Тұрғындардың алғысы шексіз

Үкімет соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламаларды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның бірі – ауыз су мәселесі кезек күттірмейтін шаруа. Өйткені, адам баласының сусыз күні жоқ. Атақты шығыс ғалымы  Ибн Синаның «Ауру көбінесе ішкен астан пайда болады, әсіресе, ауыз судың зардабы көп» деп айтқаны бар, яғни, халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы зор.
Кейінгі кезде облыстағы шалғай елдімекендердің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі мықтап қолға алынды. Барлық жұмыс кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Ірі-ірі ауылдарды айтпағанның өзінде, шағын елді мекендерге су құбырын тарту немесе халықты су таратқыш пунктпен қамтамасыз ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Мәселен, Федоров ауданында халықтың 80%-ке жуығы  таза су ішіп отыр. Бұл соңғы екі-үш жылдың айналасындағы көрсеткіш. Ілкімді іс мұнымен тоқтамайды. Биыл аудан билігі 6877 адам тұратын  10 ауылға су өткізіп берді. Соның бірі – Успенов ауылы. Мұнда бүгінде 170 үй түтін түтетеді. Бұрын ауыл тұрғындары  күнделікті тұтынатын суды тасып ішетін. – Мен Успенов ауылында 1999 жылдан бері тұрамын. Бұған дейін ауылда су мәселесі қиын еді. Әуелгіде кесте бойынша кешкі бес пен жетінің аралығында су беріліп жүрді. Жұрттың бәрі сол уақытты аңдып, ыдыстарын дайындап отыратын. Оның өзі кезек-тұғын. Кейде үлгіре алмайсың. Қанша дегенмен  кеңес үкіметі тұсында тартылған су құбыры ғой, қысымы өте төмен еді, ұзамай құбырдан ақау табылып, мүлде істен шықты,–дейді Успенов орта мектебінің директоры Наташа Жұпарқызы.
 Наташаның айтуынша,  жанашыр азаматтар жерлестерін бәрібір сусыз қалдырмаған. Жергілікті шаруа қожалығының басшысы Анатолий Сергеев тіршілік нәрінен тарыққан  ауыл тұрғындарына  көмек қолын созыпты. Ол зейнеткерлерге суды тегін әкеп беріп жүрді. Ал, жұмысбастылары бір литріне 1 теңге төледі. Соңғы екі жылдың бедерінде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен ауылға құбыр тартылды.  Су үйді-үйге кіріп тұр. Біз барған үйлердің бәрі су жылытатын қондырғы, автоматты кір машина, ванна орнатып алған. Бір сөзбен айтқанда, ауыз судың азабынан құтылып, рахатын көріп отыр.
– Ауыл адамына лайықты жағдай жасалса, жұрттың қалаға деген ынтығы басылар еді. Бұрынғыдай емес, қазіргі жағдайымыз өте жақсы. Үйімізде ыстық-суық суымыз бар, "Ауыл-ел бесігі!" бағдарламасының арқасында жолымызды да асфальттап жатыр. Сондықтан, аудан басшыларына айтар алғысымыз шексіз,– дейді Наташа Жұпарқызы.
Успенов ауылының тұрғындары мал өсіреді. Бау-бақша егеді. Мұның бәріне су ауадай қажет. Енді бұдан былай  тіршілік нәрі қолжетімді. Жергілікті тұрғындар ұзақ жылғы су азабынан арылғанына қуанышты.
– Судың азабын бір кісідей тарттық. Ауылда құдық болған жоқ. Биылдан бастап ауылға құбыр тартылып, қуанышқа кенелдік. Бұрынғыдай ыдысымызды арқалап, кезек күтпейтін болдық. Үйді-үйге су кіргізілген. Сапасы өте жақсы. Бұдан артық не керек. Ауылда тұрып-ақ қаладағыдай өмір сүруге болады. Аллаға шүкір! Облыс, аудан басшыларына рахметімізді айтамыз,– дейді ауыл тұрғыны Тілепберген Зия.
Су күндіз-түні ағып тұр. Ешқандай кідіріс жоқ. Ауыл шетіндегі су сорғысы стансциясының опеаторы Михайл Серкачевтің айтуынша, пунктке электр қуатын үнемдейтін қондырғы орнатылған. Сондықтан, ауыл тұрғындары бір жыл бойы суды тегін тұтынбақ. Келесі жылдан бастап ортақ тариф белгіленеді.
Воронеж селолық округіне Придорожное, Успенов, Лысанов тәрізді үш ауыл қарайды. Бұл төңіректе 1500-ден астам адам тұрады. Успенов ауылының өзінде 690 адам бар. Сондықтан, әуелі тұрғын саны басым алғашқы екі ауылға үстіміздегі жылы құбыр тартылды. Ендігі кезекте Лысанов ауылы тұр.
–Біздің селолық округке қарасты екі ауылға су тартылғалы, елдің қуанышында шек жоқ. Тіпті, құбырдың құрылысы басталғанда, көбісі үй-жайларына су кіргізіп алудың қамына кірісті. Қазір ешқандай мұқтаждық жоқ. Ендігі кезекте селолық округке қарасты үшінші ауыл – Лысанов тұр. Оған келесі жыл су құбырын тарту үшін бюджеттік тапсырыс берілді,– дейді Воронеж селолық округінің әкімі Луиза Дубко.
Жалпы, Федоров ауданында қысқа мерзім ішінде көптеген ауыл ауыз судың азабынан құтылды. Аудан басшылары жұмыс одан әрі жалғасады деп отыр. Келесі жылға Новошумное ауылына құбыр тартылмақ.  Сондай-ақ, Александрополь, Кравцово, Чистый Чандак, Лесное – Березов ауылдарына құбыр тарту үшін жобалық-құндық құжаттары әзірленіп жатыр.
–Бүгінде "Нұрлы жер" бағдарламасының шеңберінде  Первомайское, Ленино – Заозерное, Копыченка, сондай-ақ, Федоров-Пешков арасын байланыстырушы су құбыры сияқты төрт  ауылда тарату желілері бар су құбырларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыстың жалпы құны 2,6 млрд. теңге.  Ауылдарға ауыз су тартуға қатысты бұдан басқа да жобаларымыз бар. Оның бәрін бір жылда салып шығу мүмкін емес әрі ол қыруар қаржыны қажет етеді. Қайткенде, алдағы екі-үш жылдықта ауданымыздың халқын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етеміз,–дейді Федоров аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің жетекшісі Жасұлан Бексұлтанов.
Үстіміздегі жылы облыста "Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері"  Ұлттық жобасы мен "Ауыл – ел бесігі!" бағдарламасы  аясында халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты  48 жоба қолға алынды. Оған қазынадан 20,5 млрд.теңге бөлінді. Соның арқасында  жергілікті  жерлерде он төрт  ауылға  орталықтандырылған су жүйесі тартылды, бес  ауылды   сумен қамту жақсарды. Мұның сыртында жетпіс алты  ауылда суды тазарту және тарату пункттерін орнату жүзеге асты. Нәтижесінде астықты өңірде шалғай ауылдарды ауыз сумен қамту ісі  87,2% – ке  дейін ұлғайған.
Әлібек Ыбырай
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓