Би-ағаның ізбасары

Қара сөздің қаймағын қалқып ішкен көсемсөз шебері, танымал журналист, тұнған шежіре, өңірдегі тілші қауымның ұстазы болған Сәлім Меңдібай ағамыздың дүниеден озғанына бір жыл толды. Өткен жылғы желтоқсанның аязды күніндегі тәлімгеріміздің қазасы жүрегімізді қарып кетті. Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қостанай қаласының құрметті азаматы өмірден өтерінен жарты жыл бұрын ғана «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тағып еді…
Абыз қаламгердің артында баға жетпес мол рухани мұра қалды. Өмір бойы жинаған қисапсыз кітаптары жергілікті кітапханаларға, марапаттары, тұтынған заттары музейлерге тапсырылды. Басылымымыздың жүз жылдық мерейтойы қарсаңында редакция қабырғасындағы М.Сералин, Б.Майлин, Б.Жангисин қатарлы қазақ баспасөзі алыптарының қатарына Сәлім Меңдібайдың ескерткіш тақтасы қойылды.
 
Дала ғұламаларының көзі
 
Сәлім Меңдібай құйқалы Меңдіқара ауданының Ақсуат елінен, балығы тайдай тулаған Алакөл көлінің тумасы, Сауытбай, Сандыбай, Дәндібай сияқты би-болыстар, атақты жазушы, ұлы ұстаз Спандияр Көбеев, ақын Ғаббас Жұмабаев қатарлы тұлғалар дүниеге келген өңірден. Әкесі Тоқмырза заманында Спандияр атамызбен бірге қызметтес мұғалім болған адам. «Мұғалімнің баласы жақсы оқуға тиіс» деген қарт ұстаз Спандияр, қырық жыл шәкірт тәрбиелеген Мырзахмет Шайхин, өз әкесі Тоқмырза бар,  солардың ақыл-тәрбиесі бала Сәлімді үлкен жауапкершілікке әкелді. Оның үстіне, отбасындағы жылулық пен береке тірлік ананың мейірімімен емес пе, анасы Сара Шектібайқызы ауылдың ибалы келіні атанған жан.
Сәкең атақты Кенен Әзірбаевтің батасын алған адам. Кенен атамыздың ұлы Бақытжанмен бірге оқыды.
«1967-68 жылдары сессия аяқталып, бір топ жігіт Қордай ауданының Киров колхозына бардық. «Алыстан айналайын балам келді, қасына жолдастарын ала келді» деп өлеңін бастаған даңғайыр жырау тай сойып, той жасап, батасын береді.
 
«Аруағыңа қарыздармын»
 
Сәкең «Қостанай таңы» газетін өзінің туған үйіндей көрді. Қара шаңырақта аттай 45 жыл еңбек етіп, оның ширек ғасырын бір орында, яғни, Бейімбет Майлин атқарған орында тапжылмай атқару екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. «Би-ағаның орнында отыру мен үшін бақыт» дейтін жарықтық. Қабырғада суретіне қарап, тағзым жасауды ұмытқан емес.
Оның үлкен себебі бар әрі бұл қызықты оқиға. Кейіпкеріміз тілші болсам деген арманмен 1965 жылы Алматыға барып, оқуға емтихан тапсырмақ болып, бір бума мақаласын құшақтап пойызға мінеді. Пойызда анаған бір, мынаған бір көзі түсіп отырғанда, сонадайда бір қыз баланың кітап оқып отырып, ішек-сілесі қатып күлгенін көзі шалады.
«Қарындас, қандай кітап оқып отырсың?» деп едім, «Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматыч» романы» деді. Ол кез Би-ағаның ақталғанына көп уақыт өтпеген әрі біз секілді ауыл баласының қолына оның романы қайдан түссін? Не керек, әлгі қыздан кітапты сұрап алып, бір демде оқып шықтым. Енді қызықты қараңыз, Алматыға келіп, сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына емтихан тапсыруға кіріп, билетті суырып алсам, бірінші сұрағы содан бір-екі күн ғана бұрын тауысып оқыған «Азамат Азаматыч» романы жайында! Сынақты  қабылдап отырған Қабижан Құсайынов, Бақытжан Кәрімов қатарлы үлкен ұстаздар: «Ал бала, сайра, шығарманы оқыдың ба?» деді, мен «иә» дедім. «Онда бірінші сұрақ – романдағы басты кейіпкердің аты-жөні кім?». «Қожалақ Күркілдеков» дегенім сол еді, ана кісілер аң-таң болды. Менің тым сенімді отырғанымды байқады ма, билеттің екінші сұрағын да қоймастан, емтиханнан өткізіп жіберді. Сөйтсе, менің алдымда талай үміткерден аталған роман туралы сұраған екен, ешқайсысы жауап бере алмапты. Міне, сол себепті мен өзімді өмір бойы Биағаңның аруағына қарыздармын», – деп отыратын жарықтық.
 
Шежіре-ғұмыр
 
Сәлім ағамызды өңіріміз бірнеше ғасыр бұрынғы тарих қойнауын ақтарып, аты-жөні жұрт жадынан кете бастаған тұлғаларымыздан бастап, өткен ғасырдың басы мен ортасында өмір сүрген қайраткерлер бар, бүгінге дейін тірі жүрген соғыс және еңбек ардагерлері, қазіргі заманның ел азаматтары жайында мәлімет қалдырып, деректерді топтастырған тұтас энциклопедия деп құрметтейді. Үлкендердің кез келгені Сәлім Меңдібайды танитыны секілді, Сәкең де сол азаматтардың әрқайсысын бес саусағындай біліп отыратын.
Аймағымыздағы жүздеген тұлғаның өмірі мен қызметі, жүрген жолы Сәлім Меңдібайдың қолымен жазылды. «Жүрек лүпілі», «Еменнің айыр бұтағы», «Мөп-мөлдір дүние», «Ілияс Омаров», «Еркімбайдың сұлтаны», «Терең тамыр», «Біздің елдің жігіттері», «Армысың, алтын таң!», «Өшпес даңқ» атаулармен шыққан көркем-публицистикалық, танымдық кітаптары жеке-жеке ғылым мен ғибратқа толы, тек Қостанай облысының ғана емес, бар қазақтың рухани азығына айналды.
Қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне Тобыл-Торғай елінен жерленген даңқты тоғыз бабамыз жайында топтастырылған «Тұмарымыз – Түркістан» атауымен кітап болып басылды. 
 
«Журналист болып туған адам журналист болып өледі»
 
Бала жастан газетке мақалалар жаза бастаған Сәлім Тоқмырзаұлы осы салаға өзінің тұтас ғұмырын арнады. Редакциямыздың күретамыры еді, жарықтық. Өз ісіне берік, жұмысына жауапты, адал болды. Ешкімге зекіп сөз айтпады, өзінен анағұрлым жас әріптестерінің алдында кішірейіп қана отыратын. Таңертең ерте бәрінен бұрын жұмыста отырады. Бойы тік, тап-тұйнақтай қалпы зейнеткерлікке шықты.
Жасы жетпіске толған 5 шілде күні редакция болып жиналып, Сәкеңді құрметті демалысқа шығарып салдық. Ағамыз сол қоштасу дастарханының өзіне график жасап қойыпты: алдымен ұжым, одан кейін әкімдік қызметкерлері, артынша ел ағалары, туыстары, қаламдас достары, іні-бауырлары құттықтап жатты.
1922 жылы «Ауыл» атауымен жарық көрген күннен бастап осы басылымда еңбек еткен 14 адам қудаланған екен. Алғашқы редакторы, қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхамеджан Сералин 1929 жылы «жекеменшікті көксегені» үшін отбасымен қудалауға ұшырап, Қызылордаға жер аударылды. Ал Би-ағаның қилы тағдыры тарихымызда қаттаулы – отызыншы жылдардағы зобалаңның құрбаны. Одан кейін қызметте болған М.Жақсылықов, З.Рүстемов, Т.Сарходжаевтар да жазасыз қалмапты. Тіпті, Сәкеңмен қызметтес болған С.Асқаров та біреудің жаласымен қудаланып, сотталып кеткен. Ал Б.Майлин, С.Сейфуллиндермен қатар жүрген, соғысқа қатысқан С.Қазыбеков «Қостанай таңы» редакциясында жұмыс істеді. Ол кісі де газетке кезекші болған күні «Ұлы Сталин» деп басталатын тақырыптағы «ұлы» сөзінің «улы» болып кеткен қателігі үшін он жылға сотталып келгенін біреу білсе, біреу білмейді. 
«Журналист болып туған адам журналист болып өледі» деп үнемі айтып отырамын. Осы сөзіме мына бір оқиғадан кейін көз жеткіздім. Бізде редактордың орынбасары болған Сырлыбай Бүркітбаев ағамыз зейнетке шықса да, қолынан қаламын тастаған жоқ. Ағамыз қайтыс болғанда, төс қалтасынан газетке жазып дайындап қойған мақаласының қолжазбасы шыққан», – деуші еді жарықтық. Құдай аузына салды ма екен, қаламына кие қонған абыздың өзі де кітап оқып отырып ұйықтап кетті…
 
Өмірзақ Ихтиляпов, сыйлас інісі:
Сәлім Тоқмырзаұлымен таныстығымыз Науырзым ауданының «Первая Семилетка» (қазіргі Шилі) ауылында директор қызметіне барған уақыттан басталады. Тоқсаныншы жылдардың қиын кезі ол. Ауылға редакциядан тілшілер келіп тұрады. Сол кезде Сәлім аға мен туралы алғаш «Бекділдәнің Өмірзағы» деген мақала жариялады. Кейін өзім қалаға жолым түсіп, «Қостанай таңы» газетіне ағамызға сәлем бере бардым. Ол уақытта басылымның жағдайы мәз емес, сонда да Сәкең қара шаңырақтың ауыртпалығын көтере білген жанашыр, жан-тәнімен берілген қайраткер. Ғасыр жасаған басылымның осыншама дәрежеге көтерілуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Өз ісіне жауапты, өмірінің соңына дейін адалдығын танытқан тұлға. Қаншама бас редактор ауысса да, орынбасарлық орынтағында, өзінің қалаған сүйікті орнында тапжылмастан қызмет қылды. Ол кісі қазақтілді азаматтар ғана емес, орыстілді зиялы қауым, тілшілер алдында кәсіби маман ретінде өте беделді еді.  
Біздің таныстығымыз аға-інілік достыққа ұласты. Талай дастарқандас болдық. Шолақсай еліне де талай келді. Өте мәдениетті, парасатты, сұңғыла адам еді жарықтық. Телефон арқылы да ақылдасып-кеңесіп отыратынбыз. Біздің де жұмысымызда бірқатар түйткілдер болды, соны мәселе қылып газет бетіне жазып, қолдауын білдірді. Бертінде «Біздің елдің жігіттері» жинағына менің де өмір жолым, қызметім жайында бір тарау енгізіп жазды.
Ағамыздың 60, 70 жас мерейтойларында жанынан табылып, шамамызша көмегімізді жасадық. Бірақ бұл бергеніміз Сәлім Меңдібайдың рухани мұрасы – қалдырған шығармалары, соның ішінде өзімнің де нағашым жайында жазған «Еркімбайдың Сұлтаны» кітабы, ел азаматтары, тұлғалары туралы жазған еңбектеріне тати қоймайды.
Өкінішке қарай, ағамыздың алдағы мерейтойларын көре алмадық. Өзі өмірден өтсе де, соңындағы ел-жұрты, ағайын-бауыр, ізбасар шәкірттері құрметін көрсетіп жатыр әрі бұл игі істер жалғаса берері анық. Сәкең өзінің адал қалпымен, ақжарқын болмысымен, адамгершілік қасиетімен жадымыздан кетпейді.
 
Аманкелді Нұрғалиев, еңбек ардагері:
Сәлім Меңдібай өзінің саналы өмірін еліне, халқына қызмет етуге, отандық журналистиканың дамуына арнады. Қазақ Ұлттық Университетін бітіргеннен кейін, қарашаңырақ басылымда 45 жыл қызмет атқарды, «Қостанай таңы» – менің тағдырым» дейтін. Өзі ұстаз тұтқан Бейімбет Майлин секілді басшылық қызметтен бас тартып, 25 жыл осы газет редакторының орынбасары қызметін абыройлы атқарып, жасы жетпіске толғанда зейнеткерлікке шықты.  
Оның кабинетінің есігі келген адамға әрқашан ашық болатын, ешкім кезек күтіп тұрмайтын, ішінде қазақ тілінің жанашырлары отыратын, бірақ олар жұмысына кедергі келтірмейтін, қарамағындағы қызметкерлері кіріп, шаруаларын шеше беретін. Ол ойы озық сұңғыла, білімді, жоғары деңгейдегі маман болды. Қазақтілді жас журналистердің бірнеше ұрпағын тәрбиеледі. Оның еңбекқорлығын, ісқерлігін, біліктілігін, адамгершілік қасиетін, адамдармен сыйласу мәдениетін әріптестері әрдайым үлгі тұтады. Көптеген  дара тұлғалармен, Социалистік еңбек ерлерімен, соғыс және еңбек ардагерлерімен,  жұмысшылармен кездесіп, олар туралы мақалалар жазды. Қаламы жүйрік жазушы, публицист артына өшпес із, рухани мұра қалдырды.  Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып , «Әскери ерлігі үшін»,  «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағы, «Алтын жұлдыз», Қостанай облысы әкімі, Қостанай меценаттар клубы «Қазына» сыйлықтарының» лауреаты атанды.
Біздің әулет туралы да жазған еді. «Туған жердің бір тұлғасы» әкем Нұрғалиев Бақан туралы, «Майдангердің ұлы» Аманкелді Нұрғалиев және оның отбасы мен өнегелі ісі туралы әңгіме, «Қысылған жанның қасынан табылған» дәрігер Күләш Нұрғалиева туралы әңгіме, «Тоғысқан тағдырлар» немесе бір әулетке соғыстың салған жазылмас жарасы (Ұлы Отан соғысының ардагерлері Зейнолла Өтегенов, Бақан Нұрғалиев, Сақтаған Бексұлтанов туралы мақалалар.
Біз Меңдіқара ауданының тумасымыз, ата-анамыз жақсы араласып, сыйласқан. Сәлім текті тұқымның ұрпағы, біздің мақтанышымыз еді, үлкенге әрқашан кішілігін, кішіге кісілігін көрсете білетін, бауырмал, ақкөңіл, сабырлы, сыпайы, кісіге жуық жан болатын. Наурыз мейрамына жиналғанда, ағаларына арнап өлең де шығаратын. Маған «аға, екеуіміздің өміріміздің ұқсас кезеңдері бар, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте оқыдық, сонда алғашқы махаббат сезіміне бөлендік, мектепті бітіргеннен кейін,  Рудныйда жұмыс істеп, кейін Алматыда оқып жүргенде үйленіп, жоғары білім алдық» дейтін.
 
Қайсар Әлім, қаламдас досы:
Туа бітісімен, сәл есейген кезінен өмірдің бар мәнін ұғынып алғандай томпиып қана, қоңыр тірліктің күллі бойына  бір дағды, асыл мінез, кісілік пішінімен жортақтап жүріп, сол қазақы қалпынан бір сүйем ажырамай-ақ мына дүниені тәрік етіп тастап, жөнеле беретін маңғаз да дара  бітімді тұлғалар болатыны әлмисақтан білгілі. Солардың санаулы санатында біздің Сәлім де бар еді. Кәдімгі тасқа басылған, жалпақ жұртқа аян есім-сойы – Сәлім Меңдібай!
Бұл Сәлімді жыға танымайтындар да баспасөз арқылы аса қадірлеп, құрмет тұтып, жандарына жақын тартып жүретін. Себебі оның жазған сөзі өтімді болатын, әркімнің жүрегіне жетіп жататын. Оқырманның ойын дөп басып, арман-мақсатын дөңгеленте салатын. Бәтір-ау, жұрттың айтамын дегенін айтып қоятындығымен Сәлім жорналшы өзгелерден қара үзіп, барша жазармандардың  намысын үрлегендей боп, тұлпарланып кететін. Міне, оның ерекше қолтаңбасының бір сиқыры осылайша жарқырай жанып, алаулай түсетінін әркім ұғына білетін. Әріптестері болса оған теңелуге емес, шаңын қапқан шабондаздай әзер-безер ілесе жүйткуді місе тұтатын, дарабозмен сөреден шыққанның өзін қанағат ететін. Әупірімдеп мәреге жетсе, сол бақыт, ол үшін! Құдай-ау, Сәліммен бірге салып ұрып құйғытып, шабытын жанталаса жанығанының өзі неге тұрады! Осының өзін жеңіске балайтын. Міне, әріптес тұстастары, шәкірттері Сәлім қаламының жойқын мүмкіндігін осылайша бедерлеп, тамсана таңбалап тастаушы еді. Әлі де солай…
Бұл іңкәрлік нені аңғартады? Мұны сыры мол, сарабы ұшан-теңіз астарлы мазмұнның ішкі қалтарысындағы жазу жақұттарының жасампаздығынан өрілген, шынайы тәнтілік көңілден  көрінген ақиық азаматтың бар болмысының шақпақ тастай шарболаттана түсуіне балар едік. Қазақ журналистикасының күллі жанрында талғампаздықпен, шеберлікпен қалам тербеген Сәлімдей жампоздың көсемсөз, деректі шығармаларынан тұратын кітаптарының берекесі де осындай ысылған алғырлықтың нәтижесі болса керек. Танымдық жинақтарынан тарихи тағылым үдерісін молынан аңғарамыз. Ол кез келген тақырыпты көркемдікпен ойнатып, ойландырарлық деңгейге көтере білетін. Сабырлы да салиқалы сөз саптасынан өзінің жібек мінезіндей бірегей үйлесім анық байқалып, әрбір шығармасы байыптылықпен бағаланатын.  Сол себепті де аз жаса да саз жазатын Сәлімге қаламгерлердің бәрі үйірсек келетін. Бір өзі шеберлік мектебіндей боп қаншама шәкірт баулыды. Соңында қалған кітаптарының өзі бұл миссияны үздіксіз жалғастыра беретінін ойлағанда досымыздың таңғажайып қалам ерлігіне, рух мықтылығына тәнтілікпен бас июден жалықпаймыз, сірә.
Қалам ақиығы! Қандай мағыналы өмір сүргенін араға жыл салған сағыныш  тербелісінен сезіне отырып, Сәлімсз өткен күндердің шылауынан шамырқана шырмалып шыға алмасақ та, оның болғанын, қасымызда  шығармашылық мұрасымен бола беретініне сенгендей серпіліп бір қаламыз! Рухың шат болсын ақиық азамат, қайран дос!
 
Қыдырбек ҚИЫСХАН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓