Табыс кепілі – іркіліссіз ұмтылыс
Ұзынкөл ауданы жоспарлы жұмыстарды мерзімінен кешіктірмей орындау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды ілгерілету жөнінен жеміссіз емес. Әр салада өсім бар. Өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін аудан әкімі Азамат Аужанов баяндап берді.
Ауыл шаруашылығындағы ауқымды істер
Ұзынкөл ауданының экономикалық тірегі – егін шаруашылығы. Жалпы егістік аумағы – 481 мың гектар. Биылғы орақ науқанынан 434 мың тонна астық жиналған. 46 мың тонна майлы дақыл орылды. Орташа шығым гектарына 19 центнерден айналған.
«Жалпы, ауданда 28 ЖШС және 187 шаруа қожалығы бар. Өңірдің табысын еселеуге олардың қосып отырған үлесі орасан зор. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің құны 56 млрд теңгеге тең болды. Техникалық қамтылым жағы да ойдағыдай. Ұзын саны 1779 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Биыл 1,9 млрд теңгеге тағы 45-і сатып алынды», – дейді аудан әкімі.
Мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Өңір басшысы берген мәліметке сүйенсек, ауданда 13,8 мың ІҚМ, 5,9 мың жылқы, 21 мың қой-ешкі, 178 мың бас құс, 8,5 шошқа бар екен. Биыл осы бағытта екі инвестициялық жоба қолға алыныпты. Атап айтқанда, Новопокров ауылында «Тойсай» ЖШС сүт-тауарлы фермасын 600 басқа дейін ұлғайтқан, яғни осы жылы 300 бас ІҚМ-ға шақталған автоматтандырылған нысан салыныпты. Оған серіктестік басшысы 500 млн теңге жұмсаған. Жаңадан 198 бас аналық ІҚМ сатып алынған. Олардың 155 басы төлдеп үлгеріпті.
Екінші жоба Отынағаш ауылында іске асты. «Сұлы» ШҚ 200 бас аналық ұсақ мал сатып алып, иелігіндегі түлік санын 1100 басқа жеткізді. Бұған 40 млн теңге инвестиция салынған.
Кәсіпке қолдау бар
Ауданда 750 шағын және орта бизнес нысаны бар. Соның 720-сы жемісті жұмыс істеп жатыр. Бөлшек сауда түріндегі тауар айналымының жалпы көлемі 950 млн теңгеге тең болды. Ал көтерме тауар құны 27 млн теңгеге жеткен. Негізгі капиталдың жалпы көлемі 9,4 млрд теңгенің басын құрады.
Бизнесті дамыту және қолдау бағдарламасы аясында субсидиялау және кепілдеме мақсатымен жалпы сомасы 70 млн теңгеден асатын 7 несие берілген. Қолдауға ие болған тұғындар наубайхана, жартылай фабрикаттар өндіру, жиһаз, кондитерлік өнімдер цехын ашуға мүмкіндік алыпты.
«Жаңа бизнес идеяларды қолдау мақсатында аграрлық кредиттік корпорация арқылы 5 несие берілді. Жалпы сома – 24 млн теңге. Қазіргі уақытта 7,3 млн теңгенің тағы үш өтінімі қаралу барысында. Жұмыспен қамту орталығы арқылы да 15 грант иесі анықталды. Олардың қолына тиген қаржының жалпы көлемі – 18,4 млн теңге», – деп есебін айтты А.Аужанов.
Су, жылу және жол мәселелері шешіледі
Аудан көлеміндегі құрылыс барысы да бәсең емес. Монтаждық жұмыстардың көлемі 1,7 млрд теңге тең болып отыр. Биыл 2023 шаршы метр жеке тұрғын үй салыныпты. Мұның сыртында, кезек күттірмес мәселе – аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту жоспары да жүйелі орындалып жатыр. Бүгінде 32 елді мекеннің жетеуі орталықтандырылған ауыз су игілігін көріп отыр. Әкімнің айтуынша, тұрғындар басына шаққанда, орталықтандырылған ауыз сумен халықтың 50 пайызы қамтылған.
«Биыл осы мақсатта 1,384 млрд теңге инвестиция құйылды. Қазіргі уақытта үш жоба жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, оның екеуі Отынағаш, Пресногорьков елді мекендерінде, үшінші жоба Троебрат, Сокол, Сатай ауылдарын қамтиды. Алғашқы екі жоба былтыр басталған. Келесі жылы аяқталады. Ал соңғысы биылдан қалмай тәмамдалмақ», – деп түсіндірді әкім.
Сондай-ақ, биыл Обаған елді мекенінде су тарату құрылғысы орнатылған. Бұған 3,5 млн теңге жұмсалыпты. 2023 жылы дәл осындай пункт Новопокров ауылында пайда болмақ. Оған 444,2 млн теңге қарастылған. Жалпы, алдағы екі жылда аудан көлемінде ұзын-ырғасы 16 су тарату пункті салынбақ.
Аудан орталығын жылыту «Ұзынкөл Су» мекемесінің міндетінде. Ол 7 әкімшілік ғимарат және екі қабатты 3 үйді жылумен қамтып отыр. Келер жылы Ұзынкөл кентінде блок-модульді қазандық салынады. Нәтижесінде тағы 7 әкімшілік ғимарат және 72 тұтынушы тұратын екі қабатты 6 үй жылу жүйесіне қосылады.
Ұзынкөл ауданындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың жалпы ұзындығы 540 шақырымнан асады. Оларды талапқа сай жөндеуден өткізу де күн тәртібінен түскен емес. Биыл қатынас жолдарын орташа жөндеуден өткізуге 259 млн теңге бөлініпті. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Обаған ауылының жолы 400 млн теңгеге орташа деңгейде жөнделген.
«Биыл Сокол ауылының жолын жөндеу қолға алынды. Оған 402 млн теңге жұмсалады. Биыл бұған 75 млн теңге бөлініп, 65 шақырымның 2,5-і жөнделді. Ал келесі жылы аталған жоба аясында Ершов ауылында 117 млн теңгеге екі көше, сондай-ақ 130 млн теңгеге Сатай ауылы жолдары қалыпқа келтіріледі. Миролюбов ауылына кіреберіс жолды орташа жөндеуден өткізуге 132 млн, Бауман-Ұзынкөл аралығындағы жолды жаңартуға 930 млн теңге салынады», – деп мәлімдеді Азамат Қанатұлы.
Қолдауға қашан да дайын
Ұзынкөлдік кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті берік ұстанып, туған өңірлерінің мұқтажын түгендеп, материалдық тұрғыдан қолдау-демеу көрсетуден сырт қалған емес. Биыл бизнес өкілдері осы мақсатта жалпылай алғанда 79,9 млн теңге жұмсапты. Оны да аудан әкімі тізбелеп айтып берді.
«Обағанда «Мирас» ШҚ 7 млн теңгеге, Федоров ауылында «Веста» ШҚ 21 млн, Ершовта «Ершовская 2» ЖШС 20 млн теңгеге саябақ салып берді. Меценаттар білім беру мекемелеріне де көмек көрсетті. «Веста» ШҚ Федоров ауылында мектеп аумағындағы асфалть жабынын жөндеп, қоршауын жаңартып берді. Оған 25 млн теңге бөлген. Обаған орта мектебіне «Мирас» ШҚ 1 млн теңгеге акт залын жөндеп берді», – дейді А.Аужанов.
Кәсіпкерлердің жеке тұрғын үйлердің бой түзеуіне де зор үлесі тиіп жатыр. Биыл Обаған ауылында 4 үй («Мирас» ШҚ), Отынағаш елді мекенінде 6 баспана («Ержанов» ШҚ, «Ершовский-2» ЖШС) жаңадан салынған. Құрылыс жұмыстарына жұмсалған сома – 200 млн теңге.Мұның сыртында, «Тойсай» ЖШС өз қаражатына, 24 млн теңгеге Новопокров ауыдында фельдшерлік-амбулаториялық пункт салып берген.
Бір әттеңі – мамандар тапшы
Мәдениет, спорт, білім беру және денсаулық сақтау салаларына да ерекше назар бөлініп отыр. Мәселенің жаңа нысандар салу, ғимараттарды жаппай жөндеуден өткізу жұмыстарынан бастау алғаны құптарлық жағдай. Айталық, биыл Ершов ауылында жаңадан мәдениет үйі салынып жатыр. Оған 179,7 млн теңге бөлінген. Маусым айында басталған құрылыс келесі жылы аяқталады. Нысан маңына жол салу, айналасын абаттандыруға 84 млн теңге қарастырылған. Мұның сыртында, биыл Новопокров, Федоров, Ұзынкөл ауылдарында хоккей корты салыныпты. Жұмсалған қаражат – 53 млн теңге .
«Келесі жылы 58 млн теңгеге аудандық кітапхана ғимараты жөнделеді. Ряжский және Сокол ауылдарында 24 млн теңгеге шағын футбол алаңдары салынады. Сондай-ақ, 1974 жылдан бері жөндеу көрмеген аудандық аурухана нысанын да күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған 1,280 млрд теңге бөлінбек», – дейді аудан басшысы.
Келесі жылы Отынағаш ауылында жаңадан ФАП салынып, Миролюбов, Ряжское, Федоров ауылдарындағы медициналық мекемелер жөнделеді. Бұл саладағы басты мәселе – маман тапшылығы. Ауданға 18 дәрігер, 99 орта деңгейлі медицина қызметкері қажет екен.
«Жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, лор, онколог, акулист және анестиозолог-реаниматолог мамандар жетіспейді. Кадрларды әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етуге дайынбыз», – деп отыр А.Аужанов.
Биыл аудан билігі баспанаға мұқтаж бір дәрігер маманға үй әперген. Алдағы екі апта көлемінде тағы екі қызметкерге баспана кілті табыс етілмек.