“Газетке жазылуды өзімізден бастауымыз керек” Әулиекөлдік оқырмандар осылай дейді

IMG_6896цвОблыстық "Қостанай таңы" газетінің Әулиекөл ауданындағы күндері сәуір айынан бергі өтіп келе жатқан кездесулердің ең  ауқымдысы десек, артық айтпағандық болар еді. Шын мәнінде мұндағы жұртшылықпен жүздесу өте мазмұнды әрі пікір-таласқа толы өтті. Бұл жолы Бас редактор Ж.Аязбеков бастаған редакциялық ұжымның құрамында белгілі ақын, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Серікбай Оспанұлы да болды.
Аудан орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің мәжіліс залы газет оқырмандарына лық толы. Жүздесуге  аудан әкімі А.Балғариннен бастап жергілікті кәсіпкерлер, ауыл әкімдері, аудан мекеме басшылары мен зиялы қауым өкілдері шақырылыпты. Бәрі де "Қостанай таңының" шынайы жанашырлары екендігін және айта кету ләзім.
IMG_6948Сонымен,  көп ұзамай кездесу кешінің шымылдығы түрілді. Оны аудан басы Амантай Бал-ғарин өзі қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол газетке жазылу төңірегінде жиналғандарға уәлі сөзін арнады.
– Өз басым "Қостанай таңын" қазақтың салт-дәстүрінің, тілінің, ділінің басты жоқтаушысы деп білемін, – деп атап өтті ол өз сөзінде, – Мұндай кездесулер жиі өтуі керек. Әр азамат осы басылымның ел ішінде кеңірек насихатталуына атсалысулары тиіс.
Амантай Кәкімбекұлы сөз арасында ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігін қысқаша баяндап берді. Ал ақын Серікбай Оспанұлы өзінің "Қостанай таңына" арнаған жыр жолдарын оқыды.
Бұдан әрі оқырмандарға микрофон ұсынылды. Олардың айтқан ұсыныс, талап-тілектері әрқилы.  Енді сөзді әулиекөлдік оқырмандарымыздың өздері алсын.
 
IMG_6860цвТұрғын Досмағамбетов, зейнеткер: Мен Әулие-көлдің байырғы тұрғындарының бірімін. Газетті көптен бері жаздырып аламын. Айтайын дегенім, неге біздің ауданда газеттің меншікті тілшісі жоқ? Егер біздің ауданда меншікті тілші болса, өңірдегі болып жатқан көптеген өзгерістерді басылым бетінде жариялап тұрар еді. Сонда ғана газеттің оқырманы көбейе түсер еді.
 
IMG_6875цвСәлима Жұрқабаева, аудандық тілдерді оқыту бөлімінің бас маманы: Газеттің іргелі оқиғаларды, көкейкесті мәселелерді жазатыны баршамызға мәлім. Алдағы уақытта басылымның беделі бұдан да жоғары болса екен. Оқырманы көп болуы үшін газетті кеңірек насихаттау керек деп ойлаймын.
 
IMG_6909цвДосбол Құсайынов, Әулиекөл селосының әкімі: Мен мынадай ұсыныс айтқым келеді: газетте мемлекеттік тілде таза сөйлейтін өзге ұлт өкілдері туралы жиі  жазсаңыздар бұл өз ана тілін білмейтін кейбір азаматтарымызға үлкен сабақ болар еді.
 
IMG_6889цвҚайдар Әбдірахманов, Әулиекөл кентінің тұрғыны: "Қостанай таңына" жазылмау – кез келген қазақ үшін өзіміздің дінімізді, тілімізді сыйламау деп түсінемін өз басым. Газетке жаздырту үшін жақсы үгіт-насихат керек. Біз қазір жазыламыз деп айтамыз, ол осы жерде қалады. Осы мәселені бүгіннен бастап қолға алуымыз керек. Құр текке тіл, тіл дей бергеннен ештеңе өнбейді. Оны іс жүзінде дәлелдей білген жөн.
 
IMG_6894цвТілеген Жұматов, Әулиекөл ауданының тұрғыны: Газет қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары туралы, сосын ескіден қал-ған есті сөздер жөнінде көбірек жазса екен. Өйткені, кейінгі өсіп келе жатқан жастар бұл жағын көп біле бермейді. Бұл әсіресе мектеп ұстаздарына, оқытушыларға жақсы болар еді. Өйткені, ондай өнегелі әңгімелер айтатын ақсақалдар жоқ қазір. Сіздердің келгендеріңізге көп рахмет!
 
IMG_6902цвҚапен Ақыбаев, Әулие-көл кентінің тұрғыны: Газетке жазылғанбыз және әлі жазыла береміз. Ал енді Сіздерден бір өтініш: газеттеріңізде ауа-райы туралы малұмат беріп тұрсаңыздар жөн болар еді. Соны жаза қоймайсыздар. Халық үшін, ел үшін бұл өте қажет деп есептеймін мен өз басым. Содан біз хабардар болып отырамыз. Ертеде үлкен кісілер жаздың қалай болатындығын, келер көктемнің қалай болатындығын болжап отыратын еді. Қазір ондай жоқ. Біздер соны газет беттерінен көргіміз келеді.
 
IMG_6868цвӘкімбек қажы Қабденұлы: Газеттің қазіргі мазмұны көңілімізден шығады. Қолдарыңыздан келгенше барлық тақырыптарды қамтып жатырсыздар. Енді газеттің жанашыры ретінде мен мынаны айтқым келеді. Біздің ауданда "Қостанай таңы" газетіне көп болса 300-ақ адам жазылады. Ал ауданда тұратын қазақ атаулының саны 24 мың . Енді мынаны қараңыз: "Костанайские новости" газетіне жазылатындардың саны одан он есе көп, яғни 3000-ның сыртында. Неге бұлай,сол бізді толғандырады.Соған қарағанда халық арасында үгіт-насихат жағы кемшін сияқты…
 
IMG_6883цвМолдағазы Жүрсіналин, шаруа қожалығының жетекшісі: Газеттің таралымы неге аз дейміз. Сіздерге қояр кінә жоқ, кінәнің бәрі өзімізден. Көршімізге, досымызға айтайық. Шәй ішіп отырғанда айтайық, "Қостанай таңында" мынадай қызықты мақалалар шыққан екен деп. Мәселен, Дамир Әбіштің уытты шымшымалары, түрлі әзіл-қалжыңдар шығып жүр. Осындай дүниелер көп болса екен. Газет таралымының аздығы осы отырған бәрімізге сын. 300 дана деген өте ұят нәрсе. Ойласайық.
 
IMG_6878цвСағындық  Досмағамбетов, Әулиекөл кентінің тұрғыны: "Қостанай таңы" бұрынғыға қарағанда айшықтана, ажарлана түсті. Мазмұны артты. Алайда маған бір ұнамайтыны, газеттің кейбір нөмірі тұтас қаулы-қарарға, толып жатқан шешімдерге арналады. Осыларды басқа бір кітапша етіп басып шығаруға болмай ма? Екіншіден, өлеңді талғамай-ақ баса бересіздер. Қазір кез келген адам ақын болып алды. Өлеңнің буынына, бунағына қарамай сілтей береді көбісі. Ондайдан не уйренуге болады? Осы жағына абай болсаңыздар екен.
 
IMG_6905цвБатырхан Ермұхамбетов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің мұғалімі: 2010 жылы біздер тар мектепте оқып жүргенде, Сіздердің тілшілеріңіз Қарлығаш Оспанова келіп, ата-аналардың өтінішін газетке жариялаған еді. Мүмкін көпшіліктің жанайқайы "Қостанай таңы" арқылы басшылардың құлағына жетті ме екен, ол жағын білмеймін. Әйтеуір, ең бірінші "ҚТ" мәселе көтергеннен кейін барып, көп ұзамай жаңа мектеп бой көтерді.
 
Кездесу соңында әдеттегідей "Қостанай таңы" газетінің Әулиекөл ауданындағы  жанашырлар клубы құрылды. Оған төраға болып "Москалев" ЖШС директоры Зейнолла Жаңбыршынов бекітілді.  Сондай-ақ,  ауданның құрметті азаматы Сағындық  Досмағамбетов пен  Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Ғалымжан Ерішевтерге де арнайы куәліктер мен алғыс хаттар табыс етілді. Және басылымға үш адамды тегін жаздырту үшін редакция тарапынан арнайы сертификат берілді
Ал Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушылары  Бану Ысқақова мен Арайлым Сәдуақасоваларға "Қостанай таңы" газетінің жас тілшілері" куәлігі берілді.
Айтпақшы, журналистермен жүздесу барысында аудан әкімі А.Балғарин жақсы бір ұсыныс айтты. Егер облыстық газет Әулиекөл ауданында меншікті тілші қосынын ашатын болса, оған өзі тарапынан қолдау көрсететіне сендірді және алдағы уақытта "ҚТ" таралымын ауданда мың данадан асыруға уәде етті. Міне нағыз ұлтжанды азамат!
Айбек
      КӘДІРҰЛЫ
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген  Бағдат АХМЕТБЕКОВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓