Дала төсіндегі НАУЫРЗЫМ

Ауданда 6 қарашада "Қостанай таңының" күндері өтеді
Ауданға атын берген Қазақстан даласының ең солтүстік орманының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын, бұл жерде орманды алқап айдынды көлдермен араласа орналасқан. Науырзым әсіресе көктем айларында, жанаргүл, жыланқиық, қызғалдақтар мен сарғалдақтар гүлдеген кезде тым құлпырып кетеді. Облыс төлтаңбасында лайықты орын алған Шренка қызғалдағы гүл жарған кездегі даланың сұлулығы көздің жауын алады. Осындай байлықты болашақ ұрпақ үшін сақтап қалу мақсатында Наурызым қорығы ЮНЕСКО-ның қамқорлығына алынды.
 
Ата кәсіпті дамытқан Науырзым ауданының құрылғанына биыл   50 жыл.  "Елу жылда – ел жаңа" демекші, бүгінде ауданда біраз іс тындырылған. Науырзым ауданының аумағында Қазақстан даласы табиғи кешенінің үздік үлгісі болып табылатын мемлекеттік қорық та орналасқан. Аудан әкімі Талғатбек Дайыров жоспарда көп іс бар екенін сөз етті.
DSCN0273– Талғатбек Сапабекұлы, ауданның 50 жылдығы қарсаңында қандай жоспарларыңызбен бөлісе аласыз.
– Елу жылдық мерейтойға бүгіннен әзірленудеміз. Ол үшін, әрине, алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды түзетсек деген ой бар. Келер жылы жол жөндеуге және оны абаттандыруға 46 364,0 қаражат бөлгіміз келеді. Оның сыртында  30 млн. теңгеге аудан көлеміндегі үш мектеп пен пионерлер лагерін толығымен жөндеуге жобалық смета жібердік. Бұрын балалар демал-ған лагерь бүгінде жұмыс істемей тұр. Осыдан қалған қаражатқа мәдениет саласын жандандырсақ  деген ой бар. Бүгінде ұлттық аспаптар, керекті аппаратуралар алынды. Аудан орталығында бұзылған үйлер бар. Оларды жөндеп, жас мамандарға баспана етіп берудеміз. Егер келер жылы тағы ақша бөлінсе, екі үй жөндеу кезегінде тұр. Бұрындары салынған ескі балабақша бар еді. Соны жөнге келтірсек дейміз.
– Ауданда "Ақбұлақ" бағдарламасы аясында су тартылғаны белгілі. Бұл бастама қалай жалғасын таппақ? 
– Қазіргі уақытта аудан орталығы толығымен сумен қамтамасыз етілді. Енді алдағы екі жыл ішінде Раздольный мен Шолақсай ауылдарына су тарту жоспарымызда бар. Ауылдарда тұрғындарды ұстап тұру үшін ең бірінші мектеп керек деп ойлаймын. Осы мақсатта ауылға су тартып, білім ошақтарын жөндеу басты мақсатымыз. Өзім бала кезден Науырзым жерінде өстім. Бұл жер маған жақсы таныс. Бұл жердегі жақсы дамытатын жағдай – мал. Сондықтан мал басын асылдандырып, санын арттыруды көздеп отырмыз.
– Өзіңіз қазақша басылымдарды оқисыз ба, газет бетінен оқырман ретінде не көргіңіз келер еді?
– Орысша білім алсам да қазақ тілінде шығатын басылымдарды оқимын. Газет бетінен тек проблема емес, жақсы жаңалықтарды көргім келеді. Оқырман газет бетінен алдымен жанды жадыратар жақсылықтарды білгісі келеді деп ойлаймын. 
 
Ауданның тарихынан сыр шерткен
Picture (Device Independent Bitmap) 1Науырзым ауданының 50 жылдық мерекесіне орай "Наурзумье в 1960-е годы" деген атпен мұрағат материалдары негізінде жазылған кітап жарық көрді. Кітапты құрастырып, шығарушы – Бахытжан Нұғыманов.  Бұл оның Науырзым ауданының өмірінен жазып отырған үшінші кітабы. 2009 жылы жарық көрген екі кітап "Древний Наурзум" және  "Наурзумье в 1920-е годы" деп аталған болатын.
Бұлар көркем шығарма емес. Кітаптардың үшеуі де мұрағат материалдары бойынша жазылған. Оларда Қостанай облысындағы Науырзым ауданының тарихы, сол өңірде өмір сүріп, еңбек еткен адамдар туралы нақты дәйектер мен деректер келтіріле отырып баяндалады. Үш кітапта да осы өңірдің өткен кезеңі туралы мол мағлұматтар бар.
Ал кітап авторы Бахытжан Нұғыманов журналист те, жазушы да емес. Мамандығы – заңгер.  Еңбек жолын 1984 жылы Науырзым аудандық прокуратурасында тергеуші болып бастаған ол кейін аудан прокурорының орынбасары, Қостанай облыстық прокуратурасында басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында департамент бастығының орынбасары болып түрлі қызметтер атқарған. Бүгінде мағлұматқа толы кітап шығарып отыр.
 
Мал басын асылдандыру
P1070596Ауданда асыл тұқымды мал басын молайтуға негізделген жобалар бар. Жаңа жұмыс орындары ауылдағы әлеуметтік түйткілдер түйінін де біршама тарқатып бермек. Бүгінде ісін дамытқан екі инвестициялық жобаның алғашқысы – Қожа ауылындағы асыл тұқымды мал өсіруге арналған үлкен ферма. Қоражайы 700 басқа есептелген. Жобаның бастамашысы – "Әлімғазиев А" шаруа қожалығы. Ал, екінші ірі қара мал шаруашылығы кешені Шилі селосында орналасқан. "Аман-Тірсек" ЖШС де өздері діттеген межеден көрініп отыр.
Аудан экономикасын жандандыру үшін қуатты өнеркәсіп орындарының қатары артқаны абзал. Мұндай ұстанымды берік ұстанған науырзымдықтар екі инвестжобамен тоқтап қалмаймыз деген шешімде.
 
Жас маман келді ауылға
DSCN0274Ауданға жас мамандар келуде. Солардың бірі – жас хирург Нұрсұлтан Ақпанов. Бүгінде аудандық ауруханада еңбек жолын бастаған ол Оңтүстік Қазақстан облысынан келген. Медицина кадрларына зәру болып отырған аудандық аурухананың ұжымы жас маманға дән риза.  Ал Науырзым ауданына алғаш келген Нұрсұлтан елдің ыстық ықыласына ризашылығын біл-діруде. Енді тағы да жас мамандар келіп жатса ұжым толыға түседі. Әзірге жас хирург Әулие-көл аудандық ауруханасында ота жасап тәжірибе алуда.
– Шынымды айтсам, Науырзым жеріне келемін деген ой жоспарымда болмап еді. Бірақ ұсыныс түскен соң ойлана келе белді бекем буып, ауданға жол тарттым. Құшақ жая қарсы алған аудан халқына ризамын. Осы сенімді ақтағым келеді. Баспана беріліп, жағдай жасалуда. Алда тәжірибе жинап, нағыз дәрігер атанғым келеді. Кім білген мүмкін осы ауданға күйеу жігіт болып, бақытымды да кезіктіріп қалармын, – дейді жымиып.
Жалпы ауданда еңбек ететін жастар аудан әкімінің назарынан тыс қалған емес. Үнемі кездесулер өткізіліп, қолдау көрсетіліп тұрады екен.
 
Ісінің көзін тапқан
DSCN0265Ауданда кәсібін дамытып отырған жанның бірі – Жақсылық Дәукенов. Ол төсемтас жасап, брусчатка, тас құмыралар істеп шығарады. Осы жобасы бойынша "Даму" қорынан грант ұтып алған.
–Осындай іспен айналысуды бұрыннан көздеп жүрген едім. Ресейге барғанымда төсемтас  жасаудың жолдарын көріп, үйреніп келдім. Алғашында 10 шаршы метр көлемінде алып келіп, істеп көрдім. Қолымнан келеді екен. Қазір қарамағымда екі адам еңбек етеді. Негізі кәсіпкер үшін тиімді іс. Қажетті цементті Ресейден алдырамын. Ол жақта әлдеқайда арзан. Қолға алып, айналысуға тұрарлық бастамаларым көп. Ал әзірге тауарларымызға сұраныс көп. Бізде баға да төмен. Келер жылы аудан орталығында жол жөнделіп жатса толығымен өзіміз қамтамасыз еткіміз келеді. Бұл кәсіпкерлікті қолдаудың бір жолы емес пе, – деген ойымен бөлісті. 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓