Апат айтып келмейді
Қараша айындағы қатты аяздың салдарынан кей өңірдегі жылу қазандықтары мен магистралдық желілер істен шықты. Мәселен, таяуда Арқалық қаласындағы жылу-энергетикалық компаниясының №5- су жылыту қазандығы жарылып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, осыдан бір апта бұрын Рудныйда да әлгіндей көрініс қайталанды. Кеншілер қаласында Гагарин көшесінің бойындағы №4,6-шы үйлер мен тоғызыншы шағын аудандағы жылу құбырынан ақау шығып, тұрғындар бірнеше сағат бойы жылусыз, ыстық сусыз қалды. Абырой болғанда, жарылған құбыр сол күні кешке дейін қалпына келтіріліп, әлеуметтік нысандар мен үйлерге жылу берілді. Қала тұрғындарының айтуынша, қар астында қалған жылу жүйелерінің бұлайша сыр беруі жиі қайталанатын көрінеді. Шаһардағы жылу құбырлары әбден көнерген. Сондықтан, жылына шамамен 300-дей апат тіркеледі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй құрылысы басқармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, бүгінгі таңда жылу маусымы жоспарға сәйкес беріліп жатыр. Барлық нысандар жылу жүйелеріне қосылған. Биылдыққа 48 шақырым жылу жүйесі жөнделіп, 15 шақырым су құбыры мен кәріз жүйесі жаңартылған. Бүгінде қысқы жылу маусымында облысқа 465,4 тыс тонна көмір қажет болса, қолда 416 тыс тонна көмір бар. Барлық білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары қатты отынмен қамтамсыз етілді.
– Осындай әзірлікке қарамастан, өңірлерде апаттық жағдайлар жаппай сипат алып отыр. Бұған дейін Арқалық жылу-энергетикалық орталығы мен Рудныйда, сондай-ақ, Боровской кентіндегі жылу орталығындағы негізгі қазандықтардың бірі істен шықты.. Күні кешелері Сарыкөл, Федоров аудандарындағы білім ошақтары жылусыз қалды. Бірақ, мұның бәрі жедел түрде қалпына келтірілді,-деді басқарма басшысы.
Ал облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменованың айтуынша, Федоров ауданындағы Ы.Алтынсарин орта мектебінің жылусыз қалуы қазандықтың көмірден газға ауысуынан туындаған. Бұл жерде мердігер компания құрылыс жұмыстарын кешіктірген. Бүгінгі таңда орын алған жағдай қалпына келтірілді. Барлық 16 оқу кабинеттің тек екеуінде ғана, яғни, математика және физика кабинеттерінде сынап бағанасы 17 градусты көрсетіп тұр. Ал қалыпты температура 18 градус болуы керек. Сонымен қатар, Сарыкөл кентіндегі Урицкий жалпы білім беретін мектебінің жылыту жүйесінен де ақау шықты. Бұл нысан 2017 жылдан бері Қостанай жылу тасымалдау компаниясының сенімгерлік басқаруына берілген. Мұнда адам факторы орын алды. Тексере келгенде от жағушы өз міндетін дұрыс атқармаған. Білім ошағындағы 20 оқу кабинетінің екеуінде температура 15 градустан жоғары көтерілмейді. Осыған байланысты 5 желтоқсаннан бастап 290 адам оқитын мектеп екі ауысымды оқуға көшті,-деді Зәуре Бәйменова.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі барлық мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтарын шығару жұмыстары 2021 жылы аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Алайда, осы уақытқа дейін жүз шақты мектеп жанындағы қазандық шығарылған. Алдағы жылы тағы қырық үш қазандықты шығару жоспарланып отыр. Он жеті мектеп жабылған. Зәуре Байменова прокуратураның нұсқамасынан кейін биыл жобалық-құндық құжаты жоқ құрылыстың жұмысы тоқтатылғанын айтады. Өңір басшысы 2023 жылы қазандықтарды шығару мәселесін толық шешу қажеттігін қадап тапсырды.
-Дер кезінде қаржының бөлінбеуі, жобалық-құндық құжаттардың кешіктірілуі осындай келеңсіз жағдайларға әкеп соқтырады. Бұған көз жұмып қарауға болмайды. Қолға алған мәселені уақытында шешу үшін ширақ қимыл қажет. Қанша жерден жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, апаттық жағдайларға жол беріп отырмыз. Аудан, қала әкімдері халыққа, әлеуметтік нысандарға жылудың уақытылы берілуін сараптап, қадағалап отыру керек. Көп жағдайда ақпарат дұрыс жеткізілмейді, соның салдарынан осындай жағдай туындайтыны белгілі, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі айтқандай, Рудныйдағы жылу жүйесінің 62%, Арқалықта 85% -і әбден тозған. Құбырларды ішінара жамап-жасқағанмен, жүйелі жұмыс жүргізілмеген. "Мәселені қолдан жасауға болмайды, Келешекте бұл менің жеке бақылауымда болады",-деді ол.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Сурет интернеттен алынды