Ән думанына асығыңыздар!

Бүгін І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында дәстүрлі әнші, жыршы, термеші, қобызшы, республикалық байқаулардың лауреаты, Меценаттар клубы тағайындаған "Қазына" сыйлығының иегері, журналист әріптесіміз Қыдырбек Қиысханның "Байрақты елім – байтақ елім" атты шығармашылық кеші өтеді. Өнерпаздың ән-жыр думаны "Ерулік" облыстық форумы аясында дарынды қандастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. 
Талантты әнші Моңғолия елінде дүние есігін ашқан. Еліміз Тәуелсіздік алған шақта, 1991 жылы отбасымен Қамысты ауданының Қарабатыр ауылына келіп қоныстанды. Бала шағынан өнер додасына түсіп, болашағы зор дарын иесі екенін аңғартып, облыстық "Жас тұлпар" оқушылар айтысында үш мәрте топ жарды. Республикалық ақындар сайысында да жүлдегер атанды. Ол – әншілік, орындаушылық шеберлігімен мойындалған дүлдүл. Облыстық, республикалық, халықаралық жыршы-термешілер байқауларында талай рет лауреат болды. Халықаралық деңгейдегі "Мен қазақпын!" ұлттық мегажобасында жарқырай көрініп, көпшілікті тамсандырды. Қазақтың дәстүрлі әндерін, жыр-термелерді, халық композиторларының туындыларын насихаттап жүр. Қыдырбек – Қазақстанда қобызбен жыр айтатын саусақпен санарлық жыраулардың бірі. Өңір өнерінің өрге жүзуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Оның журналистік қыры өз алдына бір төбе. Бүгінде облыстық "Қостанай таңы" газетінде тілші болып қызмет етеді.
Әншінің бүгінгі шығармашылық концерті көрерменін ерекше әсерге бөлеп, ұлт өнерінің қайнарынан сусындатып, көңілді шалқытып, рухты асқақтататын кеш болары сөзсіз. Ендеше, қадірменді қауым, 9 желтоқсан күні сағат 17:00-де облыстық қазақ драма театрына асығыңыздар!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓