Жерлесіміз жеңіспен оралды

Шымкент қаласында алғаш рет Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен республикалық «Мұхтар Шаханов оқулары» байқауы өтті. Оған Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенті​ Динара Едіресова қатысып, 1-дәрежелі жүлдені иеленіп қайтты. Жақсы хабармен Арқалық қаласының мәдениет бөлімі бөліскен еді.   
Аталмыш байқау оқу орнының құрылғанына 85 жыл толуына және сол оқу орнында білім алған Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойының құрметіне арнап ұйымдастырылған. Байқауға еліміздің жоғарғы оқу орындарынан 21 үміткер қатысып, өзара бақ сынасқан болатын. Жастар өз таңдаулары бойынша Шахановтың екі шығармасын көпшілік алдында мәнерлеп оқыды. Мұнан соң ақынның өлеңіне жазылған әндер де шырқаған. Қазылар алқасы қатысушылардың дауыс ырғағы, сахнада өзін-өзі ұстауы, киімі мен үнінің әуезділігіне аса мән берген. Ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып, үздік өнер көрсеткен Динара Қонысбекқызы – Арқалық педагогикалық институтының «Қазақ тілі және әдебиеті» бөлімінің 4-курс студенті.
«Нәтижесінде топжарып, баршаның үмітін ақтап, жеңіске біздің қызымыз жетті.  Қала мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып, дарынды, көркем сөз шебері екендігін дәлелдеген Динараны шын жүректен құттықтаймыз. Өнер – адамды асқақ сезімге бөлеп, жан дүниесін нұрландыра түсетін құдірет. Осындай құдіретті өнер өміріңді кемелдендіріп, шығармашылық талантыңды шыңдап, табысты жеңістерге жетелей берсін» деп ақ тілегін арнады арқалықтық өнер сүйер қауым.
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓