Бар жақсылық балаға
Қаламызда “Amanat&K” жекеменшік балабақшасы жұмыс істейді. Бұл қатардағы балабақшалардың бірі емес. Оның өз ерекшелігі бар. Балабақшаны ең алғаш 2018 жылы Шынар Жалмұхамедова бастаған ата-аналардың бастамашыл тобы ашқан болатын. Бұл бастама ерекше балаларға арналған сенсорлық бөлмені ашу грантын жеңіп алған кезде басталған. Бастама алдымен дамуды түзету орталығы болса, қазір логопед, дефектолог, психолог, БДШ маманы, нейропсихолог сияқты мамандары бар толыққанды күндізгі балабақшаға. Осы балабақша алғаш рет ерекше балаларға арналған 100 орындық мемлекеттік тапсырыс ұтып алды.
Арнайы топтардың ашылуында облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова арнайы барып, балабақша жұмысымен танысты. Мұнда бар жағдай бар, ұсақ-түйекке дейін ұйымдастырылған.
–Бұл өзара біріккен жұмыстың нәтижесі. Мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың және әлеуметтік жауапты бизнестің тамаша үлгісі. Баланың басындағы қиындыққа бей-жай қарамай, оны алға сүйреп, дамытып, осы ісінен пайда табуды емес, балалар мен олардың ата-аналарына қолдау мен көмек беруді бірінші орынға қойған жандардың еңбегінің жемісі, – деді ол.
Мамандар әр балаға жеке даму бағдарламасын құрастыра отырып, әр үш ай сайын нәтижелерді талдап, балаларға деген қатынасты жетілдіріп отырады. Педагогтар бірқатар авторлық бағдарламалар әзірлейді, тәжірибені жинақтау мен лицензиялау жұмыстарына облыстық білім басқармасы қолдау көрсетеді.
Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары колледжінің студенттері үшін балабақша кәсіби тәжірибе орнына айналған. Жастар осы жерде тәжірибеден өтіп, көп дүниені үйренеді. «Amanat&K» педагогтары «Өрлеу» орталығы тыңдаушыларына өздерінің білгендері мен жұмыс тәжірибесін үйрете отырып, сабақтар өткізеді. Балабақша түлектері облыстың жалпы білім беретін мектептерінде оқуын жалғастыра алуы үшін облыста ашылатын инклюзияны қолдаудың 10 жаңа кабинетімен ынтымақтастық орнатады.
Ата-аналар үшін арнайы топтардың ашылуы маңызды шара екені сөзсіз. Егер бұрын олар балаларын оқыту үшін ай сайын 110 мың төлеген болса, енді мемлекет осы қаражаттың тәрбие мен оқытуға, тамақтануға деген төлемді мойындарына алады. Демек, мемлекет ай сайын бюджеттен әр балаға 74 мың теңге бөлетін болады. Ата-аналардың қалауы бойынша қосымша дамыту қызметтері ғана ақылы болмақ. Бір жақсысы ата-аналар да бала тәрбиесінен сырт қалмай, үлес қоса алады. Бүгінде 8 ата-ана балабақшаның өзіне жұмысқа орналасып, ұжымның құрамына енген. Басқа ата-аналар қалада жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр, өйткені олар көбінесе балаларымен бірге болуға мәжбүр.
– Біздің балалар өте мықты. Үйреткенді тез алып кетеді. Олардың әр жетістігін көрудің өзі қуаныш. Алдағы уақытта балаларымыз орта білім берудің барлық кезеңдерінен өтуі үшін «Amanat&K» білім беру кешені базасында бастауыш мектеп ашылса деген үмітіміз бар. Біз бүкіл ұжымның қалай тырысып жатқанын, олардың бірегей әдістемелерінің қалай жұмыс істейтінін көріп, куә болып келеміз. Осынша күш-жігермен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар болашақта біздің қоғамның лайықты мүшелері, еліміздің табысты азаматтары болатынына сенеміз, – дейді балабақша тәрбиеленушісі Бексұлтанның анасы Әйгерім Тоқтамысова.
Балабақша үшін жаңа үш қабатты ғимарат салған кәсіпкер Жанат Бертебаевтың баға жетпес еңбегін де атап кетпесе болмайды. Әлеуметтік-жауапты бизнестің осындай өкілдерімен ынтымақтастық пен мемлекеттің қолдауының арқасында біздің балаларымыз жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, болашаққа үміт артады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА