Кәкімжан КӘРБОЗОВ: «Қашанда Торғай жұртының қазаны ортаймаған»
…Ол бірақ,
Жазушы да, ақын да емес,
Ел қалай ерен ісін батыр демес.
Көтеріп биікке бір тастар сені,
Өзіңе берген кезде ақыл-кеңес.
Бұл – ақын Серік Тұрғынбекұлының шығармасынан үзінді. Өлең кейіпкері – «дала гладиаторы» атанған торғайлық еңбек ардагері Кәкімжан Кәрбозов. «Торғай десе, Көкалат қатар айтылады» дейді тағы да Серік ақын. Қабырға өзенінің бойындағы Көкалат ауылынан исі қазаққа есімдері таныс Қойшығара, Қоғабай, Төлен, Қонысбай, Абылайлар шықты. Ал осы өлкенің бір ғана бөлімшесі – Көлқамысты өркендеткен кейіпкеріміз Кәкімжан Кәрбозовтың жарқын істері көпке үлгі. Жақында Жанкелдин ауданының құрметті азаматы газет редакциясына келіп, өзінің орамды ойларымен бөлісті.
Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы
– Әңгімеңізді «Көлқамысты көркейту» операциясынан бастаңызшы. Аудан озып, облысқа шыққан, республикаға танымал болған бөлімше қалай құрылды?
– Орталық комитет 1975 жылы шалғай елді мекендерді шоғырландыру мен топтастыру бойынша қаулы шығарды. Оның әуелгі мақсаты орталық бөлімшеден алыс жатқан қоныстарды біріктіріп, кешенді түрде мал азығымен қамтамасыз етіп, бордақылау алаңдарын жүзеге асыру болды. Көп ұзамай осы әдіс жемісін берді. Түліктерді бұрынғыдай табиғи шөппен семіртпей, сүрлем, құрама жем пайдалануды игердік. Бастапқыда Арқалықтан құрама жем алдырдық. Кейін Қабырға өзенінің бойында жүгері сүрлемін егу жұмыстары басталды. Суармалы жүгері егісінен әр жылы мол өнім алынды. Бұрын соңды біздің өңірде болмаған жетістік еді. Міне, осылайша, партбюроның шешімімен «Көлқамыс» бөлімшесі құрылды. 1978 жылы «көлқамыстықтардың» атағы дүркіреді. Біздің ферма Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Ал екі жыл өткен соң Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Орталық комитеттің «Құрметті дипломы» берілді. Бұл – менің ғана емес, біздің ұжымдық жеңісіміз-тін.
– Мұнан соң сіз басқаратын бөлімше мал бордақылау фермасы ретінде қайта құрылды. Бұл ет өндіруді тұрақты жолға қоюға қаншалықты ықпал етті?
– Бірде Социалистік Еңбек Ері Головацкий мырзамен кездестім. Ол кісі өз колхоздарындағы етке мал тапсырудың жайы туралы әңгімеледі. Әсіресе, жайылымда жүрген қойдың күніне бір келі салмақ тастайтыны есімде қалып қойды. Тәжірибелі шаруашылық басшысының пікірлерін есепке алып, мал бордақылау фермасын жасақтау ойға келді. Менің бұл бастамамды атақты шаруа Мүттәл Нұрғалиев те қолдады. Рас, мал бордақылаудың кешенін құру бірден жүзеге аспады. Алайда, 1978 жылғы көрсеткішіміз жаман емес еді. Күзде 5000 тоқты мен 100 тайыншаны бордақыға қойдық. Мұның да жемісін көріп, шаруа тетігін осыған бұра бастадық. Өйткені, бордақыға қойылған 35 келілік тоқты тәулігіне 100 грамм салмақ қосады десек, оны етке тапсырғанда 18 келі ет артық өндіріледі. Міне, біздің бұл жетістіктеріміз облыс басшыларына жетті.
– Шаруашылықтағы қиын сәттер сол тоқсаныншы жылдарға сап келген шығар?
– Ол жылдардың қиындығы әлі есте. Кеңес үкіметінің соңғы 15-20 жылындағы тоқшылық адамдарды бойкүйездікке үйретті. Дайын тамаққа, отын-суға әбден үйреніп қалған халық не істерін білмей қалды. Шынын айту керек, елдік алған тұста қалыптасқан өз бетінше өмір сүру дағдысы болмады. Сол уақытта үйлерден артық тұрған бір қапшық ұнды көрмейсің. Электр жарығы сөнді, дүкенге ұн келмегендіктен нанның тапшылығы білінді. Амал жоқ, адамдар бидай егіп, диірмен тартты. Бәрінен маңдай теріңді төгіп, баққан малдың құны болмай қалғаны қиын. Ауылда жылмаңдаған саудагерлер қаптады. Бір қойға бір қап ұн келмеді. Жұрт уақ малын кір сабын мен шырпыға айырбастап-ақ тауысуға айналды. Тамағының сыртында бала-шағаның киімі керек. Соңғы бір-екі сиырына әйелі мен қызына етік алып беріп, қорасын босатқандар қанша еді. Бұл қазір ертегі сияқты көрінеді.
– Сонау тағдыршешті кезеңде орталық жаққа ығысу туралы ойламадыңыз ба?
– 1996 жылы әйелім Гүлнәзия ауырып, Арқалыққа жедел жеткізілді. Мен үш-төрт ай ауруханада соның қасында болып, елге көктем шыға бір-ақ оралдым. Рас, адамдарда көшсек ғана тығырықтан жол табылады деген түсінік қалыптасыпты. Бірақ қайда барарын білмейді. Ауылда бар болғаны отыз-қырық отбасы бар. Көшуге де бекіндім, алайда, басқа жерге барғанда бізді керемет өмір күтіп тұрған жоқ. Ақыры, бөлімше басында қалуға көндім. Қиын уақытта қарап отыруға болмайды. Алдымен, ақпан айында бір жүк машинасын ұн әкелу үшін Қостанайға жібердім. Ол көлік бір ай өткен соң ғана Көлқамысқа жетті. Оның алдында ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрі Асығат Жабағинге жеделхат жолдадым. Көлқамыстың жағдайын айтып, электр жарығын қайта беру мүмкіндігін қарастыруды сұрадым. Себебі, үйге жарық келіп тұрса, бір шаруа болса да ілгерілей беретін еді. Көп ұзамай Асығат Жабағиннен жауап келді. Ол өз хатында: «Көлқамысқа электр жарығы жеткізіледі, бірақ әзірге толық беруге мүмкіндіктің аздығынан, тек түн мезгілінде ғана беріледі» деп жазыпты. 1997 жылдың көктемінен бастап еңсе көтерілді. Мал төлдеп, қолымыз аққа жетті. Қиын кезеңнің қысын шығарып салып, тірлік істеуге кірістік. Мемлекет жекешелендіру саясатын жүргізіп жатқан кез болатын. Өткенді ұмытып, нарық заманына ілесу қадамын жасау маңызды еді. Осы бойынша ауылдастармен ақылдасып, шаруашылықты дөңгелетуді қолға алдық. Қазірдің өзінде Алпыс Әлімбаев, Қуандық Ноғайбаев, Алмас Кәрбозовтар – ірі шаруашылықтың иелері. Озат механизаторлардың бірі болған Алпыс Әлімбаев туралы әңгіме бөлек. Ол екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін төсіне тақты. Оның бір маусымда 78 мың тай шөп буғаны әлі есімде. Әрине, мен шаруашылық ашпас бұрын көзкөргендермен ақылдастым. «Мемлекеттің жасап отырған қамқорлығы уақытша, кейін тексеріс келіп, сотталып кетесің» деп «ақылын» айтқандар да болды. Дегенмен, қазақтың басынан не өтпеген?! Тәуекел деп, іске кірісіп кеттік. Бүгінде осы Көлқамыста 300 адам тұрады. 9 жылдық мектеп, клуб, кітапхана, медициналық бөлім тұрақты жұмыс істейді. Әрбір үйге су тартып бердік. Қаладан кем емес. Бүгінде адамдарға не керек? Әркім шамасы келетін баспана алғысы келеді, балалары сапалы білім алса, денсаулығын күтсе, ауылға таза ауыз су келіп тұрса, байланыс жүйесі, жол жақсарса деп ойлайды. Қазір адамдар масылдық психологиядан арылып келеді, «алма піс, аузыма түс» деген ойдан аулақ. Сонымен қатар, тұрмыс деңгейі түзелген ауылдағылар еліміздегі саяси өзгерістерге бей-жай қарай алмайды.
– Өткен ғасырға тағы бір шегініс жасайықшы. 1994 жылы Елбасының алдында баяндама жасадыңыз. Сонда айтылған мәселелердің бүгінгі маңызы қандай?
– Ол ауыл шаруашылығына арналған республикалық кеңес еді. Жиынға Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сол кездегі Үкімет басшысы Ә.Қажыгелдин Торғай облысы атынан жарыссөзге шығуға мені шақырды. Мінберде тұрып, Торғай өңірінде советтік жүйеде құрылған совхоздардың таратылып, ірілі-ұсақты шаруашылықтарға бөлінгенін мәлімдедім. Сол себепті, Елбасынан осы шағын қожалықтардың аяққа тұрып кетуіне жәрдемдесуін сұрадым. Бұған қоса техникалардың тозығы жеткенін айтып, ауыл шаруашылығы министрі Кәрібжановқа Целиноградтағы зауыттан техника алу туралы ұсыныс жасадым. Кейін Жезқазған облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы хабарласып, техникалармен көмектесетінін жеткізді. Қазіргі таңда, мемлекет трактор-комбайндар сатып алуға субсидия бөлді. Бұрын мұндай мүмкіндік болмады. Мемлекет шаруа құрамын дегеннің бетін қақпайды.– Кәкімжан Кәрбозұлы, жалпы, соңғы жылдарға дейін «болашағы жоқ ауыл» деген тіркес баспасөзден, ғаламтор беттерінен түспеді. Бұл тұрғыда пікіріңіз қандай?
– Әлі есімде, Үкімет басшысы болып тұрған кезде Даниал Ахметов Қазақстанда 703 ауылдың келешегі жоқ деп баяндама жасады. Мен бірден Премьер-Министр Ахметовтің өзіне хат жаздым. Хатымда «Сіздің бұл баяндамыңызға қарсымын. Халықты үрейлендіріп қойдыңыз. Бұл ел бағып отырған адамдарға қатты тиетін сөз. Сіз айтқан ауылдардың көбі кезінде елге пайдасын тигізді, дамуға үлес қосты», – деп көрсеттім. Содан бірнеше күн өткен соң жауап келді. Премьер-Министр өзінің жауап хатында «болашағы жоқ ауылдардың» қандай екеніне түсінік беріпті. Сол сияқты кезінде ҚР Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы болған Өмірбек Байгелдіге де хат жаздым. Ақыры «Болашағы жоқ ауыл» деп айтқан Сенат депутаты кешірім сұрады. Ол хат менде әлі сақтаулы. Міне, осындай шалғай ауылдарға қатты тиетін сөздер естіген кезде жанымды қоярға жер таппай қаламын. Телефонмен немесе баспасөз арқылы өз пікірімді білдіруге тырысамын. Себебі, ауыл – бәріміздің құт мекеніміз. Оны, оның келешегін қорғау – міндет. Бүгінге дейін ұлтымыздың тең жартысы ауылды жерлерде тұрып келді және әлі де сонда. Жақында Алматыда үлкен лауазымда отырған бір кісімен кездестім. Оның «қандай қызметте жүрсем де, балаларымды ауылға апарғым келіп тұрады» деген сөзі жылы тиді. Қысқасын айтқанда, ауылды құрту – қазақты құрту. Мен Мақтай Сағдиев, Еркін Әуелбеков, Кеңес Әубәкіров секілді партия, кеңес қызметіндегі белгілі тұлғалардан өмірлік сабақ алдым. Ауылдың қасиеті, болашағы туралы көп айтты маған. Негізі 1960 жылға дейін Торғайда тасжол болған жоқ. Оразалы Қозыбаев сол тұста КОКП ОК басты баспа органы – «Правда» газетіне ашық хат жолдап, Торғай жеріндегі тың және тыңайған жерлерді игеруге үндеді. Өзінің «Торғай шақырады» атты хатында ол ежелгі Торғай даласын игерудің қажеттігін нақты дәлелдермен негіздей отырып, өзіндік ой-орамдарымен дәлелдеп берді. Бұрын бұл жерде астық өсіруге болмайды деген пікір қалыптасқан екен. Жарқ ете қалған үндеу қолдау тауып, ел ырысын молайтуға сеп болады. Ақыры, жол салынып Торғай орталықпен тығыз байланыста болды. Біздің Көкалат ауылдық округіндегі ауылдардың арасы 20-30 шақырым. Мал дәрігерлері оларды жаяу аралай алмайды. Ахметжан Есімов Ауыл шаруашылығы министрі болып тұрғанда ол кісіге осы қиындықты айтып, хат жаздым. Министр сөзімді жерге тастамай, бұрын мінілген УАЗ -31512 көлігін зауыттан жаңа шыққандай етіп жөндетіп берді. Жүрмесең, қажетті нәрсені сұрамасаң кім әкеліп береді? Бұған қоса ауылдың фельдшер-акушерлік пунктіне машина сұрап алдық. Алыс ауылға мұндай көлік ауадай қажет еді.
«Мүмкіндіктер заманында отырып, жоққа баса беруге болмайды»
– Биыл Қостанай облысына еліміздің басқа өңірлерінен 300-ге жуық отбасы қоныс аудармақ. Олар үшін баспана, жұмыс орындары әзірленді. Егер мүмкіндік болса, Оңтүстіктен келетін жерлестеріңізді Көлқамысқа әкеліп, жұмыс ұсынар ма едіңіз?
– Осы мәселеге қатысты облыс басшылығына арнайы ұсыныс жасауға дайынмын. Мен үшін қазақтың бәрі бірдей. Оңтүстіктен келетін қандастарымызды өзіміздің оңтүстік аудандарға жіберсе, тіпті жақсы болар еді. Ауыл халқын көбейту, одан қалды, ол жақтан келетін ағайындар жеміс-жидектерді баптап өсіруді жақсы біледі. Оны біздің жастарға үйретсе, бір-бірін толықтырады емес пе? Торғайдың сан салалы, нәрлі атыраптарында көкөніс, жеміс өсіру қолға алынса, ол қамбадағы астығымыз, қоймадағы қорымыз, қалтадағы қаржымыз болады. Бастысы, барлығымыз ортақ жұмысқа бірдей кірісу. Осылайша, шаруа тетігі дөңгелене береді. Өз басым Көлқамысқа келгісі келетіндерге жағдай жасауға, жұмыс тауып беруге уәде беремін. Қашанда Торғай жұртының қазаны ортаймаған.
– Жұмыссыздық мәселесіне қатысты баспасөзде бірнеше мақалаңыз жарық көрді. Сондай-ақ, тұрғындарға көрсетілетін атаулы көмек жөнінде ойыңызды білсек…
– Бірден айтайын, атаулы әлеуметтік көмекке қарсымын. Өйткені, бұл – жұмыссыздықты тудыратын әуелгі факторлардың бірі. Мәселен, 40-қа толмаса да, үйінде балаларының жәрдемақысына күн көріп отырған еркектер бар. 3-4 баласының ақшасына киім киіп, ішерін ішеді. Ғасыр ауысып, жаңа қоғамға келгенде жұмыссыздық көбейді. Неге? Менің пайымдауымша, жұмыссыздар көрсеткіші тегін тамақ бергеннен ұлғайды. Оның орнына халыққа кәсіп үйрету әлдеқайда маңызды. Сол себепті, атаулы әлеуметтік көмек еңбегі жарамсыз адамдарға ғана берілсе дейсің. Мен бұл туралы тиісті министрлікке хат жазып, жауап та алдым. Рас, 2002-2003 жылға дейін көмектің бұл түрі қажет болды. Нарыққа бейімделе алмаған жұрттың көбі жұмыссыз қалды. Қазіргі жағдай басқа. Әрине, жақында атаулы көмектің осы түрі басқа форматпен шықты. Сол қуантады. Ауылда жұмыс жоқ деген пікірмен де келіспеймін. Мемлекет қаншама мүмкіндік беріп отырса да, жұмыссызбын дейтін ынжық еркектерге қайран қаламын. Шынын айту керек, кезінде үй иесі үшін «отбасын асырай алмай отыр» дейтін сөз өліммен бірдей қабылданатын.
– Мұны қазақы мінездің өзгеруімен байланыстыруға бола ма?
– Қазақтың бар мінезін біліп айту мүмкін емес. Кез келген уақытты алсақ, адамның мінезі заманның талап-тілегімен ұштасады. 60 жыл бұрынғы жағдай қалай еді? Қазіргі тілмен айтқанда, бұрынғының шалдары пәк, дана туған дер едім. Мұстафа мен Ахметтен бастаңыз. Олар жоғарғы институт бітірмей-ақ айналадағыны білімді адамдардай меңгерді. Соларды құртуды ойлаған совет 1937 жылғы айдалуға «партияның тазалауы» деген айдар тақты. Мұның орындалуын коммунистер басшылыққа алып, партияға қарсы шыққандарды жазалады. Утопия бұл! Міне, осындай алмағайып кезде біздің аталарымыз халқына пайда келтіруді ойлап кетті. Оның бір мысалы – Айса Нұрманов. Партия «Халық жауларымен» айқасып жатқанда, Айса атамыз жергілікті халықты жинап, Албарбөгетті қаптап құм, топырақ салды, тал өріп, қолдан көтерді. Сол кезде Кеңес үкіметінің орнағанына 7-ақ жыл. Техника жоқ кезде өгіз арбамен тасып, күрекпен топырақ үйіп, қатарынан екі жыл бойы салған бөгет 1926 жылдан 1998 жылға дейін халықтың игілігіне жарап тұрды. Кейінгі жылдары бөгеттің тозығы жетіп, көктемде тасыған суды ұстап тұра алмай, өзен ортайып кететін. Жалпақ тілмен айтқанда, осындай тірліктердің басы-қасында жүрген бабаларың көпке үлгі болуы тиіс. Мүмкіндіктер заманында отырып, жоққа баса беруге болмайды.
– Айтпақшы, жақында осы Айса атамызға ескерткіш орнату мәселесі көтерілген еді…
– Рас, Айса атамыздың ескерткішін жаңғырту мәселесі күн тәртібіне алынуы керек. Бұрынғы шағын ескерткіші ескірді. Соған орай, нысанды жаңғырту үшін бастамашыл топ құрылса деген тілегім бар. Кезінде Жангелдин аудандық мәслихатының депутаты ретінде жоғарыда аталған «Албарбөгет» су қоймасын Үкіметтің балансына алу жөнінде тиісті орындарға ұсыныс жасадым. Бұл ұсынысымды аудан басшылары қолдап, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Анарбек Орманға хабарластым. Комитет төрағасы бұл ұсынысты қабылдап, Қостанай облыстық су шаруашылығының бастығы Райымқұловқа бөгетті бақылауға алу жөнінде тапсырма берді. Сол жылы көктемгі су тасқыны кезінде аудан әкімшілігі бұл жерді бақылауға алып, кезекші техникаларды бөліп, бөгетті аман сақтап қалды. Егер осындай жедел шара қолданбағанда Албарбөгет тоғаны бұзылып кететін, қаншама елді мекенді су басып, шығын болатын еді.
– Көлқамыс бөлімшесін 20 жылдай басқардыңыз. Директор тежеп, партком тізгіндеп отыратын сол уақытта бөлімше меңгерушісіне емін-еркін шешім шығару оңай болмаған шығар. Өткен мен бүгінгіні салыстырып көріңізші: қожалықтың қазіргі ахуалы қандай?
– «Еңбек» аталған совхоз тараған соң меншігімде бар техникалармен ғана жұмысқа кірістік. Балаларым көмектесіп, ауылдастарым қолдап, «Сыма» шаруашылығын құрдық. Қазір бұл шаруашылықты кенжем – Манат Кәрбозов басқарады. Бала кезінен соңымнан қалай жүріп, шаруаның қыр-сырына қанық өсті. Жемісінің арқасында, (39 жасында «Құрмет белгісі» орденін иеленді. Барға шүкір деймін. Облыс басқарған Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбековтерден бастап, мемлекет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков, Мақтай Сағдиевтер ауылға келіп, жұмысымызды көрді. Қандай жетістікке жетсем де, жақындарым мен ауылдастарыма алғысым шексіз.
Әңгімелескен Қасқырбай Қойшыманов
БІЗДІҢ ДЕРЕК
Кәкімжан Карбозов 1938 жылы сәуір айының 3-ші жұлдызында Қостанай облысы, қазіргі Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Аралбай ауылындағы Әліби Жангелдин атындағы орта мектепті бітірді.Семиозер ауданындағы кәсіптік техникалық училищесінің мал шаруашылығы бөлімінде кіші мал дәрігері мамандығын алды. Білімі арнаулы орта. Торғай облысы Державинск қаласындағы Н.Ф. Гастелло атындағы ауылшаруашылығы техникумын зоотехник мамандығын алды. Еңбек жолын Жангелдин ауданындағы «Еңбек» совхозының №5 бөлімшесінде кіші мал дәрігері қызметінен бастаған.
1960-1971 жылдар аралығында Қазақтұтынушылар қоғамының сауда саласында қызмет атқарды. 1971 жылдың 19 маусымында«Еңбек» совхозының Көлқамыс бөлімшесінің меңгерушілігіне тағайындалды. Мұнда жас басшы өз жұмысын бөлімшенің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудан бастады. Мал басын өз төлінен өсіру үшін көптеген жұмыстар атқарды. КПСС Орталық комитетінің 1975 жылы шыққан «Топтастыру мен шоғырландыру туралы» қаулысының негізінде әр жерде жеке қыстақтарда отырған малшыларды бөлімше орталығына топтастырды. Соның нәтижесінде кешенді түрде бір орталықтан басқару өз тиімділігінің нәтижесін бере бастады. Бұрын соңды болмаған орталықта жем азық цехы ашылып, мал азығы үшін сүрлем, ботқа дайындалды. Бес мың бас қойға, бір мың бас ірі қара малға арналған мал бордақылау кешені іске қосылды.
Аналық қойды қаңтар, ақпан айларында жылы қораларда қоздатып, еркек тоқтыны жаз айларында жайлауға шығармай, мал бордақылау алаңдарындаарнайы семіртіп, күзге таман әр тоқтының тірідей салмағын 45-50 кг, ірі қара малдың тірідей салмағын 400 кг дейін жеткізді. Мемлекетке ет тапсыру жоспарын артығымен орындап отырды. Аудан көлемінде алғаш рет суармалы жерге сүрлем дайындау үшін жүгері өсіріліп, мол өнім алуға қол жеткізілді.
Сонымен қатар елді-мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартуды да түбегейлі қолға алды. Бөлімше орталығында көгалдандыру жұмыстары ерекше қолға алынып, елді мекен жасыл желекке оранды. Фельдшерлік-акушерлік пункт, монша, дүкен, кітапхана, демалыс саябағы, бастауыш мектеп жұмыс істеп тұрды. 1982 жылы ауыл еңбеккерлерінің балаларына арналған бастауыш мектептің негізінде сегіз жылдық мектеп-интернаттың ашылуына тікелей басшылық жасады. Осы мектепке жергілікті мелиоратор Қабырға өзеніндегі «Албарбөгет» су жүйесінің құрылысын салуға басшылық жасаған, 1937 жылы жазықсыз «халық жауы» атанып құрбан болған Айса Нұрмановтың атын мәңгі есте қалдыру үшін жергілікті халықтың атынан Жангелдин аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетіне ұсыныс жасап, атын бергізді.
Елге жасаған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Сол жылдары Жангелдин аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, селолық және аудандық советтің депутаты болды. Аудандық, облыстық партия конференцияларының бірнеше рет делегаты болып сайланды. Торғай облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Н. Әуелбеков еңбегін бағалап 1978 жылы «Волга» автомашинасын табыс етті. 1981 жылы 18 ақпандағы СССР Жоғарғы Советі Президиумінің жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Сонымен қатар аудандық, облыстық, республикалық дәрежедегі бірнеше грамоталарымен, бағалы сыйлақтармен марапатталды.
Еліміз Егемендік алып, советтік шаруашылықтар тараған кезде 1992 жылдың мамыр айында бұрынғы «Еңбек» совхозының «Көлқамыс» бөлімшесі негізінде «Сыма» шаруа қожалығын құрды. 1990 жылдардағы қиыншылық кездерінде ел тұрғындарының басқа өңірлерге қоныс аудармауына үндеу жасап, халыққа өз көмегін аяған жоқ.
1995 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында өткен ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған республикалық кеңеске қатысты. Торғай облысының ауылшаруашылық қызметкерлері атынан жарыссөзге шығып сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевқа ұсақ шаруашылықтардың әрі қарай өркендеуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетуін сұрады.
Жолаушылар тасымалы үшін Көлқамыс-Көкалат-Торғай-Арқалық бағытына жеке меншік автобус жүргізіп халық игілігіне қызмет етті. Мемлекеттік ауыз су «Ақбұлақ» бағдарламасынегізіне аудан әкімінен бастап Ауыл шаруашылығы министріне дейін депутаттық сауал жолдап, «Көкалат» ауылына осы бағдарламаның негізінде мемлекеттен қаржы бөлдіріп, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз еткізуге қол жеткізді. 2007 жылы «Албарбөгет» бөгетін күрделі жөндеуден өткізу үшін Үкіметтен 73 миллион теңге бөлуіне және 2014 жылыеш жерде есепке алынбаған су жүйесін мемлекет меншігіне өткізуге орасан зор еңбек етті.
Екі қоғамға сіңірген ерен еңбегі ескерусіз қалмай бірнеше мемлекеттік марапаттаулардың иегері болды.
-
1976 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі
-
1977 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі
-
1981 жылы «Құрмет» белгісі ордені
-
1989 жылы «Еңбек ардагері» медалі
-
1998 жылы «Астана» медалі
-
2001 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі
-
2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалі
-
2008 жылы Қостанай облысы әкімінің «Құрмет грамотасы»
-
2009 жылы Жангелдин ауданының «Құрметті азаматы» медалі.
-
2013 жылы «Тілеп Аспантайұлы» атындағы қайырымдылық қорының медалі
-
2013 жылы Қостанай облыстық мәслихатының грамотасы
-
2014 жылы «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» медалі
-
2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалі
-
2016 жылы «1916 жылы ұлт-азаттық көтерлістің 100 жылдығы» медалі
-
2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі
-
2016 жылы «Қостанай облысына 80 жыл» мерекелік медалі.
-
2017 жылы. «Шолақсай ауылына 120 жыл» мерекелік медалі.
-
2017 жыл «Кейкі батыр» құрметіне естелік медалі
-
2018 жылы «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен наградталды.
-
2018 жылы Арқалық қаласының «Құрметті азаматы» медалі.
-
2018 жылы Қостанай облысының «Құрметті азаматы» медалі. (10.08.2018ж)
-
2018 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының «Құрметті ардагері» медалі.
-
2018 жылы «Жангелдин ауданына 90 жыл» мерекелік медалі.
-
2018 жылы «Аманкелді ауданына 90 жыл» мерекелік медалі.
1999-2012 жылдары Қостанай облысы Жангелдин аудандық мәслихатының төрт шақырылымының депутаты болып сайланды. «Дала-дәулет, ауыл-құт» кітабының авторы.
Жұбайы Гүлназия Тайбағарқызы екеуі төрт бала өсіріп, немерелерін тәрбиелеп,Кәкімжан Карбозұлы бүгінде баба атанып шөберелерінің қызығын көруде. Немерелері шет елдерде білім алды. Бүгінде балалары мен немерелері мемлекеттік қызметте және бизнес саласында егеменді елімізге қызмет етіп жатыр. Өзінің елге деген адал еңбегінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп бүгінде ел құрметіне бөленіп отырған Абыз ақсақалдардың бірі.