Жырыммен айтам сөзімді

Нұрболат МЕШІТБАЕВ
Ай тұтылды түнімен…
Тарас Шевченконың мұңы
 
IMG_5484Ай тұтылды түнімен,
Күннің көзін бұлт басты.
От шашты адам тілімен
Ұқтыра алмай ұқпасты!
Қақ айрылып қара жер,
Қырғи-қабақ халық та.
Мәңгүрттеніп барады ел,
Айналып еді алыпқа?!
Жүрегімнің жап-жасыл
Жанып жатыр желегі.
Биіктеген сан ғасыр,
Қайда ұлтымның беделі?!
Зәбір көрген балалар,
Неге жапа шегеді?
Қайғырады Аналар,
Осы ма еді керегі?!
Ел едік ашық таң күткен,
Айналдық қой тамұққа,
Әділдік қуған жан біткен
Жатыр, әне, табытта?!
Бір-бірін жауға балаған
Адамдар әсте оңды ма?!
Береке қашты қаладан,
Тыныштық быт-шыт болды да!
Осы ма елден озғаның,
Ойрандап жатсың жеріңді?!
Қайтадан тағы қозғадың
Іштегі шемен шерімді!
Ұмтылып ұлы үмітке,
Қол созып едің асылға,
Бүлікке қалай ұрындың
Ғажайып мынау ғасырда?!
Қайда?!
Қайда дархандық,
Кімдер қанға құмартқан?!
Талай елді талқан ғып,
Таққа талас құлатқан!
 
Достық – тіреу бірлікке,
Ұмтыл, ұлтым, жарыққа!
Береке байлық – бірлікте!
Құдірет-күш – халықта!
 
Топырақ-Ана тыңдашы…
 
Қара жер, қара топырақ,
Өзіңді сүйіп кие еткем.
Жапырақ тұр қалтырап,
Сақташы қара ниеттен!
 
Арман жүр жылап алданған,
Табынып соқыр сенімге.
Шаршадым өсек-жалғаннан,
Мүшкіл-ау халің сенің де?
 
Жақсылық қайда жан күткен,
Ақ жүректіні аңсадым.
Қорқамын тұлдыр мәңгүрттен,
Зомбилардан шаршадым.
 
Жанымды, улап денемді,
Қасірет болса қас-қағым,
Өзімнен де мен енді
Күдіктене бастадым.
 
Боп барады өмір маған мұң,
Мақтандардан қорқамын.
Кейпіне кірген адамның
Сайтандардан қорқамын.
 
Жүрегі тасқа айналған
Тәубесіз бастан қорқамын.
Сағыздай әбден шайналған
Жігерсіз жастан қорқамын.
 
Кім екен кім, кім тастаған
Кеудесін кеулеп, отын ап?!
Сырыңды Ана, аш маған,
Не істейін айтшы, топырақ?
 
Тарылып кейде кең дала
Жолымнан сансыз жаңылтты.
Қайтаршы, қайтар, Жер-Ана,
Періште күнім сағынтты!
 
Періштем, аппақ қайдасың
 
Бақыт боп алға жетелеп,
Шаттыққа мені бөлеші.
Ерке қыз болып еркелеп,
Желеші, демеп жебеші.
 
Жиілеп кетті алған дем,
Өзіңе құшақ жайғасын.
Арман ба ең, әлде жалған ба ең,
Періштем, аппақ қайдасың?
 
Шаң-тозаң, түтін өпті өркен,
Басыңа бақыт қонар ма?
Саған да орын жоқ па екен
Тарылған мына қоғамда?
 
Сезсең ғой менің мұңымды,
Сенімен болсын жолым бір.
Періштем төкші нұрыңды,
Илхам сезімге шомылдыр.
 
Өзгермей тұра алмайды
Екен ғой байғұс пенде бұл.
Жан…
Біреуге мал қайғы
Тазарайыншы мен де бір!
 
Атаған мені майталман
Керегі жоқ алғыс хат,
Санасыз сансыз сайтанның
Жын ойнағынан алыстат!
 
Саған ғана ашайын
Айтпаған жанға сырымды.
Мен де елге шуақ шашайын
Шашу етіп жырымды!
* * *
Сол аңызақ соғатын,
Сол қуырған отты күн.
Көл айнала қонатын
Киіз үй тек жоқ бүгін.
 
Кеткен елден бақ көшіп –
Таппай қойдым бір үйді.
Айдалада ақ төс ит
Ауылды іздеп ұлиды.
*  *  *
Көңіліңді қуанышқа толтырар,
Жылтыраған бір үйі жоқ оты бар.
Ауыл осы.
Еске түсті Сауран, Жент,
Жер астында шөгіп жатқан Отырар…
 
Сағыныш қой, жанарымнан тамды жас,
Көктем айы.
Мидай дала,
Қарным аш…
Ұя салар үй таппаған маңайдан,
Мені айналып ұшып жүр бір қарлығаш…
 
 
Абылай МАУДАНОВ
Қара бұлт кеп құрсады…
 
* * *
IMG_5491Мен туған жер – тау-тас, теңіз, ормансыз,
Ормансыз да болған жоқпын қорғансыз.
 
Пысық бол деп шыңдаса өзі өкпегі,
Кішік бол деп  тәлім берді көкпегі.
 
Бал деп сордым удай ащы шиесін,
Сол арқылы білгем дәмнің киесін.
 
Шіліңгірде сая еткем жыңғылын,
Ақ балықтай айдынына сүңгідім.
 
Бал қымыздың келтіретін күтімін,
Таңғы ауамен жұттым
ыстың түтінін.
 
Құба белін құла тайым шаңдатқан,
Қойлыбайдың қобызындай
 сарнатқам.
 
Күзде қырда көн етікпен дым бастым,
Бұлт астында құс үнімен сырластым.
 
Адал бол деп үндеп қыстың ақ қары,
Аязы кеп ақ жүзімді қақтады.
 
Кең қиырға суардым да көзімді,
Қара жерден үйрендім мен төзімді.
 
Асқақтықты ұғып өстім аспаннан,
Сөйтіп менің ақ сапарым басталған…
 
Жерұйық зары
 
Аңызақ – жазда жұтарға демі,
Аптапты қырдан құт аунап еді.
Жұмақтан іздеп жеті атам өтті,
Жерұйық жақтың жұпарлы әлемін.
 
Тау деген бізге сағым, есебі,
Сағым-тау қырда әлі көшеді.
Жалғыз ағашсыз жалаңаш белде,
Орман орнына шағыр өседі.
 
Жұтаңдығы елдің етіне сіңген,
Ал, көлі сордың бетіне сіңген.
Жылап ағатын жылаңқы өзені,
Жылан іспетті жеті кесілген.
 
Көз ашпай қойған даласы жұттан,
Жұттан қалғанын "данасы" жұтқан.
Ұлытау  оның Ұлы-анасы еді,
Баласын енді анасы "ұмытқан".
 
"Жерім" деп бүгін жұрты иімеген,
Берекесі бір- шіл қиыменен.
Әкімі түгіл, аспаны араз,
Ала жаз бойы бұлт иімеген.
 
Қырандарымның қиясы еді,
Алаштың ащы сиясы еді.
Тұрмысы тозған тұлдырсыз дала,
Бір кезгі ұлттың ұясы еді.
 
Ахаңдар өскен адырым еді,
Азат боп едік  – бағы жүдеді.
Талмаусыраған сорлы медиен,
Түсінгенге ұлттың тамыры еді.
 
Сенген серкемнің сыйынғаны пұл,
Салады қауіп миымда "зікір":
Түсінемісің, ей, азат Қазақ,
Күре тамырың қиылғалы тұр.
 
Айырқұм, Аққұм, Қарақұм бойы қалың  ел болатын. Қойнауындағы киігіне сан жетпейтін. Киік сынақтың құрбаны болды, халық нарықтың дегенімен тоз-тозы шықты. Кейде маған қазақ пен киіктің тағдыры егіз сияқты…
 
Нәубет төнді киікке,
Кие көшті қырлардан.
… Күрт үдерді сүйікті ел,
Құлқайырлы құмдардан.
 
Соры қалың сар дала,
Көшті ме елің от таппай.
Қашты сенен қарға да,
Шоқитұғын боқ таппай.
 
Қыр төсінде хас тұлға,
Мұң болмаған тамағы.
Қашты сенен қасқыр да,
Уа, заманның зауалы.
 
Едірейіп атқұлақ,
Жатырқайды жандыны.
Таба алмаған бақ тұрақ,
Жетімдігі – бар мұңы.
 
Тулап барып далаға
Жылап қайтар жесір-жел.
Несіп теріп қаладан
Босып кеткен есіл ел.
 
Оты сөнген шаңырақ
Қоңырайған орындар.
… Зар шертеді аңырап
Қобыз-шанақ қорымдар
 
Торғайша сені сүйемін!
Қаһарын қаңтар танытып,
Шытынайды аспан шаңғытып.
Маңдайдан ызғар ұрса да,
(болар ма қайсар мұнша ма?!)
Тезекпен  жалғап өзегін, 
қимаған жатқа өз елiн –
тобығындай-ақ түйенiң,
бiр құс бар өжет, киелi!
 
Қара бұлт келiп құрсады,
Төпелеп өттi бұршағы,
Түте боп жүнi таланып,
Тобылғы түбiн пана ғып,
Бүрісіп жатты үрпиіп.
Басына бейнет-бұлт үйіп… 
Табиғат сонша қинады,
Сонда да ол жерiн қимады.
 
Кербала-ернi кезерiп,
Қан-сөлi қаша безерiп,
Аждаһа лепті-аптабы,
Жалындап жанын қақтады.
Далада құты жұтаған,
Таппаған пана бұтадан –
Құдiретi алыс қорғайтын,
Ол құстың аты – торғай-тын. 
 
P.S
Қырау боп құрса, ызғар боп,
Бұршақ боп төпе, мұз, қар боп,
Дауыл боп итер кеудемнен,
Шілде боп қақта, шеңгелдеп,
Түспесiн мейлi мейiрiң,
Жеткенше жерге иiлiп –
Туған жер, Торғай,  киелiм,
Торғайша сені сүйемін!
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓