QazVac “дельта” штамынан қорғайды
Қазақстандық QazVac вакцинасы "дельта" штаммынан тиімді қорғайды. Мұндай нәтижелерді ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жүргізген зерттеулер көрсетті. Ғалымдар бейтараптандыру реакциясына тест өткізді, нәтижесінде отандық QazVac вакцинасымен егілгендер антиденелердің жоғары деңгейін көрсетті. Вирусты бейтараптандыратын антиденелер клиникалық зерттеулерге қатысқан еріктілердің 90 пайызынан астамында анықталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ зертханалық жануарларға тәжірибелер жүргізілді. QazVac вакцинациясынан кейін хомяктарда пайда болған антиденелер коронавирустың "үнді штаммын" бейтараптандыруға қабілетті екендігі анықталды.
"Біз QazVac вакцинасы құрған антиденелердің "ухан", "британдық альфа", "үнділік дельта" сияқты коронавирустың жаңа штамдарын бейтараптандыру қабілетін анықтау мақсатында зерттеу жүргіздік. Нәтижелер вакцинациядан кейінгі антиденелердің иммунитетті қалыптастыратынын және вирустың үш түрін де бейтараптандыруға қабілетті екенін көрсетті. Сондай-ақ біз зертханалық жануарларға тәжірибелер жүргіздік: QazVac вакцинасын алған және вакцинацияланбаған зертханалық хомяктарды алдық. Біраз уақыттан кейін оларға дельта штаммын жұқтырдық. Нәтижесінде вакцинацияланбаған хомяктар коронавирустың дельта штаммын жұқтырды. Ал QazVac вакцинасымен егілген жануарлар ауырмай, "дельта" вирусының штаммынан қорғалған болып шықты", – деп атап өтті ҚР БҒМ ҒК биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.
Алынған мәліметтер QazVac-тың коронавирустың бар штамдарына қарсы тиімділігін, оның ішінде отандық вакцинаның дельта штаммынан қорғау қабілетін растады.
Айта кетейік, коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлеген. 60 жылдан астам тарихы бар БҚПҒЗИ-да биологиялық қауіпсіздік, вирусология, микробиология, иммунология саласында жұмыс тәжірибесі мол. Институт ғалымдары препараттардың 60-тан астам түрін, соның ішінде 30 вакцинаны, 16 тест-жүйені және 15-тен астам түрлі биопрепараттарды әзірлеп, енгізді. Соңғы 10 жылда институт құс және шошқа тұмауына қарсы отандық вакциналарды дайындау технологиясын жасады.
Сурет интернеттен алынды