Тіл саясаты тұғырында
Бүгін Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу қорытындысын онлайн-брифингте баяндап берді.
Облыста тіл саясатына үш жыл ішінде 723 млн теңге қаржы бөлінген. Тиісінше, олар тілдерді оқытуға, мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған іс-шаралар өткізуге жұмсалған. Қаржыландырудың салыстырмалы өсіміне көз жүгіртсек, 2017 жылы бөлінген сома 211,9 млн болса, биыл ол 298 млн теңгеге жеткен. Қаражаттың да, тілдің де игерілу деңгейі олқы емес.
"Тілдерді меңгерген облыс тұрғындарының үлесі жыл сайын артып келеді. Мысалы, мемлекеттік тіл көрсеткіші 67-ден 70%-ға жетті. Ағылшын тілін меңгерген, үш тілді игерген тұрғындар үлесі 15-16%-дан көрініп, жерлестеріміздің тілдік капиталының дами түскенін дәлелдеп отыр. Ал облыстың мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 95%-ға жетіп, Мәдениет және спорт министрлігі белгілеген межеден асты", – деп баяндады Гүлжан Ермашқызы.
Басқарма басшысы келтірген деректер бойынша, облыс көлемінде тілдерді оқытатын 20 орталық бар. Олардың базасында соңғы үш жылда 18 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді, 5 мыңнан астам тұрғын ағылшынша оқыған. Өз тілдерін оқыған этнос өкілдерінің саны – 437 тұлға. Биыл жыл басынан бері орталықтарда 8 679 тыңдаушы тілдерді меңгеруде. Олардың 6 603-і – қазақ тіліне құштарлығы оянған азаматтар. Облыста кейінгі жылдары ономастика жұмыстарының жүрісі жеделдегенін байқауға болады. Соңғы үш жылда 13 әлеуметтік-мәдение нысанның, 7 ауылдық округ, 7 ауыл және 105 көшенің атауы өзгеріпті. Оның қатарына Президент жарлығымен Бейімбет Майлиннің есімі өзі туған ауданға берілгенін және Затобол кентінің Тобыл болып өзгертілгенін қайталап айта кеткеннің артығы жоқ. Қазіргі таңда елде Ұлттық санаққа дайындық жұмыстарының басталуына байланысты, барлық ономастикалық жұмыс уақытша тоқтап тұр. Әйткенмен, тіл саясатын тұғырландырудың жаңа межесі алға қойылып отыр. Ол – Үкімет қаулысымен бекітілген ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2050 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау.
"Бағдарлама мақсаттарына қол жеткізу 4 нысаналы индикатормен өлшенетін болады. Әуелгісі – латын әліпбиі қолданылатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесі. Бұл көрсеткішті 2022 жылдан бастап 10%-дық өсім арқылы 2025 жылы 50%-ға жеткізу көзделеді. Одан кейінгісі – мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі. Мұндай азаматтар салмағын 2025 жылға дейін 95%-ға арттыру жоспарда. Үшіншіден, үш тілді меңгерген тұрғындар үлесі 2025 жылы 31%-ға жетуі тиіс. Төртіншіден, мемлекеттік БАҚ-тағы қазақтілді контент үлесін алдағы бес жылда 80%-ға көтеру нысанаға алынады", – деп тәптіштеп түсіндірді Г.Мендекинова.
Әсіресе, алғашқы индикатор – латыннегізді әліпби жобасын ілгерілетудің маңызы зор. Сандарға сүйенсек, бұл бағытта соңғы екі жылда 8 мыңнан астам іс-шара өтіп, облыс бойынша 429 мың адам қамтылыпты. Спикер сөзінше, мемлекеттік тіл үстемдігін орнату және үш тілді меңгерген азаматтар үлесін арттыру да алынбайтын асу емес, оған жыл сайынғы көрсеткіштер өсімі куә. Сондай-ақ, соңғы индикатор сөз болғанда облыста 100% қазақ тілінде басылатын "Қостанай таңы" газеті және мемлекеттік тілде 72% хабар тарататын "Қазақстан-Қостанай" телеарнасы тілге тиек болды.
Қазіргі қиын-қыстау жағдайға байланысты, көптеген іс-шара жылдың 2-жартыжылдығына шегерілген. Бірақ тіл саясатын насихаттау жұмыстары түбегейлі тоқтаған жоқ. Оған онлайн режиміндегі шаралар легі дәлел.