Полицейлер қазақ тілінен емтихан тапсырды
Қостанайлық полицейлер мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. 2021-2022 оқу жылында 162 қызметкер облыстық "Тілдарын" тілдерді оқыту орталығында оқудан өтті. Қызметкерлерге курстан өткені туралы сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді.
– Мемлекеттік тілді білу – бүгінгі таңда өте маңызды және өзекті мәселе. Айта кету керек, полиция қызметкерлері жақсы білім көрсетті. Олар жұмыстарының тығыздығына қарамастан, ынта танытып, сабақтан қалмауға тырысады, – деп атап өтті "Тілдарын" тілдерді оқыту орталығының директоры Тоты Аймағамбетова.
Айта кетейік, қостанайлық полицейлер "Наурыз мейрамы", "Парасатты полицей", "Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік тірегі" сияқты түрлі сайыстарға белсенді қатысып қана қоймай, сонымен қатар бірнеше мәрте жеңімпаз атанды.Полицейлер орталықта тек мемлекеттік тілді емес, ағылшын тілін де үйренеді. Жақында ЖҚАЖ қызметкерлері ағылшын тілі бойынша A2 elementary деңгейіндегі 100 сағаттық курсты аяқтағаны туралы сертификаттарға ие болды. Сабақтар шамамен 2 жылға созылды.