ЕЛДІҢ КӨРКІ – МАЛЫМЕН
Мен ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40%-ке жуығы ауылда тұрады. "Ауыл – ел бесігі" деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін бүгін ауылды дамыту мәселесін қолға алуымыз керек.
Қ.ТОҚАЕВ
Қостанай өңірі бітік егін өсіргенмен, мал шаруашылығын дамытуда кемшін тұстар аз емес. Әсіресе, аудандар инвестициялық жобалар ұсынуға енжар қарайды. Мұны жедел түрде шешу қажет. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай дейді. Әйтпесе, облыста ауылшаруашылық саласын дамытуға мүмкіндік зор. Бірақ, мал шаруашылығы шатқаяқтап тұр. Бұл бағытта қолға алған жұмыс жеткіліксіз. Өңір басшысы саланы дамытуға келгенде кежегесінен кейін тартып, қол қусырып отырғандарға сын айтты.
– Ұлан-ғайыр жеріміз бола тұра, ет пен сүтті сырттан тасымалдаймыз. Былай қарасаңыз бұл абсурд. Мыңғыртып мал өсіретін жағдайымыз бар, алайда, бізде бәрі керісінше. Мұны түбірімен өзгерту керек. Бүгінде ауылшаруашылық саласында түрлі ферма, ЖШС,шаруа қожалықтары сияқты 7760 түрлі кәсіпорын жұмыс істейді. Соның 872-сі серіктестік. Осының тек 60-ғана мал шаруашылығымен айналысады. Әлгі алпыстың ішінде қарамағында 400-ден астам қара мал ұстайтын он екі ғана шаруашылық бар. Мал бордақылайтын алаң, сүт-тауарлы фермалар да осыларда.Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Әлі күнге дейін аудан, қала әкімдері бірде-бір жоба ұсынбаған. Ал ауылдарда халықтың дені жұмыссыз отыр. Оларды тек,өңірлерде жұмыс орындарын ашу арқылы еңбекке тарта аламыз. Мәселен, бір сүт-тауарлы фермасын ашсаңыз, қырық шақты адамды жұмыспен қамтуға болады. Бұған қоса, сүт өңдеуге, азық-түлік қорын молайтуға болр еді,-дейді облыс басшысы.
Сайып келгенде мұның бәрі бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл болары даусыз. Облыста күнделікті тұтынатын азық-түлік, ет,сүт өнімдерінің көлемін ұлғайту арқылы инфлияцияны ауыздықтауға болады. Басқалай жағдайда, бағаның өскені өскен.Сондықтан, облыс басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне бір апта мерзім берді. Осы уақыт ішінде жергілікті атқарушы билік өкілдері ауылдық жерлерде мал шаруашылығын дамытуға қатысты қандай да бір жоба ұсынуы тиіс.
– Біздің міндетіміз-елді ет, сүт, жұмыртқа, тауық еті, нан,макарон тәрізді қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету. Көкөністі де молырақ өсірген абзал. Алдағы үш жылда қай ауылдан, қандай шаруашылық ашамыз, осыны бүгіннен бастап кесіп-пішіп алу маңызды. Ал, біздің тарапымыздан оларды түрлі институттар арқылы қаржылай қолдап, жобаны толыққанды жүзеге асыруға көмектесуге әзірміз.
Облыс әкімі тек мал бордақылаумен айналыспай, өңірлерде қой фермасын, жылқы шаруашылығын тіпті шошқа өсіруге болатындығын айтты. Егер осындай ілкімді жобалар іске асса, онда ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге болады деді ол.