Құмар Ақсақалов: «Қымбат жобалардан бас тартуымыз керек»
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласындағы мектеп жасындағы балаларға арналған заманауи Смарт-орталықтың құрылысымен танысып шықты. Балалар жылы аясында облыс орталығында 1300 орындық (бір ауысымда – 650 бала) мектеп жасындағы балаларға арналған Смарт-орталықтың құрылысы басталды.Нысан «Юблейный» шағын ауданында бой көтеруде. Орталықта ғылыми-биологиялық үйірмелер (аквапоника және гидропоника кабинеттері, агролаборатория, химия-техникалық және физика-техникалық зертхана, жаңартылатын энергия көздері үйірмесі), IT бағыттар (бастапқы техникалық модельдеу, 3D басып шығару, 3D модельдеу және 3D сканерлеу компьютерлік сыныптары, авиамодельдеу үйірмесі, компьютерлік бағдарламалау сыныбы, инженерия және робототехника, ойын кітапханасы, виртуалды шындық үйірмесі, SDR радиосын бағдарламалау үйірмесі), көркемдік-эстетикалық бағыт (көркемсурет, вокал, қыш құмыра студиялары, актерлік шеберлік, ландшафты дизайн, бейне және фотомонтаж, режиссерлік өнер сабақтары), тіл үйірмелері жұмыс істейді, сондай-ақ үш жүз орындық концерт залы болады.
Смарт-орталықтың құрылысжұмыстарын «BiGlobal» ЖШС мердігер мекемесі айналысуда. Жобаның құрылысына 10,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов құрылыс алаңында болып, бөлінген қаражаттың тым көп екенін ескертіп, оңтайландыру қажетігін атап өтті.
«Соңғы екі күнде алдағы жылы бөлінетін бюджет жоспарын қайта қарап, сараптап жатырмыз. Ол келесі аптада қабылданатын болады. Саралап отырсақ, өте ауқымды жобалар көп екен. Менің ойымша, қаражатты барынша үнемдеу бүгінгі күннің талабына сай. Кейбір ауылдар сусыз, жолсыз отырғанда, тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар туындауы мүмкін. Сол себепті, мұндай жобаларға қыруар қаржыны жұмсау орынсыз деп есептеймін. Үнемдеу мақсатында, облыс әкімдігінің балансындағы сауықтыру-демалыс кешендерін де әлеуметтік салаға бейімдеу жағын қарастырып жатырмыз. Қостанай қаласындағы кейбір нысандардың жобасының құрылысы өте қымбат. Мәселен, граниттен жасалған бордюрлер орнатудың қажеті қанша? Осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Оның орнына өзімізде өндірілген қымбат емес бордюрлерді қолдауға тапсырма бердім. Ал, дегенмен Смарт-орталық керек. Алдағы жылы шекаралас Ресеймен Қазақстан арасында форум өтеді. Бұл жерде осындай маңызды жиындар өтуі тиіс. Біздің өңірдің балаларына керек», -деді облыс әкімі.
Жоба бойынша заманауи орталық 2023 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ