Білімді жас – болашақтың сәулеткері

Ауылдық жерлердегі маман тапшылығын жою үшін 2009 жылы  мемлекет "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасын  қолға малған еді. Содан бері жоғарғы оқу орнын бітірген жастардың дені шалғай ауылдарға жол тартты. Бұл бір жағы ауылдағы халық санының өсуіне де септтігін тигізіп отыр.  Мәселен, бағдарлама жүзеге асқалы Федоров ауданына бес жүзге тарта жас маман келген. Оларды тұрғын үймен, бір реттік жәрдемақымен қамтамасыз ету мемлекеттің мойнында.
Түркістан облысының тумасы Еламан Әжіханов 2014 жылы "Серпін" бағдарламасымен Қостанайдағы мемлекеттік педагогика институтына грантқа түсті. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Оқуды бітірген соң Астанаға жұмысқа орналасқан. Алайда,  көп ұзамай Қостанайға қайта оралды. Бүгінде Еламан Федоров кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы қазақ мектебінде сынып жетекшісі. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Аудандық мәдениет үйінде өтетін әр шарадан қалып көрген емес. Домбыра шертіп, баян тартады.
-Жалпы, Қостанай жері өзіме ұнады. Достарымның бәрі осында. Ұжым да өте тату. Менің бар мақсатым- алған білімімді жас ұрпақтың бойына сіңіру. Ұстаз үшін одан асқан бақыт бар ма?! Бұл жақта жастарға деген қамқорлық күшті. Егер ондай жағдай болмағанда жастар кетіп те қалар еді. Жалпы, өз басым ризамын. Осы жақта теңімді таптым. Осында үйлі болдым,-дейді жас маман.
Еламан – көп балалы отбасында туып-өскен жігіт. Үйдің кенжесі. Ендігі ойы – Федоров жеріне тұрақтап қалу.
Баннов орта мектебінде биология пәнінен сабақ беретін Анастасия Байназарованың да өз баспанасы болмаған еді. 2018 жылы күйеуінің жұмыс бабымен осы ауылға қоныс аударған. Әуелде жергілікті шаруашылық бөлген қызметтік пәтерде тұрды. Биыл "Дипломмен – ауылға!" мемлекеттік бағдарламасы арқылы кең де жарық, жылы үйге қолы жетті.
-Мемлекеттік бағдарламамен үйлі болу көп қиындық тудырған жоқ. Бас-аяғы екі аптаның ішінде барлық құжатын әзірлеп, екі күндесін несие алдық. Қазір айына жиырма алты мың теңге төлеп тұрамын. Қымбат емес. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Біздің мектептің өзінде менімен бес адам мемлекеттік бағдарламаның арқасында үй-жайлы болды,-дейді Анастасия Байназарова.
Анастасияның жолдасы Баннов ауылындағы серіктестіке жұмыс істейді. Екі баласы бар. Өзі он жылдан бері мектепте сабақ береді. Ол мемлекеттік жастарды қолдауы тиіді шешім дейді. Өйткені, қазір жастардың дені бұрынғыдай қала жаққа жөңкілмей, ауылда жұмыс тауып, тұрақтап қалғысы келеді.
-Алған үйіміз жылы, Ішінде ыстық, суық суы бар. Жазда бау-бақша өсіремін. Жас маман үшін бұдан артық не керек!,-дейді Анастасия Александрқызы.
Жас мамандарды жұмысқа және ауылда тұруға тарту үшін қолға алынған "Дипломмен – ауылға!"  жобасы арқылы келген мамандарды  әлеуметтік қолдауда  100 АЕК немесе 306,3 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 1500 АЕК мөлшерінде бюджеттік несие беріледі.  Жылдық үстемақысы 0,01%.
-Мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну тегін көрсетілетін мемлекеттік қызмет шеңберінде жүргізіледі.  2009 жылдан бастап біздің ауданға "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасымен 460-тан астам маман  келді. Оларға  тұрғын үй сатып алу үшін 610 млн. теңге көлемінде  321 бюджеттік несие және 88,8 млн. теңге көлемінде  461 көтерме жәрдемақы берілді. Биылдың өзінде  ауданға келген жас мамандарға 12 бюджеттік несие мен  8,9 млн. теңге шамасында  29 көтерме жәрдемақы төленді,-дейді аудан әкімдігінің мамандары.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ 
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓