“Ниязбек және оның достары”
Қайыңды ауылдық мәдениет үйінде жас әнші Н. Оразовтың шығармашылық кеші өтті. Ол кеше ғана осы ауылдың төсінде асыр салып өскен болатын. Бүгін, міне, ержетіп, туған ауылына өзінің алғашқы концертін беруде.
Ниязбек Рамазанұлы Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде оқиды. Қалалық "Қыран жігіт–2014" байқауының жеңімпазы.
Жас дарын ауылына өзі сияқты өнерлі достарын бірге ала келді. Содан да болар кеш атауы "Ниязбек және оның достары" деп аталды. Тағылымды шарада кеш иесімен бірге түркістандық әнші Асылзат Дүйсенқұл, колледждің биші қыздары Сымбат Сабыр, Нұрсәуле Оразбек, Таңшолпан Сағындық өнердің көрігін қыздырды.
Ниязбек тек эстрада түрінде ғана ән салмайды. Қазақтың қара домбырасын қолға алғанда, сырлы сазды дауысы естіген жанды еріксіз елтіп әкетеді. Облыстық "Жігіт сұлтаны" байқауында С.Сейфуллиннің "Тау ішінде" әнін орындап, әділқазылар алқасынан жоғары баға алған.
Алыста жатқан ауылға ат басын бұрған жастарға Ниязбектің ата-анасы, ұстаздары мен достары, ауылдастары ыстық ықыластарын білдірді. Қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі М.Мұсабекова өнерпаз- дарға алғыс хат пен ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.