде жиі кездеседі.
Кейіпкер мінезін диалогтар арқылы аңдатқанмен, Әбутәліп ағаның әңгімелерінің көпшілігі жеке адамның монологы болып келеді. Мәселен, ағамыздың елдің нарыққа бейімделу барысын бейнелейтін «Қызбел» атты көлемді туындысы бар. Бұл өзі бас-аяғы сегіз бөлімнен тұратын және осы бөлімдердің ішкі мазмұны ортақ әңгімелер шоғыры. Осы сегіз бөліктен әңгіменің ішінде нешеме диалогтар бар. Бірақ соның барлығы автордың ауыл жайлы жеке толғанысының ішінде орналасқан. Қызбел – Әбутәліп ағаның өз монологы. Себебі, әңгімеде барлық образды біз негізгі кейіпкердің айтуымен танып білеміз. Қаламгердің аталған «Қызбел» шығармасынан басқа «Тұлпарлар», «Әсер», «Репетиция», «Махаббат мәңгі ән», «Көгілдір таң» секілді әңгімелерінің барлығы да бірінші жақтан баяндалған. Біз атаған «Қызбел» әңгімесінің жеке ерекшелігі де бар. Бұл қазақ қоғамының нарықтық қатынасқа өткен тұстағы хал-жайын бейнелейтін санаулы әңгімелердің бірі. Мемлекеттің, қоғамның, жеке адамдардың сана-түсінігіне өзгерістер енгізген сол бір өтпелі кезең туралы жазылған әңгімелер жоқтың қасы деуімізге болады. Әбутәліп ағамыз өзінің кіндік қаны тамған ауылы туралы жазса да, туған жерге деген сезімін патетикаға айналдырмай, ауыл тұрғындарына (сол ауылды бейнелеу арқылы тұтас елге) нарықтық қатынастар туғызған психологияны көрсете білген. Ал енді шығарманың монолог түрінде берілуі қазақ әдебиетінде бұрыннан бері бар дәстүр. Мысалы, Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы тұтасымен бір адамның монологына құралған шығарма.
«Айт намазындағы құттықтау сөз» бен «Геометрия сабағы» атты туындылары да формасы жағынан қызықты әңгімелер. Бұл екі әңгімеде де тек бір кейіпкердің айтқан сөзі ғана берілген. Мұндай шығармалар алғаш оқығанда бір қабырғасы қалаусыз қалған үйдей көрінгенмен, кейіпкердің әр сөзіне мән берсеңіз, оның мінезі көрініп, тыныс-тіршілігін де, қимыл-харекетінде аңғарасыз. Ағамыз осы екі әңгіменің жазылу барысында басқа жазғандарынан бөлек, өзгеше бір мақсұт ұстады да әлде бұл туындылардың табиғи бітім осы қалыпта болды ма, оны анық айта алмаймыз. Егер мақсатты түрде осы формада жазса, жазушы белгілі бір деңгейде өз мақсатын орындаған деуімізге де болады. Жалпы алғанда Әбутәліп ағаның әңгімелерінде шытырман сюжеттер, бұрмасы көп оқиғалар кездесе бермейді. Оның орнына ой-пікірлердің қайшылықтары байқалады. Мұндай қайшылықтар «Әділетті іздеу», «Өмірде болмаған оқиға» әңгімелерінен кездеседі.
Ағамыздың әңгімелерінен ескі арап-парсы, түрік халықтарының әдебиетінде жиі кездесетін ізгу жолға бағыттайтын «Қабуснаме», «Кәлилә мен Димна», «Тотынама» секілді мысал-әңгімелерге тән нәзік иірімдерді де байқаймыз. Бұған «Күз», «Көбелек», «Басшы, бақташы және бөрібасар», «Күш атасы», «Әділетті іздеу» мысал бола алады. Менің өз басым мұның түп-төркінін автордың арнайы ізденісінен емес, ұлтымыздың бойында ғасырлармен қалыптасқан болмыстан, сіңірген жақсы қадір-қасиетінен туындаған деп ұқтым. Осы әңгімелердің бірінде, нақтылап айтсақ, «Күз» әңгімесі мынадай жолдармен аяқталады: «…қалай болғанда да күздің аты күз емес пе, өз дегенін істемей қоюшы ма еді… Тек, сол күзіңнің жемісі мен ырысының мол болуы, келмеске кеткен көктеміңде, айналып соқпас жазыңда қаншалықты мән-мағына болғанына байланысты болса керек… Жадыра жазды еске алғанда бармағыңды тістеп күйінбейтін болсаң, қытымыр қыстың қаһарынан қаймыға қоймассың сен тегі…»
Бүгін 65 жылдық мерейтойын атап өтіп, шығармашылық кешін беріп жатқан Әбутәліп ағамызда өзі жазғандай жадыраған жазды еске алғанда бармақ тістеп күйінбейтін, қытымыр қыстың қаһарынан қаймықпайтын тұсында тұр. Әдебиет әлеміне көркем шығарма, жазу-сызу дегеннің елеусіз қалып жатқан тұсында келсе де, қаламға деген адалдығын сақтап, адалдықтың сақшысы, адамдықтың жаршысы болған ағамыздың жазған туындылары қаталдық толы мынау әлемде жүрекке нұр сыйлаған мейірім-шапағаттың сәулесі болып тұр. Ағамыздың таусылмайтын ғұмыры да, төмендемес тұғыры да осы шығармашылығында деп білеміз.
Тағы бір айтарымыз, біз танитын Әбутәліп ағамыз тек шығармашылықпен айналысып қана қоймай, соңына ерген жастардың арманына арман, қайратына жігер қосқан жақсы аға, періштедей сәбиден пенде жасайтын фәни тіршілікте адамдығын биік ұстаған абзал азамат.
Батырлан САҒЫНТАЕВ,
Қазақстан жазушылар
одағының мүшесі.