Үздік жобаларға қолдау
Енді ТОП-100 өңірлік IT стартаптар Қазақстанның 10 қаласында қаржыландырылатын болады. Бұл туралы біздің өңірде өткен шара барысында айтылып, үздік жобалар анықталды.
Халықаралық технопарк IT – Astana Hub стартаптарының Startup Orda атты Қазақстан Республикасының өңірлік IT-кәсіпкерлерін дамыту бағдарламасы аяқталды. Бағдарлама жеңімпаздары 5 миллион теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізе алады.
Конкурс еліміз бойынша 10 қалада өтеді. Нәтижесі бойынша әр өңірдің конкурс жеңімпаздары өз жобасын сәтті жүзеге асыру үшін қаржыландыру алады. Ақтөбе, Ақтау, Қостанай, Орал, Павлодар, Тараз, Қызылорда, Петропавл, Талдықорған, Семей өңірлерінен бағдарламаға қатысу үшін барлығы 7 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Қостанай қаласында жобалар жәрмеңкесі мен 3 минутты питча түріндегі инновациялық идеялардың тұсаукесері өтті. Іс-шараның мақсаты бастауыш IT-стартаптарды қолдау және оларға демеу білдіру, еліміздегі стартап-мәдениетін дәріптеу, қалыптастыру әрі Қазақстан аумақтарындағы цифрландыруды одан әрі дамыту үшін ең үздік IT-идеяларды анықтау.
Жеңімпаздарды Astana Hub өкілдерінен, конкурс ұйымдастырушылары және жұмыс жасайтын кәсіпкерлер санынан құралған Астананың орталықтандырылған сарапшы комиссиясы таңдайды. IT саласындағы өз стартап-жобасын бастаушы барлық мүдделі адамдар өңірлердегі бағдарламалар бойынша тегін оқытылады, олар инвесторлар алдында өзінің идеясы мен өнімін таныстыра алады.
Startup Orda бағдарламасы әлемдік тенденциялар негізінде құрылған, барлық әлемде IT технологиясын дамыту жақсы қолға алынған. Сондай-ақ 2021 жылғы 1 қыркүйектегі ҚР Президенттің жолдауында Қазақстан цифрлы һаб болуы тиіс, осы салада 100 мыңнан кем емес маман дайындау керек деп айтылған. Бұл бастамалар өңірдің проблемаларын шешуге арналған, цифрлық дамыту жөніндегі өңірлік инкубациялық бағдарлама болуы тиісті.
–Біз жастардың басын біріктіріп, олардың идеяларына қолдау білдіріп, түрлі жоба бойынша бизнес бастағасы келгендерді көргенімізге қуаныштымыз. Біздің жастар әлемнің үздік жерлерінде білім алып, көпті үйреніп келді. Олар Астана Хабпен, Сколков және Гуглмен жұмыс істей алады. Бүгін 22 жоба ұсынылды. Соның ішінде 10 бастама Астанаға финалды баттлға жіберілді, – дейді Қостанай облысындағы өңірлік Astana Hub өкілі Мирас Адамбаев.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА