Ахаңды ардақтаған Алдамжар

Биыл өңіріміздің білім-ғылым, өнер-мәдениет, спорт саласында айрықша қолтаңбасы бар академик Зұлқарнай Алдамжарұлының 85 жылдығы. Тарих ғылымының докторы, профессор, Қостанай қаласының және Техас штатының (АҚШ) құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ордені иегерінің кейінгі буынға әлі де берері көп еді. Қоғам қайраткері өмірден ерте кетсе де, ұрпаққа қалдырған мұрасы мол.
Атырау облысының тумасы, кешегі Исатай-Махамбет бастаған ұлылардың ұрпағы Зұлқарнай Алдамжардың есімі ең әуелі Қостанай жұртшылығына 1989 жылы мемлекеттік педагогикалық институтқа ректор болып келгенінен белгілі. Аз уақытта оқу ордасына университет дәрежесін алып беруі мен білім қарашаңырағына облыстық партия комитетінің ғимаратын сұрап алғаны аңызға бергісіз оқиға. Сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Князевтің президент Н.Назарбаевқа «Алдамжаров берекесіз басбұзар топ құрды» деген жаласына қарамай, өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп шыққан қайраткер.
«Мен жұмысқа кіріскен жылы он бір ай ректорсыз өмір кешкен Қостанай педагогикалық институты ұжымында өсек-аяң, талас-тартыс етек алып кеткен. 363 оқытушысы құрамында лаборант, басқа да қосалқы жұмысшыларды есептегенде, 31 қазақ ұлтының өкілі бар екен. Бірде-бір қазақ факультеті не мамандығы болған емес. Жергілікті қазақ жастарының өз облысы орталығында таңдаған мамандықтары бойынша жоғары білім алу мүмкіншіліктері жоқ, ал сұраныс пен қажеттілік жеткілікті болатын. Осы айтылған жағдайлар Қостанайда іргелі білім, ғылым, мәдениет орталығын ашуды талап етті», – деп отырушы еді Зұлқарнай Алдамжарұлы өткенді еске алып.
1992 жылы 6 тамызда Министрлер Кабинетінің қаулысымен институтқа университет дәрежесі берілді. Осы орайда айта кетер жайт – оқу орнын ашумен қатар, оған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру жайында. Үкімет университет ашуды мақұлдағанмен, қаулыда Ахаң есімін беру ұсынысы қарастырылмай қалған. 1993 жылы жолдаған хат та жоғары жақтан қолдау таппады. Зұлқарнай Алдамжар бастаған ұжым мен ел ақсақалдарының араласуымен және сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары И.Тасмағамбетовтің қолдауымен білім қарашаңырағы Алаш қайраткерінің атын алды. М.Қозыбаев, Ә.Кекілбаев, Ө.Сұлтанғазин, басқа да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері тарапынан зор демеу тапты. Сонда да университет «Байтұрсынұлы» емес «Байтұрсынов» деп бекітіліп келіпті (Байтұрсынұлы болып араға ширек ғасырдан астам уақыт салып биыл ғана аталып жатыр).
Жаңа ғасыр басында 15 факультеттегі 43 мамандықтың 26-сы ана тілімізде оқытылып жатты. 65 ғылым докторы мен профессор, 220-дан астам ғылым кандидаты мен доцент еңбек етті сол тұста. Аймақтың әр жылдардағы әкімдері К.Укин, Б.Тұрсымбаев, Т.Қадамбаев, зиялы қауым өкілдері материалдық-техникалық базаның күшеюіне барын салды. Ал Ө.Шөкеев университет алдына Ахаң ескерткішін орнату туралы бастамаға зор көмегін тигізді.
Өз басым Зұлқарнай Алдамжарұлының тікелей қамқорлығы мен тәлімін көрген шәкіртімін. 2001 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университеттен өзі негізін қалаған Қостанай әлеуметтік академиясына президент болып түпкілікті ауысып келді. Дарынды студенттерді жинап, өнер, спорт, танымдық салалар бойынша студия, үйірмелер ашып берді. Үлкенді-кішілі қандай да шара болса, біз соның басы-қасында жүрдік. Шаруасы шаш етектен болса да, Зұқаң біздерді кабинетіне шақырып алып, ән-жыр, күй тыңдайды, өзі соған масаттанып, жасарып отырады. Бәрімізді ұйытып қойып, білім, ғылым, өнермен қатар, саяси-қоғамдық мәселелерді жілігін шағып тұрып айтып беретін. Сондағы әңгімелерінің бәрі қазір де, келешекте де өміршең дүниелер.
Ұстазымыз дүние салатын 2005 жылдың басында мені өзінің туған елі  Атырауға ертіп апарды. Жол бойы пойызда әңгімелесіп барамыз. Сондағы сұрағаным, «Ағай, мемлекеттік университетке Ахмет Байтұрсынұлының есімін алып беріп, ескерткішін орнаттыңыз, мұражай аштыңыз, көше берілді, экспедиция ұйымдастыруға бас болдыңыз, мерейтойын атап өттіңіз, ерекше қадір тұтасыз, есімін жоғары қоясыз. Әрине, оған таласымыз жоқ. Бірақ неге дәл Ахаңа тоқталдыңыз?», – деп сұраймын ғой. Сонда Зұқаң:
«Ахаң – Алаштың күрескер тұлғасы. Менің аталарым Исатай мен Махамбет те ұлт үшін жанын пида қылған батырлар. Сәйкестік бар ма?», – деп бір күліп алды да, вагон терезесінен алысқа ұзақ қарап отырып, мына бір әңгімені бастап кетті.
«Менің атам Есет өз заманының оқымыстысы, сауатты адам болған екен. Отызыншы жылдардың қуғынына ұшырап, ұсталып бара жатқанда, әкеме сыртқы мұқабасы жоқ кітап беріп кетіпті. «Мына кітаптағы өлеңдерді оқып, жаттап алыңдар, кейінгі балаларың да жадына тоқып жүрсін» депті. Мен де есейгенше мұқабасыз, авторы белгісіз кітаптағы шығармаларды жаттап өстім. Тұнып тұрған ғибрат, асыл сөз, сарқылмас мұра! Енді қызық, мен Қостанайға қызмет ауыстырып келетін жылы Ахмет Байтұрсынұлы ақталып, шығармалары жариялана бастады. Оқи бастағаннан-ақ, бала күнгі жаттаған авторы белгісіз өлеңдердің барлығы Ахаңдікі екеніне көз жеткіздім. Ішімнен Алаш қайраткерінің жыр мұрасымен туып-өскен жері Қостанайға келгенімді үлкен жақсылыққа баладым. Ұлт ұстазына деген құрметімнің шексіз болатын сыры осында», – деп сөзін аяқтады жарықтық.
«Әкем Тәуелсіздік пен Ахмет Байтұрсынұлын қатар қойған азамат. «Өмір шындығынан алшақ, қандай да бір саяси күштің жеке-дара өз мақсаты үшін, халықтың қалауынсыз, ұлт мақсатына сыңаржақ жарияланған тәуелсіздік – алдамшы әсіре. Нақтылы тәуелсіздік – біртұтас болмыстық құндылық» деп тәуелсіздігімізге баға берген ұстазымыз ұрпақтардың өткен жолы жалғасында Ахаңдар қолдарына шырақ ұстап, қараңғыда адастырмайтын құбылнамамен шыққанын орайлы келтіретін. «Өзінің елшілдік мұратына Ахаңдай берілген, Ахаңдай халқына жан-тәнімен қызмет еткен адам дүниеде аз-ақ шығар. Ол бізге – қазақ халқына Мұхаммед пайғамбардай тәңірінің жіберген елшісі шығар десем, қателеспес едім» деген теңеуі бір адамның ғана емес, тұтас ұлттың ішіндегі айтпағы. Мен әкемнің сөзі арқылы Тәуелсіздік, оның бастауында тұрған Алаш зиялыларының мұратын терең түсіндім», – дейді Зұлқарнай ағаның қызы Бибігүл Алдамжар.
Ахмет Байтұрсынұлының ардақты есімін ұлықтау, өмірі мен шығармашылығын терең зерттеу Қостанай мемлекеттік университеті ректорының бастамасымен 1996 жылы қолға алынған науқан. Сол жылдан Ахаң жүрген жерлерге ғылыми-танымдық сапарлар ұйымдастырыла бастады. Туған ауылы Ақкөлден бастау алған экспедицияға белгілі жазушы-журналист, ахметтанушы Байтұрсын Ілияс жетекшілік етті. Ел ішіндегі көнекөздердің айтқан әңгімелері, естеліктер таспаға жазылды. Байтұрсын Ілияс жиналған материалдар негізінде «Алтын бесік» зерттеу кітабын жариялады. Қазіргі Ахаңды зерттеуші ғалымдар дәл осы «Алтын бесікке» соқпай өтпейді.
Ұлт ұстазының мерейтойы әлем атап өтіп жатқан ұлы науқан. Жер-жерде ауқымды шаралар, соның ішінде экспедициялар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылып жатыр. Алда әлі де Ахаң жайында баяндайтын ғалымдарымыз бен жас ұрпақ оның есімінің жаңғыруына зор сілкініс әкелген тұлға – Зұлқарнай Алдамжар екенін қаперінен шығармаса дейміз. Күні кеше Алматыда бой көтерген Байтұрсынұлы ескерткіші Тобыл өңірінде осыдан жиырма екі жылдан бері бар. Әйтпесе, Алаш арысының еңселі мүсіні қазақтың қай қаласының төрінен орын алса да нұр үстіне нұр.
Ахаң есімін бойтұмарындай қастерлеп өткен ұстазымыздың құрметіне туған күні 5 желтоқсанда Академик З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті жылдағы үрдіспен халықаралық «Алдамжар оқулары» ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырмақшы. Бұл жолғы тақырып академик Алдамжардың Ахмет Байтұрсынұлы есімінің жаңғыруына сіңірген еңбегі жайында болады. Оған Қазақстанмен қатар, шетел ғалымдары, өңіріміздің атқамінер азаматтары, жас ғалымдар қатысу жоспарланып отыр. Соңынан қос тұлғаға арналып ас беріліп, құран бағышталады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓