Жақсы жол елге жора
Биыл облыста бірнеше автокөлік жолы күрделі жөндеуден өтті. Ұзақ жылдан бері тозығы жетіп, көлік қозғалысына қолайсыздық тудырған "Қарабұтақ-Қостанай" тас жолының Тобыл станциясынан Набережное кентіне дейінгі аралықтағы, ұзындығы 24 шақырымдық жол пайдалануға берілді. Сондай-ақ, осы тас жолдың Әйет өзенінен Рудныйға дейінгі, 21 шақырымына жаңа асфальт төселді. Құрылыс жұмыстары келесі жылы ел игілігіне айналмақ. "Екатеринбург – Алматы" автокөлік учаскесінің Сарыкөл ауданы, Севастополь ауылының тұсындағы 14 шақырымдық жол да биыл желтоқсан айында толық іске қосылатын болды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен көлік жолдарына қатысты бағдарламанны жүзеге асыру және көлік инфрақұрылымындағы құрылыс-монтаж жұмыстарын талқылауға арналған кеңейтілген отырыста мәлім болды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиевтің айтуынша, осы жылы жол құрылысына 22,3 млрд теңге бөлінген.Аталған қаржыға жергілікті маңызы бр 256 шақырым жол жөнделді. Мемлекеттік "Нұрлы жол" "Ауыл–ел бесігі" бағдарламаларының арқасында Алтынсарин, Аманкелді, Әулиекөл, Денисов, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара, Науырзым, Сарыкөл, Ұзынкөл, Федоров аудандарындағы бірқатар елді мекеннің жолы дұрысталды.
– Осындай 36 жобаның ішінде 14 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, 22-сі ауыспалы. Яғни, келесі жылы уақытылы аяқтау үшін қосымша 4,5 млрд теңге қажет. Мәселен, "Нұрлы жол" бағдарламасының шеңберінде ауқымды жобаның бірі – Ресей Федерациясына шығатын Әйет – Варваринское автожолының учаскесін қайта жаңарту іске асырылылып жатыр. Жобаның жалпы құны үш млрд теңге. Бұл жоба пайдалануға берілгенде облыстың көліктік-логистикалық әлеуетін артып, автожол сапасы жағынан III техникалық санатқа теңелмек. Жалпы, облыстағы автожол саласын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады, –деді басқарма басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ