Экрем Аян: «Қазақстан тәуелсіздігі ақылмен, қаламмен келген»
Түрік мемлекеті қазақ ұлтының ұлы тұлғаларын тәуелсіздік алған отыз жылда ғана таныды десек, қателескеніміз. Сонау Түркі қағандығынан, Оғыз-Қарахан дәуірінен еншісін алған Кіші Азиядағы бауырлар үшін Әл-Фараби, Ахмет Яссауи бабаларымыздан бастап, берідегі Алаш, Түркістан қайраткерлері тегіс мәлім. Соңғы жылдары Ұлы Даладан шыққан зиялылар, батырлар түркиялық ғалымдардың әдеби, ғылыми, танымдық еңбектеріне арқау болып келеді. Оған Түркиядағы Муғла Сыткы Кочман университеті әдебиет факультетінің «Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері» бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Экрем Аянның көрнекті жерлестеріміз туралы зерттеуі айғақ.
Экрем Аян Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты студенттеріне үш апталық дәріс оқуға арнайы келіпті. Орайы түсіп, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінің шақыруымен Қос-
танайға жолы түскен ғалым Тобылдың жағасында жатқан ұлы ағартушының басына зиярат етіп, тағзым жасады. Мұражайда Ыбырай мұрасын тәржімалап, зерттеп, насихаттап жүрген ғалыммен кездесу өтті. Емен-жарқын әңгіменің басында Серікбай Оспанұлы, Ақылбек Шаяхмет бастаған өңір зиялылары, музей қызметкерлері, студенттер мен дарынды балаларға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ордасының шәкірттері болды.Кездесу барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қадірменді қонаққа алғыс айтып, тарту-таралғы жасады. Осы орайда түркиялық ыбырайтанушы ғалыммен бір сәт әңгімелесіп алдық.
танайға жолы түскен ғалым Тобылдың жағасында жатқан ұлы ағартушының басына зиярат етіп, тағзым жасады. Мұражайда Ыбырай мұрасын тәржімалап, зерттеп, насихаттап жүрген ғалыммен кездесу өтті. Емен-жарқын әңгіменің басында Серікбай Оспанұлы, Ақылбек Шаяхмет бастаған өңір зиялылары, музей қызметкерлері, студенттер мен дарынды балаларға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ордасының шәкірттері болды.Кездесу барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қадірменді қонаққа алғыс айтып, тарту-таралғы жасады. Осы орайда түркиялық ыбырайтанушы ғалыммен бір сәт әңгімелесіп алдық.
– Экрем Мырза, өңірімізге келген сапарыңыз жайында аз-кем айта отырасыз ба?
– Қарашаның 12-і күні Арқалыққа келдім. Еңбектерім Ыбырай бабамызға қатысты болған соң, Арқалық педагогикалық институтына келу мен үшін өте маңызды. Бүгін Қостанайдағы Ыбырай атамыздың мұражайына келіп, экспонаттармен танысып отырмын.
– Жалпы, түркі әлемінде Ыбырай, Абай, Әлихан, Ахмет, Мұстафа Шоқай қатарлы көрнекті тұлғаларымыздың зерттелу деңгейін қалай бағалайсыз? Өзіңіздің жеке еңбектеріңізге тоқталсаңыз.
– Мен Ыбырай атамыз жайында кандидаттық, докторлық диссертация қорғардан бұрын өткен ғасырда қазақтың төте жазумен жазылған әдебиеттерін, газет-журналдарымен таныстым. Сол еңбектердің арасынан алғаш Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты шығармасын кезіктірдім. Осы сәттен бастап Ыбырай бабамыздың өте сауатты адам болғанына көзім жетті де, зерттеу жұмыстарына кірістім. Одан бөлек, «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясын», басқа да еңбектерін түрік тіліне аударып, фонетикалық, грамматикалық тұрғыдан талдау жүргіздім. Ұлы ұстаздың өмірі, шығармашылығы, педагогика саласына қосқан үлесі жайында еңбектерін түрік тіліне аударып болдым. «Modern Kazak Edebiyatının Öncüsü Ibıray Altınsarin» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғап, ұлы ағартушының жастарды оқу-білімге, өнерге шақырған өлең-әңгімелерін, Абай поэзиясы мен қара сөздерін, қазақ дастандарын түрік тіліне аудардым. «Абай Құнанбайұлы – дәуір айнасы», «Қазақ дастандары» атты кітаптарым жарыққа шықты. Осы арқылы жалпы қазақ әдебиетінің тереңіне үңіле бастадым десем, қателескенім емес. Қазіргі уақытта аталған қайраткерлерімізді дәріптеу кең өріс алды. Қазақ тарихы, мәдениеті, зиялы қауым жайында түрлі ғылыми диссертациялар қорғалып жатыр.
– Қазақ тілін қай жасыңыздан үйрендіңіз және екі ұлттың тілдері қазір қаншалықты алшақтап кеткен?
– Біздің тіліміздің негізі сонау ОрхонЕнисей жазбаларында жатыр. Әрине, кейін түркі халықтары жеке-жеке мемлекет құрды, шекара бекітті. Ғасырлар өте келе, әр ұлттың өз тілі, өз салт-дәстүрі қалыптасатыны ақиқат. Мен екінші курс оқып жүргенде қазақ тілін үйрене бастадым. Маған жетекшілерім қыпшақ, оғыз, қаңлы, сібір тілдер тобының қайсысына барасың деп сұрады. Менің курстастарымның көбі оңай көріп өзбек, түркімен, әзірбайжан тілдерін алды да, мен қиын да болса деп қыпшақ тобының қазақ тілін таңдадым. Содан бастап, міне, жиырма жеті жылымды қазақ тілі мен әдебиетіне арнап келемін. Түсіне білсек, екі елдің тілінде көп айырмашылық жоқ екеніне көз жеткізесіз. Ол тек түрік пен қазақ тілі ғана емес, жалпы түркі тектес халықтарға тән ортақ ерекшелік.
– Түркияда қазақ тілін меңгере отырып, қазақпен кездеспеуіңіз, аралас-құралас болмауыңыз мүмкін емес деп ойлаймын. Қазақ достарыңыз көп пе?
– Өте дұрыс сұрақ! Менің туған ауылым Анкараға жақын Қайсері қаласының маңындағы Мұсажылы елді мекені. Стамбұлдың Зейтінбұрны ауданына барғанымда, онда қазақ ағайындарды кездестірдім. Бір үйдің алдында ақсақал отыр екен. Жасы жетпістерде. Содан әлгі қариямен әңгімелесе кеттім. Сонда әлгі кісі: «Біз Түрік еліне келгендегі алғаш табан тіреген еліміз – Мұсажылы ауылы болатын», – демесін бе. Мен аң-таңмын. Ақсақалға Мұсажылы туған жерім екенін айтып, біраз әңгімелестік. Ал өзім қазір Алматыға жиі келіп тұрамын, ол жақта достарым баршылық. Тіпті, отбасыммен Қазақстанда жүргенде қызым Алматыда дүниеге келген.
– Арқалық педагогикалық институтында тек Ыбырай Алтынсарин жайында дәріс оқып жүрсіз бе? Республикамыздың басқа білім орындарынан дәріс оқуға шақыру алып жүрсіз бе?
– Ол да бар. Негізінен түрік пен қазақ тілінің ұқсастығы жөнінен дәрістер беріп жатырмын. Екі тілді үйренудің оңай жолдары – басты тақырыптардың бірі. Бұл алдағы уақыт институт түлектері Түркияға барып магистратураға тапсырып жатса, өте қажет болатын дүние. Әрі қарай докторантураға жол ашылады. Айтпақшы, біздің елде докторлық оқу ақысыз.
Алматы, Өскемен, Қызылорда қалаларынан шақыру алып жатырмын. Бірақ өзім еңбек ететін Муғла Сыткы Кочман университетінде де жұмыстарым шаш етектен. Алда қолым тиіп жатса, міндетті түрде келіп, Қазақстан қалаларында дәріс оқуға әзірмін.
– Алдағы уақытта қандай жұмыстарды қолға алмақ ойыңыз бар?
– Ыбырай атамыздың хаттарын аударып қойдым, енді соны баспадан шығару жұмысы тұр. Оның сыртында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін де түрік тіліне аударсам деймін. Қазақтың ғана емес, әлемді таңғалдырған бірегей батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың да орны біз үшін ерекше. «Ұшқан ұя», «Соғыс психологиясы» еңбектерінің аудармасы да аяқталуға жақын.
– Түркияның тәуелсіздігі қантөгіспен, соның ішінде Ататүріктің рухымен, зеңбіректің күшімен келді. Қазақтың тәуелсіздігі қаламның ұшымен, яғни, бейбіт жолмен келген. Осы жөнінде тұжырымдап өтіңізші.
– Тарихқа жүгінсек, көп мемлекет соғыстан кейін егемендік алады. Ал Қазақстан өз тәуелсіздігін кешегі Әлихан, Ахаң, Міржақып бастаған Алаш қайраткерлерінің заманында-ақ жариялады. Ол – қаламмен, ақылмен келген тәуелсіздік. Сол дербестік тоқсаныншы жылдар басында жалғасын тапты. Мен солай түсінемін.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Азамат ӘБІЛҚАЙЫРОВ